Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Түркістанды түлеткен тарихи шешім

1070 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан мен Шымкентке қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария түрде қол қойған Жарлықтан соң оңтүстік жұртының көңіл күйі ерекше көтеріңкі.

Түркістанды түлеткен тарихи шешім

Бірі сүйінші сұрап, енді бірі өзге өңірлерден құттықтаулар қабылдап жатса, ертеңгі күнін оң өзгерістермен байланыстыра жоспарлап үлгергендер де аз емес. Жалпы, өңір тұрғындары Мемлекет басшысының тарихи шешімін қызу қолдап, кезінде Қазақ хандығы мен түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған, ақындар жырға қосқан Түркістанның қайта түлейтінін айтуда.

Иә, Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркітілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен дәстүрін, тарихын ұмыттырмайтын жәдігерлер көптеп сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани үндестігінің орталығы іспетті. Өткен жылы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін абыройлы атқарған Түркістан осы бағытта дамуын жалғастыруы тиіс. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығы ретінде дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ облыс орталығы ретінде заман талабына сай дамып, түрленуі тиіс. Бұл орайда облыс орталығына инвес­тициялар тартылып, құрылыс қарқын алатыны мәлім.

Қазіргі таңда Түркістанның ертеңгі тыныс-тіршілігіне, болашағына байланысты нақты жобалар жасалып ұсынылуда. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіптің айтуынша, Түркістанның облыс орталығы ретінде даму әлеуеті мол. Аудан орталығы ретінде 2025 жылға дейін жасалған бас жоспар үлкен өзгеріске ұшырайтыны анық. Ол құжат 170 мың тұрғынға есептеліп жасалған. Қазірдің өзінде Түркістан тұрғындарының саны 161 мыңға жуықтаған. Демек, облыс орталығының бас жоспары 450-500 мың адамға есептеліп жасалады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістанды облыстың ғана емес, түркі әлемінің орталығы ретінде де дамыту көзделіп отыр.

– Қаланың қазіргі бас жоспары 18 мың гектарға жасалған, оның 10 мың гектары игерілген. Біз алдын ала жобаларды жасап, тиісті орындарға ұсындық. Ол жобаларда бірінші болып көшетініне байланысты әкімшілік-іскерлік орталық, соған қатысты салынатын нысандар қамтылған. Яғни, әкімдік, облыстық, аумақтық басқармалар, құқық қорғау органдары сынды мекемелер енгізілген. Шамамен 38 нысан бой көтереді. Бірінші кезеңде 670 гектарға әкімшілік-іскерлік орталықпен қатар, 50 мың адамды қамтитын тұрғын үй кешендерінің құрылысы қаралған. Сондай-ақ, 2000 гектарға 120-150 мың халықты орналастыру көзделген жоба жасалды. Әрине, ол жерде тек тұрғын үйлер ғана емес, мәдениет ошақтарын, спорт кешендерін, әлеуметтік нысандарды салу жоспарланады.

Ал аумағы 35 мың гектар болған жағдайда оған іргелес 3-4 елді мекен еніп, қала территориясында қалады. Жаңа қаланы инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Ауыз су жеткілікті, онымен қоймай, Түркістанда 70 жылға жететін жерасты су көздері бар. Электр қуаты да қаланы қамтуға жеткілікті, дегенмен подстанса салу қажет. Жалпы, қаланың жаңа бағытта дамуына қатысты барлық мәселелер есептеліп-ескеріліп, республикалық комиссияға ұсынылып отыр. Қаланың дамуы бойынша іске асырылатын жобалар екі кезең – 2018-2020 жылдар және 2020-2023 жылдар аралығында жүргізіледі деп жоспарланған. 2023 жылға дейін негізгі жұмыстардың барлығы аяқталуы тиіс, – дейді облыстың бас сәулетшісі Е.Жүсіп.

Туризм саласын дамыту да басты міндеттердің бірі ретінде қалады. Бұл орайда ескі қала, яғни Қ.А.Ясауи кесенесі маңайында жаңа мұражайлар, қызмет көрсету орындарын салу бойынша жобалар жасалған. Айта кетелік, жаңа нысандардың барлығы шығыс үлгісінде салынбақ. Ұлттық құндылықтарымыз ескерілмек. Жаңа әуежай, темір жол вокзалының салынуы да уақыт талабы. Жаңа автовокзал қала шетінде орналасады, сондай-ақ базарлар заманауи сауда орталықтары ретінде бой көтереді. Бүгінгідей жабайы саудаға жол берілмейді. Қала көшелерінің кең жолақты болуы да ескерілген. Жасыл белдеу орнату, тұрғындарға барынша қолайлы ету де көзделіп отыр. Жаңа қалаға заманауи технология бірден енгізілмек. Яғни, ақылды қала ету, цифрландыру негізгі міндеттердің бірі. Барлық жұмыстар Түркістанды дамытудың үш – әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени, рухани-зияткерлік бағыттар бойынша атқарылмақ. Бұл орайда бүгінгі қала маңындағы суармалы жерлерді барынша сақтап қалу жолдары қарастырылуда. Дегенмен инфрақұрылым салуды қажет ететін жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, басқа жерден орын беру жолдары заң шеңберінде жүзеге асырылады.

Түркістанмен бірге оған іргелес аудандар да дамитын болады. Облыстық мәслихат депутаты С.Ибадуллаевтың айтуынша, 80 мың тұрғыны бар Кентау қаласына Түркістанның 12 ауылдық округі қосылып, үлкен ауданға айналды. Сондай-ақ Түркістан – Арыстанбаб – Төрткүл бағытында автожол бойында кәсіпкерлік дамиды. «Облыс орталығы болған соң Сырдың жағалауында демалыс орындары ашылуы тиіс. Қалаға жақын Кентау мен Отырар аудандары облыс орталығы тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін болады. Яғни, ол аудандарда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу тиімді табыс көзіне айналады. Түркістанда ірі өндіріс орындары жоқтың қасы. Дегенмен шағын және орта бизнес жақсы дамыған», – дейді С. Ибадуллаев.

 Айтқандай-ақ қалада 13,3 мың бірлік шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Түркістанның 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша қала кәсіпорындары (үй шаруашылықтарын қосқанда) 6329,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірген. Өнеркәсіп өнімдерін өндірумен 4 ірі және орта, 12 шағын, 3 қосалқы кәсіпорын айналысады. Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 8392,4 млн теңге болған, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырған өсім бар. Қаланың ауылшаруашылық тауар өндірушілері 5843,4 тонна мал және құс етін (тірі салмақта), 24,3 мың тонна сүт, 4638,0 мың дана жұмыртқа өндірген. Негізгі қорға бағытталған инвестиция көлемі 9641,9 млн теңге. Қалада 33368 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдердің көлемі 2101,1 млн теңге болып, жоспар 120,6%-ға орындалған. Жергілікті бюджетке 1376,7 млн теңге салықтар мен басқа төлемдер түскен, немесе жоспардың орындалу көрсеткіші – 124,4%.

2018 жылдың 1 маусымына қаланың жұмыспен қамту орындарына 2695 адам өтініш білдіріп, 1532 адам жұмыспен қамтылған. Қала бойынша 140 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінде 20 006 бала, оның ішінде 63 мектеп жанындағы шағын орталықта 8642 бала тәрбиеленуде. Мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі «Балапан» бағдарламасы бойынша – 89,0%. Қалада 55 883 оқушыны қамтыған 73 мектеп жұмыс істейді. Барлық мектепке байланыс орнатылып, интернет жүйесі қосылған. Мектептер 2403 бірлік компьютерлік техникамен жабдықталған, немесе бір компьютерге 23,3 оқушыдан келеді. Түркі дүниесінің астанасы саналатын Түркістанда жалпы медицина саласының дамуы қарқын алған. Ұлт саулығына аса мән беріп отырған шаһарда халық санының өсуіне байланысты болашақта жаңа медицина мекемелері бой көтермек. Сондай-ақ, 66 мәдениет мекемесі, оның ішінде 43 кітапхана, 17 клубтық мекеме, 5 мұражай (оның 4 филиал) және театр қызмет көрсетуде.

Облыс орталығының ертеңгі келбетіне қатысты пікір айтушылар аз емес. Олардың барлығы дерлік Түркістанда бой көтеретін жаңа нысандардың Шығыс үлгісінде, ұлттық реңкпен салынғанын қалайды. Яғни көпшілік біркелкі салынған «қораптарды» емес, түркі әлемінің орталығына лайықты жаңа сәулеттік ансамбльдерді көргісі келеді. Ең бастысы, жергілікті халық Елбасы айтқандай, бұл өзгерістер бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін беретініне сенімді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы