Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Бас қала білім мен ғылым хабына айналады

1041 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Белді ірі компаниялар мен кәсіпорындарда, ғылым, медицина және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін білікті мамандар даярлай бастаған Назарбаев Университеті соңғы жылдары PhD докторантурасы бо­йынша алғашқы түлектерін ұшырғаны белгілі. «Болашақ» бағдарламасының 2013 жылғы түлегі Лаура Қарабасова да Назарбаев Университетінің жоғары білім беру мектебі докторантурасының алғашқы қарлығаштарының бірі.

Бас қала білім мен ғылым хабына айналады

Ақтөбе қаласында туып-өсіп, М.Құсайынов атындағы дарынды бала­лар мектебін, Ақтөбе мемлекеттік пе­да­гогикалық институтын және Ұлы­бри­таниядағы Уорик университетін тә­мамдаған Лаура Астана қаласындағы бір­неше инновациялық платформаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң өзінің өмір жолын елордамен бай­ла­ныстыруға бел буды. «Өмірімде Ас­та­наның алар орны ерекше. Өйткені ел­орда өзіме, біліктілігіме сенімімді кү­шей­тіп, бәсекеге қабілеттілігімді арт­тырды. Сонымен қатар бұл қаладан на­ғыз достар мен пікірлес жандарды таптым», дейді ол.

Еуропада һәм елімізде білім алған жас Назарбаев Университетінің шетелдік әйгілі жоғары оқу орындарымен иық теңестіре алатынын айтады. «Біріншіден, Назарбаев Университеті академиялық сапаны қамтамасыз етуді назарда ұстайды және білім сапасына өте жоғары талап қояды. Мұның дәлелі ретінде университет түлек­терінің шетелдік үздік оқу орын­дары­ның магистратура және докторан­тура бағда­рламаларында оқуларын табыс­ты жа­л­ғас­тыруы немесе белді ұйым­дарда қызмет етуін айтуға болады. Оқу үдерісі ағыл­шын тілінде өтетін­дік­тен, тәлім­герлер шетелдік алдыңғы қатар­лы зерт­теу жұмыс­тары мен ғылыми әде­биетті түп­нұсқада оқиды. Плагиат және академия­лық адалдық қағидаларын бұ­зу­ға жол беріл­мейді. Екіншіден, әр сту­денттің әл-ауқаты да назардан тыс қал­майды», деді Л.Қарабасова.

Айтуынша, университеттің озық болуын анықтайтын тағы бір фактор – ерек­ше аура мен этнос. Мұны универ­ситет ғимаратына кірген кез келген жан бай­қайды. Профессорлардың қара­па­йым­дылығы мен кішіпейілділігі, кез келген көзқарас пен пікірлерге ашықтығы және студенттерге қарым-қатынасы ерек­ше. Мәселен, кейіпкеріміз білім ал­ған Жоғары білім беру мектебінде дәл осы қарым-қатынас байқалады. Жас ғалымның ғылыми жетекшісі Де­низ Ижеа Луизиана университетінің құр­мет­ті профессоры, жүздеген докторлар мен магистрларға жетекшілік еткен тәжірибелі ұстаз. Ол шәкірттеріне әр­дайым құрметпен қарап, әр пікіріне мұ­қи­ят ден қояды. «Сен өз ғылыми тақы­ры­быңның сарапшысысың» деп ынталан­дырып отыруды да ұмытқан емес.

Адами капитал бүгінде мемлекет да­му­ының басым бағыты болғандықтан бі­лім беру саласы қашан да басымдыққа ие. Лаура докторантура алдында «Білім бе­ру саласындағы көшбасшылық және бас­қару» мамандығын игерген болатын. Философия ғылымдарының докторы атанған жас маманның алған білімі білім беру саясаты, зерттеу, білім беруді бас­қару және академиялық салаларда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерге бай­ланыс­ты адам факторының маңызы тө­мен­демейтінін, бұл ретте жаңа маман­дықтарға орай Назарбаев Университеті­не дәріс оқуға келген Гонконгтегі Қытай университетінің профессоры Бенджамин Вахтың ойларымен келісетінін айтады. Қытай ғалымы қазіргі жаңа технология дамыған заманда мамандықтардағы өзгерістер жыл сайын орын алатынын, алдағы уақытта салааралық кіріктірілген мамандықтар пайда болатынын айтқан болатын. Ал Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева коммуникативтік компетенцияларды, эмоциялық интеллекті да­мыту және білім беру үрдісінде тұл­ға­аралық қарым-қатынасты сақтап қалу­дың маңыздылығы жөнінде пікірі де осыған саяды. Төрт жыл бойы үш тіл­де білім берудің педагогикасы «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (СLIL)» тақы­ры­­бын зерттеген жас маман бүгінде Назарбаев Университетінің Білімді же­тіл­діру орталығының қызметкері. Қазір Қа­зақ­станда үш тілде білім беруді енгізуге байланысты аталған СLIL әдісі өте өзекті екенін айта кеткен ләзім.

Лаура Назарбаев Университетінің Кембридж және Пенсильвания универ­си­тет­терімен серіктес болғандықтан білім беру­ді британиялық және америкалық университеттердің ұтымды тұстарымен ұштастырғанын айтады. Бір ерекшелігі, университет білім беру мен зерттеуде жергілікті мазмұнды ескереді әрі елі­міз­дің білім беру жүйесін реформалауда көшбасшы болу жауапкершілігін естен шығармайды.

«Биыл Астанаға – 20 жыл. Назарбаев Университеті елорданың даму­ына айтар­лықтай үлес қосып отыр. Универ­си­тет шетелдік білікті ғалымдар мен оқы­ту­шыларды, қазақстандық үздік сту­дент­терді жаңа қалаға шоғыр­лан­дыр­ды. Еуразия жоғары білім беру көш­бас­шы­ларының форумы сияқты ірі шараның ұйымдастырушысы ретінде де шаһары­мыздың ғылым мен білім са­ласындағы көшбасшыға айналуына атсалысып отыр. Өткен 20 жылда Астана әлем таныған қалаға айналып, көптеген саяси шараларды өткізді. Алдағы 20 жылда Астана Еуразияның білім және ғылым хабына айналады деп ойлаймын. Бұл жерде, әрине Назарбаев Университеті шешуші рөл атқарады деген сенімдемін», дейді Лаура Шапайқызы.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»