Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Астана-20: Ақмоланың алғашқы кәсіпкерлері

1307 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен жылы тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың «Астана: өткені мен бүгінгісі» атты кітабы жарыққа шыққан-ды. Ел тарихы туралы тереңнен сыр шертетін кітаптың 57-бетінде ағайынды Қосшығұлов­тардың, басқа да Матвей, Андрей Кубриндердің, Иван Силиннің, Ғалиасқар және Сыздық Халфиндердің, басқа да көпестердің аты аталған. Баймұхамбет Қосшығұловтың өз ақшасына мешіт пен мұсылмандарға арналған мектеп салғаны баяндалыпты. Бұл деректер бар болғаны 2 абзацтың аясында айтылған.

Астана-20: Ақмоланың алғашқы кәсіпкерлері

Қосшығұлов пен ұлдары

111-бетте басқа көпестермен қатар Қос­шығұловтардың мал-мүліктерінің тәр­кі­ленгені бір абзацта ғана баяндалады. Аты аталған қазақ капиталисі, 1-ші ги­льдия көпесі, «Ресей император мәр­те­бе­сінің сарайына тапсырушы» құр­метті атағының иесі Баймұхамбет Қос­шығұлов пен оның ұлдары жайлы бір сырды ортаға салғымыз келіп отыр. Қазақтан шыққан ірі капиталист Бай­мұ­хамбет Қосшығұловтың есімі бай­лы­ғына қарай ел ішінде Байкөп, Майкөп аталып кеткен. Шыққан тегі арғынның алтай руының алысай тармағына жатады. Нарықтық экономика жағдайында Байкөп Қосшығұлов пен оның балаларының жетістігі зерт­теліп, зерделеніп бүгінгілерге үлгі бо­лар­­лық дәрежеде насихатталуы қажет. Қос­шығұловтар жайлы олардың тікелей ұр­пақ­тарының бірі, қаламгер Ерлан Кү­зек­байдың 2002 жылғы 10 қаңтарда «Инфо-Цес» газетінде жарияланған мақа­ла­сында:

– Бүгін бәріміз де Қазақ даласының та­ри­хын Ресей империясының, кейін то­та­­литарлық режімнің ыңғайына салып, са­уатсыз, жабайы, мал бағудан басқаға жа­рамайтын көшпенділердің тарихы ре­тінде оқытқанын білеміз. Бұған дәлел – кеңес дәуіріндегі бірде-бір тарихи оқулықтарда XIX-XX ғасырлар то­ғы­сында нарықтық экономиканың ал­ғашқы үлгілері бастау алып, алғашқы қа­зақ капиталистерінің қалыптасқаны жайлы бірде-бір дерек келтірілмеген,– дейді.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, Бай­мұ­хамбет Қосшығұлов 1848 жылы қа­зір­гі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауда­ны­ның Келтетал ауылында дүниеге келген. Баймұхамбет жетім өскен, оны бала ке­зінде татар көпесі асырап алып саудаға баулыған, үйлендірген. Баймұхамбеттің алты ұлы және Райхан деген бір қызы болған. Ұлдарының бәрі дерлік әке жолын қуып сауданы кәсіп еткен. Тоғыз жолдың торабы саналатын Ақмола Қызылжар – Ташкент – Қашқар қалаларының ара­сын жалғайтын дәлізде орналасқаны бел­гі­лі. Мұн­да көктемде – ел жайлауға шы­ғар кезде, күзде – қыстауға қайтар мез­гілде ірі жәр­меңкелер өтіп тұрған. 1890 жылы қала­ның ортасындағы үлкен алаң­да «Қонақ қатар» деп аталатын тастан қаланған екі дүкен бой көтерді. Осы дүкен­дердің бірі Қосшығұловтар дүкені «Жасыл қатар» аталып кеткен. Өйткені дүкеннің терезесі мен қақпасы жасыл бояумен боялған екен.

Бұл кезеңде Қосшығұловтар отбасы сауда мен өнеркәсіппен айналыс­ты. Осы жерде оқырманға келесі түсінік бе­ру қажет деп ойлаймыз. Ресей империя ке­зінде көпестер қоғамда өте маңызды рөл атқарған. Көпестер қауымы алған атақ­тарына байланысты 3 гильдияға бө­лінеді. 3-гильдиядағы көпес тек бөл­шек саудамен ғана айналысуға құ­қы­лы болса, 2-гильдиядағы көпестің көтерме саудамен айналысуға рұқсаты бар. Бұл екі гильдияның көпестерінің өнеркәсіппен айналысуға құқы болмаған. Тек 1-гильдиядағы көпес қана саудамен де, өнеркәсіппен де айналысуға құқылы.

1895 жылы «Қосшығұлов пен ұл­дары» атты Ақмола облысында жал­ғыз кондитер-тоқаш фабрикасы ашыл­ған. Фабрикада тәтті тоқаштың түр-түрі, су­харь, зефир, қалуа, шоколад-конфеттер, тәт­ті тағамдар өндіріліп сатылған. Қос­шы­­­ғұловтардың пірәндіктері Қазақстан мен Ресейден тыс елдерге кеңінен белгілі болған, өйткені Ақмоланың ұны Еуразия ке­ңіс­тігіндегі ең сапалы ұн саналады. Әу­лет­тің өз диірмені жұмыс істеген, ұны Ресей мен Орта Азия елдерінің нарық­та­рында сатылған. Қосшығұловтар әулеті, сонымен қатар керосин және бас­қа да мұнай өнімдерін сатумен айна­лыс­қан. 1915 жылы «Қосшығұлов және ұл­дары» фабрикасына «Ресей император мәр­тебесінің сарайына тапсырушы» деген құрметті атақ беріледі.

XX ғасыр басынан Қосшығұловтар Ресей, Батыс Еуропа және Орта Азия ел­де­рі­мен тығыз экономикалық, сауда қаты­нас­тарын орнатты. 1-гильдия кө­песі Бай­көп Қосшығұлов жөнінде Санкт-Петер­бургте шығатын «Сібірдегі сау­да-өнер­кәсіп жылнамасында» жиі-жиі ақпарат беріліп тұрады. Осы басы­лым­ның 1913 жыл­ғы нөмірінде Байкөптің ком­мер­циялық әре­кетінің бағыттары тізіп көр­сетілген. Бұл тізімде бақалшылық және шаруашылық тауарлар, керосин, мұ­най, шыбын-шіркейге қарсы тауарлар, ыдыс-аяқ, шай мен қант, кондитерлік бұ­йымдар және басқалары бар. Осыған ұқсас ақпараттар Ресейдің «Ақмола об­лы­сының сауда-өнеркәсіптік мекенжай күнтізбесі және жол нұсқаушы» (Омбы қаласы, 1911 жыл), «Сібірдің сау­да-өнеркәсіптік анықтама күнтізбесі» (Том қаласы, 1894-1907 ж.ж.) сынды анықтамаларында бар.

Қала сәулетінде қолтаңбасы қалды

Дегенмен Қосшығұловтар­дың кә­сіп­­керлік жұмысы негізінен Ақмола қа­ла­сында жүзеге асырылған. Мұнда ол бірнеше үй, фабрика, дүкен, мейрамханалар салған. Қосшығұловтар салған Тас мешіт немесе Қызыл мешіт, медресе, мұсылман жастарына арналған мектеп бертінге дейін халыққа қызмет етті. Өзі жетім өсіп, еңбегімен көтерілген Байкөп қайырымдылығымен кешегі біз көзімен көрген ақсақалдардың жылы естеліктеріне негіз болды.

Астанадағы қазіргі М.Әуезов пен А.Иманов көшелерінің қиылысында Байкөп Қосшығұлов салған Тас мешіт 1930 жылға дейін жұмыс істеп тұрған екен. Оны сол жылы тарихи-өлкетану мұражайына, 1941 жылы сыра зауытына беріп, 1970 жылы тас-талқан етіп бұзып тастады. Ал бүгінгі Абай көшесіндегі «Казком» банкінің ғимаратының орнында Байкөп салған мұсылман жастар мектебі болған. Қазіргі Тұрмыс үйі мен Абай қонақүйінің орнында бұ­рын Қос­шы­ғұловтар салған үлкен екі қабатты ғимаратта кондитерлік фабрика орна­лас­қан болатын. Кеңес дәуірінде 1973 жылға дейін бұл ғимаратты типография мен облыстық газеттер редакциялары мекен еткен еді, кейіннен ол да бұзылды.

1913 жылы орыстар мен шетелдік капиталистер бірлесіп, Ресей империя­сы­ның Темір жол министрлігінің бас жос­парын жүзеге асыру үшін құрған акционерлік қоғамға Қосшығұловтар мүшелік еткен. Осы жоспар бойынша Ақмола арқылы Түмен-Ақмола-Ташкент және Ор-Ақмола-Семей бағыттарында жол салынуы жоспарланған болатын. Қазақ көпестері бұл жобаға өте қомақты қаржы салған. Өкінішке қарай, Қазан төңкерісіне байланысты жоспардың бәрі бұзы­лып, темір жол Ақмолаға тек 1920 жыл­дары жеткені мәлім. Оны біздің кейіп­керіміздің өзі көрген жоқ, 1916 жылы Баймұхамбет Қосшығұлов 68 жасын­да безгек ауруынан кенеттен қай­тыс болды. Оның мүрдесі қазіргі ескі қалалық зиратта жерленген.

Ақмолаға алғаш автокөлік әкелген

Байкөптің үлкен ұлы Құрманғали 1876 жылы (кейбір деректер бойынша 1878 жылы) дүниеге келген. Ол жер­гі­лік­ті медресені және семинарияны аяқ­та­ғаннан кейін Санкт-Петербургтегі есеп-кооперативтік институтқа түсіп, оны сау­да экономисі деген мамандық бой­ын­ша бітірген. Яғни Құрманғали Қос­шығұлов – 1900 жылдары жоғары эко­но­микалық білім алған алғашқы қазақ­тар­дың бірі.

Құрманғали Санкт-Петербургте оқып жүрген кезінде қалада алғашқы автомобильдер пайда болады. Ол сол кездегі ал­ғаш­қы жүргізушілер курсын оқып, жүр­гізу­шілік мамандықты меңгереді. Сол жыл­­дары автомобиль жүргізуден алғашқы жарыс­тар ұйымдастырыла бастаған екен, жарыстардың біріне қатысқан Құрманғали 1-орын­ды жеңіп алғаны үшін сыйлық ретін­де тегін автомобильге ие болады. Бұл авто­мобиль 1900 жылдары Қазақстан даласында, Ақмо­ланың жолдарында жүйт­кіген алғаш­қы автомобиль болатын.

Мұндай ғажайып техника ақмолалық көпес­тердің арасында өте зор қызы­ғу­шылық тудырды. Жан-жақтан тапсырыс­тар беріле бастады. Сол уақытта Құр­ман­ғали Ақмоланың ақшалы байларына автомобиль әкелумен айналысады. Әңгіме басында атап өткен тарихшы А.В.Дубицкий Ақмоладағы алғашқы автомобильдерді фотограф К.П.Шахов, қала мэрі көпес М.Кубрин иеленген деп жазған болатын. Шын мәнінде олар автомобильдерді Құрманғалидің қолынан сатып алған. Бұл жөнінде А.В. Дубицкий білмегендей болып, айтпай кеткен.

Құрманғали Қосшығұлов – автомобиль өндірісінің болашағы жарқын екенін алдын ала ұғынған. Ол Ақмола қаласында автомобиль жасайтын зауыт салудың жан-жақты жоспарын жасап, Германияның зауыттарымен 1913 жылы келісімшарт жасасады. Сол жылы елі­міз­ге немістің бірнеше инженер-конс­тр­укторлары келіп, автомобиль зауы­ты­ның құрылысын бастап та кетеді. Құрманғалидің інісі Бекмұқамбет ол туралы былай деп еске алады: «Немістер өзімен бірге автозауыт пен автомобильдің зор көлемдегі сызбаларын ала келді. Олар­дың әрқайсысы салмағы 30-40 келі болатын орасан зор кітаптар болатын. Бұл сызбалардың ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр еді. Осы сызбалар біздің қонақүйдің үлкен үстелінің үстінде жатушы еді». Алайда зауыт құрылысы 1914 жылғы Ресей мен Германияның арасында соғыс басталуына байланысты тоқтап қалды.

Алашорданың демеушісі

1917 жылы Алаш партиясы құрылып, Алашорда өкіметі жарияланды. Құр­манғали Қосшығұлов партияның не­гізгі демеушісі болып, барлық іс-ша­ра­­ларын қаржыландырып отырды. Алашорда жетекшілері Құрманғалиға жиі келіп, кеңесіп отырған. Інісі Бек­мұ­қамбет Қосшығұловтың ағасы Алаш­орда­лықтарға берген қаражатын есептеп, құжаттарын толтыруға көмектес­кені тура­лы естеліктері бар. Алайда тағдыр Құр­манғалиға қаталдық танытты. Кеңес өкіметі орнасымен елдің қал­­талы адам­дарына еселеп салық салын­ды, жаңа тәртіпке бағынғысы кел­мегендер қуда­ланды. 1928 жылы оның шаруа­шылығы, кәсіпорындары тек­се­ріліп, табысын жасырды деген айып тағыл­ды. Қосшығұловтар әулеті өсіп-өнген өлкелерінен бас сауғалап кетті. Қазақтың алғашқы капиталистерінің бірі, елге жомарттығымен танылған атақты меценат Шымкент қаласында ешкімге елеусіз күйде 1954 жылы дүние салды.

Құрманғалидің Хасен деген жалғыз ұлы болатын. 1920 жылы оны «бай баласы» деген айыппен ұзақ жылдарға соттайды. Соғыс оны сырқат және әбден титықтаған оны түрмеден босатады. Туған жеріне қайтып келген күннің ертесіне Хасен о дүниеге аттанады.

Сөз соңында айтарымыз, өнегелі ісімен, айрықша кәсіпкерлік дарынымен дараланған, талай кедей-кепшікке жұмыс беріп қорған болған, талай озық шараларға мұрындық болған, өз заманынан бір ғасыр озған, қайырымдылығымен, имандылығымен көпшіліктің мақтаны болған Қосшығұловтар әулеті қазір қандай құрметке де лайық деп санаймыз. Ұлы идеяларын орындай алмай кеткен Қосшығұловтарға арнап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кең көлемді іс-шаралар өткізетін, ескерткіш қойып, мектеп, көше аттарын беретін кез келді. Тарихшы ғалымдар Санкт-Петербург, Омбы, Том мұрағаттарынан тиісті дерек­терді тауып, көлемді зерттеу жүр­гізсе игі. Ал Қосшығұловтардың қала­мыз­да салған ғимараттарынан сау қалған бүгінгі «Казком» банкінің ғимаратына мемориалдық тақта орнатып, болашақта оны мұражайға айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жангелді Шымшықов,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор