Қоғам • 21 Маусым, 2018

Амангелді АРЫСТАНБЕКОВ. «Спирт» операциясы

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1981 жылдың жазы Целиноград стансасындағы желілік бөлімдегі іздеушілер тобына тағы да бір сыналар сын сағаты туды. 

Амангелді АРЫСТАНБЕКОВ. «Спирт» операциясы

Егер стансаға келген вагон, цистерналардың пломбалары бұзылған болса немесе онда нақты қылмыс жасалғаны байқалса, станса қызметкерлері мен транспорттық милиция бөлімінің қызметкерлерінен құрылған комиссия жүк қабылдаушыға келген жүкті тасымалдау тәртібі бойынша санымен немесе салмағымен өлшеп тапсыруға тиіс. 

Ал жүк қабылдаушылардың бірі – Целиноград қаласындағы арақ-шарап зауыты болатын. Сол жылы аталмыш зауытқа келген спирт құйылған цистерналарда жаппай жетіспеушілік байқала бастады. Әр спирт же­тіспеген цистернаға коммер­циялық актілер түзіліп, аталған бөлімге іздестіруге жіберіліп жатты. Бұл материалдар бо­йынша іздестіру шаралары аға инспектор Сүлейменовке тапсырылды.

Материалдардағы «жалпы актілердің бәрінде» «цистерна келген бетте оның пломбалары мен люктерді бай­лаған сымдарының жоқтығы анық­талды», деп жазылып тұрды. Сондықтан біраз уақытқа дейін әлгі коммерциялық актілер цис­терна келген пойыздың жүру графигі бойынша Целиноград стансасына дейінгі тоқтаған стансаларға жіберілді. Бірақ олар тексеріс жүргізіп, жауап­ бер­­ген­ше біраз уа­қыт өте­тін еді. Сол себептен бастап­қы іс-әрекеттер нәтижесіз болды.

Сондықтан «сараптау пар­кінің» жұмысын қадағалау жедел топқа жүктелді. Арақ-шарап зауытының жұмысшылары да бақылауға алынды. Осы жұ­мыс­тардың барысында түс­кен материалдарды сараптай отырып, арақ-шарап зауытына баратын қысқа темір жол бойы­на торуылдар қойылып, цистерналардың өту графигін тексеру міндеттелді. Бұл амал өз жемісін берді.

Содан бақылау негізінде стан­са жақтан келе жат­қан кезекті локомотивтің жарығы кө­рі­нді. Арақ-шарап зауытына ба­ратын тұйық жол бойында жал­­ғыз үй болатын, онда жасы үлкен бір кейуана тұрушы еді. Сол үйдің тұсына жақындаған кезде әлгі локомотив соңына тіркеген екі цистернасымен баяу­лап келіп тоқтады. Жедел топ түнде көретін құралмен бақылап қараса, цистернаның үстінде бір кісі құнжыңдап бір­деңе істеп жатыр екен, ал арғы бетінде не боп жатқаны көрінбеді. Мүлік қорғау бөлі­мінің бастығы А.Коканов өте сақтықпен бақылау орнын ауыс­тырып, арғы бетінде не болып жатқанын қарап, үш-төрт адам ка­нистр, фляга тасып жатқан­­ын байқаған соң, жедел топқа қайтып келіп: «10-15 ми­нут күтейік, сосын бара­йық», – деді.

Сәл күткеннен соң, екі адам локомотивке, қалған тоғыз адам ар­ғы беттегі үйге бет алды. Әлгі үй­ге кірсе, үш теміржолшы мен үй иесі үстел басында арақ ішіп отыр екен. Үй ішінде айтар­лық­тай жиһаз жоқ. Екі бөлменің бі­рінде канистр, фляга, бидондар тол­ып тұр. Ішіп отырғандары да спирт болып шықты. Жаңағы ыдыс­тардың барлығы толған спирт.

Содан соң жедел топ стан­са кезекшісіне локомотив­ бри­гадасының ұсталғанын ха­­бар­лап, оларды милиция бөліміне алып барады. Тергеу амалдары жүргізіліп болғаннан кейін іс сотқа жолданды, бірақ іс бір­не­ше рет қайта тексеруге жібе­рілді.

Ақыры ұрылар спирт ұрлы­ғын мойындап, қылмыстық іс қайта қаралып, көлік прокура­тура­сының бекітуімен сотқа жібе­рілді. Сотта ұрылар тиіс­­ті жазасын алып, бас бостандық­тарынан айырылды.

Амангелді АРЫСТАНБЕКОВ

АСТАНА