Таным • 21 Маусым, 2018

Ислам қолжазбалары зерттелуі тиіс

252 реткөрсетілді

Астанада «Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Шараны Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Семинар мақсаты – Қазақ­стан­да сақталған ислам қолжазба мұра­ларының қазіргі жай-күйін талдап-таразылау, оларды зер­делеп-жүйелеу, каталог тізбе­гін құрастырып жариялау және ғы­лыми айналымға енгізу, сондай-ақ аталған мәселелерді ғалымдар мен зерт­теушілер талқысына салу. Бұл туралы Қол­жазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Асылхан Садуов өзінің кіріспе сөзінде айтып өтті.

«Қазақстан өз тәуелсіздігін алған­нан бері ислам өркениетінің ескер­ткіштерін анықтау, зерттеу, санаққа алу және насихаттауды жандандырып келеді. Бұл ретте орын алып отырған мәсе­лелер де бар. Жалпы, ислам діні енгеннен бастап, қазақ да­ла­сына арабша жазу стилі, Құран кітабы, түрлі ғылыми-та­ри­хи қолжазбалар көптеп тарал­ды. Осы қолжазбаларды зерделеп, арнайы каталог құрастыру мақ­сатында исламтанушы және дін­танушы мамандарды ортақ іске жұмылдырамыз. Себебі қа­зақ жеріндегі ислам мәдениеті мұра­ла­рын әлемге танытуымыз қажет. Тарихын тереңнен алатын құнды жәдігерлердің қазіргі діни сананың қалыптасуында маңызы өте жоғары. Рухани жаңғырудың мәнін алыстан емес, төл тарихымыздың қой­науы­нан іздеуіміз керектігін жадымыздан шығармауымыз керек», деген Қуатжан Уәлиев семинардың табысты өтуіне сәттілік тіледі.

Бұдан соң Дін істері және аза­мат­тық қоғам министрі Дархан Кәле­таев­тың құттықтау хатын атал­ған министрліктің жауапты хатшы­сы Марат Әзілханов жеткізіп, семинарға арнайы келген IRCICA-ның бас директоры Халит Еренге алғысын айтты. Ол еліміздегі ислам өркениетінің қолжазбалары жөнін­де айта келіп, жартылай зерттел­ген, мүлдем зерттелмеген 30 мың­нан астам құнды еңбектер мен құжат­тар­дың мұрағаттар мен кітап­хана қорында зерт­теусіз жатқанына тоқ­талды. «Наурыз айында Қол­жаз­балар және сирек кітаптар ұлттық орта­лығында Әзірет Сұлтан қоры атаулы көрме ұйымдастырған болатын. Шара барысында өткен дөң­гелек үстелге қатысқан еліміздің ға­лым­дары мен зерттеушілері осы се­минарды өткізу туралы бастама көтерген еді.

Бұл бастаманы IRCICA басшылығы да қолдап, ха­лықаралық семинарға қаржылық қолдау көрсететіндігін мәлімдеді. Каталогтарды құрастыру, сөздіктер дайындау секілді жұмысты жүргізу үшін шағын қорлардың шамасы жете бермейді. Сол себепті ислам қолжазбаларына қатысты материалдарды жинақтап зерттеуге IRCICA өз көмегін ұсынды. Бүгінгі семи­нар­ға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-дан астам ғалым, дәріскер, зерттеушілер қол­жаз­ба қорларын, жеке қолжазбаларды ұстап, мең­геріп отырған мамандар арнайы келіп отыр», де­ген Айнұр Әбдірәсілқызы IRCICA-ның бас ди­ректоры Халит Ерен мырзаға ел атынан алғысын жеткізді.

Мәртебелі мейман өз кезегінде ИЫҰ-ның мәдени бөлімі IRCICA-ның тарихына тоқталып, оған Қазақстанның да мүше екендігін атап өтті. «Ислам әлемінің өнері, фольклоры мен қолжазбаларының ми­расын сақтау, зерттеу және жаң­ғырту туралы ғылыми конференциялар ИЫҰ-ға мүше елдерде тұрақты өткізіліп келеді. Енді бұл жобаларымызды, тәжірибелерімізді Қазақстан игілігіне жаратуға ниеттіміз. Атап айтқанда, ислам қолжазбаларын сақ­тау, каталогтеу және ғылыми айна­лысқа енгізуге өз үлесімізді қос­қымыз келеді», деді ол.

Семинар барысында Қазақстан­дағы қолжазба қорлары­ның тарихын зерттеудің негізгі кезеңдері, орта­ғасырлық діни мәтіндер текс­тологиясының өзекті мәсе­ле­лері, сирек қорлардағы ислам бағы­тын­дағы қолжазбаларды зерттеу, ше­жірелік деректерді жинақтау мен жарыққа шығару, Алтын Ор­да кезеңінде жазылған діни қолжазбаларды ортағасырлық шаға­тай әдебиеті мұраларын оқы­ту мәселелері талқыланды. Сон­дай-ақ Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығының атаулы көр­месі келушілер назарына ұсы­нылды.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

120 келі тартатын торпақ көтерді

Аймақтар • Бүгін, 14:31

Ұқсас жаңалықтар