Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Үздік мемлекеттік қызметкерлер анықталды

791 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Үздік мемлекеттік қызметкерлер анықталды

 Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова, мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жарқын Тілеукенов, мемлекеттік қызмет департаментінің сарапшысы Жандарбек Молдашев қатысты.

Шара барысында «Қазақстан Республи­ка­сы­ның үздік мемлекеттік қызметшісі» респуб­ликалық конкурсының жалпы қоры­тындысы, қатысушылар мен жеңімпаздары жайында ақпарат беріліп, мерекеге орайластырылған салтанатты іс-шараның жаңа форматы жайында сөз қозғалды.

«Елбасы жиырма жыл бұрын тағдырлы шешім қабылдады. Елордамыз Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілді. Бұл дата біздер үшін өте маңызды. Өйткені осыдан жиырма жыл бұрын біздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де құрылған болатын. Сондықтан биыл біз де жиырма жылдық мерейтойымызды атап өтеміз. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері түрлі іс-шаралар өткізген болатын.

Олардың барлығы Президент Әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асты. Өткізілген шаралардың ішіндегі маңыздысы – «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы. Біз аталған байқау туралы сәуір айындағы баспасөз мәслихатында жан-жақты айтып өткенбіз. Алғаш рет өт­кен жылы ұйымдастырылған жобаның жеңімпаздары Елбасымен кездесуге мүм­кіндік алғаны белгілі. Биыл байқауға қатысушылар саны бір жарым есеге көп. Соның ішінде аймақтағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері белсене атсалысты. Қатысушылар алдымен аймақтық іріктеуден өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ұзын саны 454 үміткердің ішінен 390 адам таңдалды. Біз оларды мем­лекеттік қызметті қаншалықты игер­генін анықтайтын тест тапсырмалары арқылы ірік­теп алдық. Сонымен 50 балдан жоғары алған­дардан 189 адам келесі кезеңге өтті. Солардың ішінен финалға 52 үміткер қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша республикалық комиссия конкурстың 20 же­ңімпазын анықтады. Олардың 12-і басшы­лық лауазымдарда, 8-і өздерінің мансабын енді бастағандар. Жеңімпаздардың ішінде 12-сі ер адам, 8-і әйел адам. 20 жеңімпаздың 9-ы шет тілдерінде еркін сөйлейді, оның ішінде 4-еуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары. Ең кішісі 24 жаста, ең үлкені 53 жаста», деді Айгүл Шайымова.

Оның айтуынша, жеңімпаздар осы аптаның соңында салтанатты жағдайда марапатталмақ.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»