Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Түркістан облысы: Зиялы қауым не дейді?

1345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Түркістан облысы: Зиялы қауым не дейді?

М. ЕРМАН:  Өңірдің әлеуеті зор

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және Түркістан облысын құру тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірінің экономикалық мүд­десі үшін жұмыс істеуге мүм­­кіндік береді. Егер біз Шымкент пен жаңадан құрыл­ған Түркістан облысының әлеуе­тін қарастыратын болсақ, нені байқаймыз? Біріншіден, Шым­кентте және облыста өте ірі өнеркәсіп және білім бе­ру нысандары шоғырланған. 90-шы жылдары Мемлекет бас­шысының бастамасымен Түркістанда Халық­ара­лық қа­зақ-түрік универ­си­тетінің құ­рылғанын еске алсақ та жет­кілікті. Бүгінде бұл универси­тет Қазақстанның жоғары оқу орындары рейтингінде лайықты орынға ие болып отыр.

Көптеген студенттер, оның ішінде шетелдіктер де білім алып жатыр. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның аумағы арқылы «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа заманауи дәлізі салынды. Бұ­ған қоса, газ тарту мәселесі де шешіліп, өңірде ауыл ша­руа­шылығы, шағын бизнес қар­қынды дами түсуде. Қазіргі уа­қытта Түркістанда түрлі нысан­дар салу бойынша жос­пар әзірленуде.

Мұхтар ЕРМАН,

Мәжіліс депутаты

*****

М. КЕМЕЛ: Дер кезінде қабылданған тамаша шешім

Түркістан қаласына облыс орталығы мәрте­бесін беру және аймақты Түркістан облысы деп атау өте тамаша әрі дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын.

Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес. Бұл – одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көз­деген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Дегенмен, бұл жаңалық тек осы оймен, сыр­тқы форма үшін жасалды деп ойламаймын. Оңтүс­тік­тегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұ­мыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып ж­атыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің ше­кара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуға тиіс. Оған мүмкіндігі, әлеуеті жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңа­лық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы бол­ға­нына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз.

Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түседі. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Орталықтан қашықтай түскені сәл қиындық туғызғанымен, оған да біртіндеп бейімделіп кетеді.

Мырзагелді КЕМЕЛ,

экономика ғылымдарының докторы

*****

Қ. АЙТАХАНОВ: Демографиялық өсімге ықпал етеді

Елбасымыз жаңа облысты «Түркістан» деп атау арқы­лы аса маңызды тарихи ше­шім қабылдады. Өйткені «Түркіс­тан» ұғымы күллі түр­кі дүниесіне ортақ рухани һәм қас­терлі есім. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бұған дейін бұл қа­ла­ны халқымыздың рухани аста­насы деп үнемі айтатын Тіп­ті сонау 90-жылдардың ба­сын­да Түркістан шаһарын же­ке мәртебесі бар орталыққа айнал­ыру жөнінде де пікір өрбіген-тін.

Бұл орайда Мемлекет басшысы ұзақ ойланып, әбден иі қанып, пісіп-жетілген сәтті қалт жібермей шешім қабылдады. Өйткені көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған бұл шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі кө­рінісі үшін аса маңызы бар. Расын айтқанда, біздің рухани қай­нарымыз – Түркістан. Егер бұл мекен қадірлі-қасиетті болма­са ұлтымыздың ұлылары Есім хан, Абылай ханнан бас­тап, бұл жерді өздеріне мәң­гі­лік мекені ретінде таңдамас еді. Бұл бір.

Екіншіден, аталмыш ше­шім­нің экономикалық та қа­жет­тілігі бар. Түркістан өлке­сі жылы райлы, адамдар өмір сүруге қолайлы. Сол себеп­ті, онда орта және шағын биз­нес­ті дамыту арқылы елдің әл-ауқатын жақсартуға болады. Әрі қарай сабақтай айт­сам, эко­номика жақсарса, халық­тың демографиялық өсімі арта­ды, тұрмысы жақсарады. Де­мек, бұл қазақ қоғамы үшін – эко­номикалық, саяси, рухани үш­жақты пайдасы бар шешім.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері

*****

Ғ. ЕСІМ: Шымкенттің өрісі кеңейді

Біз өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан бізге дәл осындай өте маңызды шешімдер қажет. Өйткені елімізде дәл бүгінгі заман ағымына сәйкес ірі мегаполис қалалар пайда болды. Әлемдік экономика тарихына назар салсақ, елдің әл-ауқатын көтеретін осы ірі қалалар. Бұл шаһарлардың басты ерекшелігі – әкімшілік-құ­рылымдық орталықтан тыс болуы тиіс. Себебі мегаполис­тер өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, рес­публика бюд­жетіне донор бола алады. Бұл ғаламдық тәжірибе.

Мысалы, өткен 90-жылдары ел көлеміндегі барлық қалалар, яғни әкімшілік орта­лықтары нарық желіне шай­қа­лып, дағдарысқа ұшыраған тұста, Алматы былқ еткен жоқ. Себебі бұл қаланың донорлық мүмкіндігі болды, яки өзін-өзі асырай алды. Осындай мегаполистер қатарына соңғы жылдары Астана және Шымкент қаласы енді.

Осы орайда, бүгінгі қа­был­данған шешімі арқылы Елбасы болашақта донорлық мү­м­кін­дікке ие тағы бір құрылымды жасай алды. Одан кейін бұл ше­шімнің мен үшін рухани маңызы – жаңа аймақтың Түр­кістан облысы деп аталуы және оның орталығы қазақтың күллі ұлы­ларына мәңгілік мекен бол­ған Түркістан қаласының таңдалуы.

Ендігі бір мәселе – бола­шақ­та бой көтеруі тиіс жаңа қала нағыз қазақы стандартын сақтаған мазмұн, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңғыртылса деген ниет бар.

Ғарифолла ЕСІМ,

академик

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше