14 Желтоқсан, 2011

Келелі мәселелерге құрылған кеңес

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінде еліміздің шет елдердегі елшілерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес отырысы болып өтті. Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту қарсаңында өткізілген басқосуға Отанымыздың шет елдердегі барлық елшілері келді. Отырыста сыртқы саяси мәселелер талқыланды. Дипломаттардың мұндай бас­қо­суы осыдан төрт жыл бұрын өткені белгілі. Содан бері халық­аралық қатынастарда, көпжақты деңгейдегі сыртқы саясатта ма­ңыз­ды мәселелерді талқылау өзек­ті бола түсті. Сыртқы істер ми­нистрі Ержан Қазыханов тәу­ел­сіздік алған жылдар ішінде Қа­зақстан екіжақты және көпжақты деңгейде өзін сенімді әріптес және халықаралық қоғамдастық­тың жауапты мүшесі екенін дә­лел­дей білгендігін ерекше атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген елі­міздің сыртқы саясаты Қазақ­стан­ның қауіпсіздігі мен тұрақ­ты­лығын, сонымен қатар, әрта­рап­ты даму деңгейін қамтамасыз етуде өзінің тиімділігін дәлел­деді, деді ол. 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Біртұтас экономикалық ке­ңістік пен Кеден одағы бойынша көптеген шаруалар атқарылуда, деп жалғады сөзін Е.Қазыханов. Әйтсе де БЭК-ке қатысты Қазақ­стан, Ресей және Беларусь тара­пы­нан 55 халықаралық келісім-шарт жасалып, міндетті деп са­налатын 74 шара өткізілуі қажет. Сонымен қатар, еліміздің БСҰ-ға кіруі тұрғысында келіссөздер белсенді жүргізілуде. Кеден ода­ғы бойынша көршіміз – Ресей жыл соңына дейін осы Ұйымға мүшелікке өту туралы шақырту алады деп күтілуде. Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысын аяқтап келеді. АҚШ-пен екіжақты келіс­сөздер толық бітсе, ЕО-мен ара­дағы келіссөздер аяқталуға жа­қын. Сондықтан да келесі жылы Қазақстан БСҰ-ға мүше болады деуге толық негіз бар. Жапониядағы АЭС-терде орын алған апат жағдайында Мем­лекет басшысы Н.Назарбаев атом энер­гетикасын бейбіт мақсатта пай­да­ланудың міндетті және әмбебап сызбасын әзірлеуді тапсырды, деді Ержан Хозеұлы сөзін сабақтай түсіп. Үстіміздегі жылдың 12 қазанында Семей сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған Астанада өткен «Ядросыз әлем» халықаралық форумы барысында жаппай қырып-жоятын қа­ру­ды таратпау және қарусыздану үде­рісінде Қазақстанның көшбасшылық рөлі ерекше атап өтілді. Министрлік алдына қойылып отырған ендігі міндет – 2012 жылы Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммитке Мемлекет басшысының қатысуына дай­ындық жүргізу. Бірер күннен кейін еліміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қайта төраға болғалы отыр. Бұдан басқа, үстіміздегі жылы Қазақстан түркітілдес мем­лекеттердің басын қосқан жаңа бірлестік – Түркі Кеңесін басқарады. Е.Қазы­ха­нов тиісті елдердегі елшіліктерге осы іс-шараларға орай дайындық жұмыс­тарына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Министр еліміз Ауғанстанды тұ­рақ­тандыру жөніндегі халықаралық күш­терге белсенді көмектесуі қажеттігін де баса айтты. Биылғы жыл – Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың бастама­сы­мен соңғы кезде тиімді жүзеге асы­рылып жатқан «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасының аяқталатын жылы. Аталған бағдарламаға сәйкес Түркия, Италия, Испания және Франциямен Стратегиялық әріптестік тура­лы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таң­да Қазақстан сыртқы сауда айналы­мы­ның 50 пайызы мен тартылған ин­вес­тицияның үштен бірі Еуропа елдерінің үлесіне тиеді. Кездесуде Бакуде 2010 жылы Үшін­ші Каспий саммитінде келісім негізінде қол жеткізілген Капий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау мәселесі де сырт қалған жоқ. БҰҰ жүйесіндегі, «Өркениеттер альян­сы» достар тобындағы жұмысты жан­дандыру да күн тәртібінде тұрғаны айтылды. ЮНЕСКО-ның Әлемдік құн­дылықтар тізімін қазақстандық нысан­дармен толықтыру, инвесторлармен жұ­мысты жалғастыру жайы және әлемдегі саяси үдерістерге сараптама жүргізу мәселесі өткір қойылды. Әсіресе, мемлекеттік тілдегі құжаттар айна­лы­мы­ның үнемі назарда болуы қажеттігі де ерекше аталды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.