19 Ақпан, 2010

ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ

1944 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Қазақстанда теңдессіз жобалардың бірі – мал шаруашылығындағы ірі көлемді селекцияны іске асыру басталды Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрі. Соңғы жылдары бірқатар көрсе­т­кіштер бойынша еліміздің ауыл ша­руашылығы сенімді экономика­лық өсімге қол жеткізді, оған әлемді шар­пыған экономи­калық дағдарыс­тың өзі кедергі бола алған жоқ. Бұл мемле­кет тарапынан жасаған ерекше қамқорлықтың арқасында мүмкін болды. Алайда, агроөнеркә­сіптік кешеннің әлі де болса әлеуеті жетер­лік, оны халық игілігіне жара­туға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағыт көрсетіп берді. Президент биылғы Жолдауында салаға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Прези­денттің тапсырмасына сәйкес 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары бойынша ішкі рыноктың 80%-дан астамын отандық тамақ өнімдері құрауы тиіс. Осыған байланысты ауыл шаруа­шы­лығының шешуші салаларының бірі – мал шаруашылығына баса назар аударылуда. Нақ осы салада жа­қын жылдары серпіліс жасау қа­жет, бұл алдымызға Мемлекет бас­шысы қойған міндеттерді барынша толықтай шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін мал шаруашы­лы­ғы дәстүрлі сала және тарихи тамыры тереңде жатыр. Барлығы­мыздың есімізде, Қазақстанда мил­лиондаған бас мал болған және мал шаруашы­лығы өнімдерін, әсіре­се, ет өндіру бойынша еліміз Еуразия континен­тінде көшбасшы дәре­же­сіне жеткен. Жайылымдар­дың кең­дігі мен табиғи жағынан әра­луан­дығы малдың әр түрлерін өсіру үшін әрқашан үлкен мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы саласы соңғы жетпіс жылда мал басының ауыт­қуымен сипатталды, 1941-91 жылдар кезеңінде мал басы жедел өсті, ал 1991-1997 жылдар аралы­ғында бірден азайып кетті. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді мемле­кеттік және институттық қолдаудың арқа­сында 2002 жылы мал шаруа-шылығы өз мүмкіндігін қалпына келтіре бастады және қазір жыл сайынғы мал басы­ның өсу қарқыны 4-5 %-ды құрайды. Дегенмен, соңғы жыл­­­дары шаруашылық жүргізудің бірыңғай әдіс­­тері өзін-өзі ақта­маға­ны­на көзіміз жетіп келеді. Сондықтан сала мен мал басын қаржы­ланды­руды бірнеше рет арттырғаны­мен, мал шаруашылы­ғында түбірлі өзгеріс байқалмады. Мал шаруашы­лығы өнімдері өндірі­сінің жалпы өсімі әдеттегідей мал басының көбеюі арқасында жүреді. Экстенсивті табиғи даму жолы дамып келе жатқан экономика үшін әбден қонымды екені сөзсіз. Сон­дай-ақ, мал басын көбейту мемлекет пен бизнестен қаражатты көптеп тартып малды күту мен оның инфра­құры­лы­мын қолдауды қажет ететіндігін ұмыт­пауымыз ке­рек. Бүгінгі мал шаруа­шы­лығының төменгі өнімділігін мынадай мысал­дан көруге болады. Асыл тұқым­ды мал шаруашылығын қаржылан­дыру көлемі 2002 жылмен салыстыр­ғанда, 2009 жылы 3 есеге артып, осы кезең аралығында малдың өнімділік көр­сет­кіштерінің өсу қарқыны бұрынғыдай төмен деңгейде қалды. Мал шаруашылығы жағдайын талдай отырып, табынның төмен өнім­ділігінің үш негізгі себебін анық­тадық. Біріншіден, белгілі бір нәтижеге жету үшін мақсатты селекциялық жұмыстың жоқтығы. Екіншіден, малды қайта түлетудің жүйесіздігі. Үшіншіден, тиісті жем-шөп қорының болмауы. Бұл мал шаруашылығы өнімін едәуір аз алуға әкеп соғады. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешу үшін экономикалық ықпалды және малдың өнімділігін арттыру бағдарымен мал шаруашы­лы­ғы­ның барлық даму бағытын дұрыс арнаға салып, оны дамыта алатын мамандар тобын таңдау қажет. Осылайша, біз ірі көлемді селекцияға келдік. “Ірі көлемді селекция” термині біз үшін таңсық емес. 1980-90 жылдары кеңестік селекционерлер Қазақ КСР-інде малдың сапасын жетілдіру мақса­тында кешенді және қарқынды жұ­мыс бастаған еді, алайда, өкінішке орай, бұл жұмыс соңына дейін жеткен жоқ. Дегенмен, ірі көлемді селекция жүргізу қажет, өйткені барлық елдер өзінің табын өнімділігінің жоғары нәтижесіне мал шаруашылығын дамыту арқылы қол жеткізіп отыр, ол үшін көшбасшы елдердің үздік инновациялық жетістіктерін алып, олардың тәжірибелерін өзіміздің жағдайымызға сәйкестендіріп бейім­деуі­міз тиіс. Біріншіден, бізге әрбір малды ерекше бақылауда ұстауға және оның жағдайының дамуын қадаға­лау­ға мүм­кіндік беретіндей есепті ретке келтіру және ақпараттық-са­раптама­лық жүйе құру қажет. Ағым­дағы жылы енгізі-летін ақпараттық-сараптамалық жүйе бір жағынан республика көлемінде асыл тұқымды малдың деректер банкін құруды, ал екінші жағынан шаруашы­лық субъек­тісі деңгейінде селекциялық үдеріс­терді басқаруда сөзсіз қолай­лылықты қамтамасыз етеді. Селекциялық жұмысты бірден түбірімен өзгертіп жіберуге болмайды. Оны кезең-кезеңмен жоспарлы түрде жүргізу қажет. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі “Қаз­АгроИнновация” акционерлік қоғамы жанынан жақында құрылған Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-зерттеу орталығына ірі кө­лем­ді селекция аясында селекция­лық үдерісті үйлестіру қызметін жүктеді. Орталық жетекші ғалымдар – селекционерлермен бірге, респуб­лика­ның шаруашылық субъекті­лерінің өндірістік қызметі мен асыл тұқымды жұмыстарына кешенді талдау жасады, оның нәтижесінде ірі ауқымды селек­цияның принцип­терінің өзектілігіне және қажеттілігіне көз жеткіздік. Біздің шешімімізді шаруашылық субъектілерінің барлық басшылары қолдады. Қазіргі уақытта шамамен 500 шаруалар ІКС-тің қамқорлығымен жұмыс жасауға тілек білдірді және орталықпен селекция­лық үдерісті ғылыми қолдау туралы шарт жасасты. Ірі көлемді селекция жақын жылдарда асыл тұқымды қызметте қазіргі бар көзқарастарды және табынды өз төлінен өсіру идеоло­гиясын өзгертеді. Оның басты міндеті халықаралық стандарттарға көшу болып табылады, бұл біз білетін классикалық зоотехникалық ғылым­нан елеулі түрде ерекшеленеді. Мысалы, бүгін біз “асыл тұ­қым­ды” мәртебесін белгілі бір ша­руаға бе­реміз және бұл оның ішіндегі барлық жануарлар асыл тұқымды екендігін білдіреді. Баршамызға түсінікті болу үшін алдымен бізге дамыған мал шаруашылығы бар елдердегі сияқты “асыл тұқымды мал” мағынасын ен­гізу қажет. Егер мал өнімділік деңгейі бойынша талап­тарға, желілік пара­метр­лерге сай келсе, сонда ғана бұл мал қай жерде болғанына қарамастан, асыл тұқымды деп саналады және табынды өз төлінен өсіру жобасында қолданы­лады. Мал әрдайым капитал саласын­да өзгеше құн ретінде қарасты­рылатын болса, онда оларды ұстау және көбейту тиісті деңгейде субси­дияланады. Сонда шаруалар өздерінде асыл тұқымды мәртебесі бар малдар көп болуына ынталанады. Мұнан басқа, асыл тұқымды малдарда оларды рынокта сату кезінде ерекше құндылық болады. Асыл тұқымды малдың сапасын объективті бағалау үшін бізге, сондай-ақ, тұқым сапасына тәуелсіз сарап­тамалық бағалау принциптерін енгізу қажет. Біздің 4 маманымыз Гер­манияда тереңдетілген дайындықта өтті, оған шарт жасалды, олар қайтып келген соң ІКС мүшелеріне білім беру базасында жұмыс істейді. Бұл жұмыс шетелдік ғылыми орта­лықтардың әдістемелік бақы­лауымен жүзеге асыры­лады. Жануар­­ларды тұқымдық бағалау­дың тәуелсіз инсти­тутын құру өз кезегінде асыл тұқымды малды өткізу кезінде шаруашы­лық­тарды субсидиялау туралы қабыл­дан­ған шешімдердің жоғары дәрежедегі объективтілігін қамтамасыз етеді. Классикалық кеңес жүйесінде малдың сапасын дәстүрлі бағалау жүйесі әлдеқашан ескірген. Мал шаруашылығы дамыған елдерде малдың санын арт­тыруда маңызды рөлге ие барлық пара­метрлерді ес­керуге мүмкіндік беретін малды ке­шен­ді индекстік бағалау қолданы­лады. Мысалы, тұяқтары мен аяқта­рының мықтылығы, желіндерінің үлкендігі және т.б. Бізде малдың сапа­сын бағалаудың мұндай түрі жоқ, сондықтан да тұқымының сапасы тексерілген асыл тұқымды бұқаларды әкелуге мәжбүрміз. Алдағы жылдарда ірі көлемді селекция бірнеше бағыттар бойынша бір уақытта жүретін болады. Бірін­шіден, биыл біз төлінің сапасы бойынша бағаланған 7 асыл тұқымды бұқа сатып алатын боламыз. Одан дайындалған ұрық өнімдері шаруашы­лықтардың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстан бұрынғы Кеңес республи­каларының ішінде қазіргі заманғы криоконсервация технологиясын пайдаланушы жалғыз ел. Крио­консер­вация кезінде тұқымдық мате­риалды сақтау мерзімі шектелмеген. Екіншіден, осы бұқалардан тұ­қым­­дық материалды алу аталық бұқа­лардың физикалық мүмкіндігіне бай­ланысты бәрібір шектеулі, сондықтан, “Мал шаруашы­лығын­дағы ірі көлемді селекция” бағдар­ламасына қатысушы шаруашылық жүргізуші субъекті­лердің қажеттілігін қанағат­тан­дыру үшін біз бір уақытта тұқым сатып алуды да жүзеге асыратын боламыз. Үшіншіден, эмбриондарды телу технологиясы негізінде асыл тұқым­ды мал басын жеделдетіп көбейту бойын­ша жұмыстар жалғасатын болады. Қазіргі уақытта, “Зинченко” және “Родина” жетекші асыл тұқым­ды шаруашылықтарында Қазақ­стан табиғатына бейімделген Канададан әкелінген сиыр-донорлармен жұ­мыстар жүргізілуде. Енді біз, телу (трансплантация) технологиясын жетілдіру бойынша жұмыстар жасай­мыз, нәтижесінде мүдделі шаруашы­лықтар үшін эмбриондардың құны арзан, технология қолжетімді болады. Мәселен, былтыр 8 шаруашылық­тың күшімен ғылыми ұйымдар бар­лығы 660 эмбрионды ұрықтандырды. Есептеулер осылайша алынған бұ­заулардың импортталған бұзаулардан біршама арзан екенін көрсетті. Соны­мен бірге, олар сырттан әкелінген бұзауларға қарағанда, біздің табиғи-климаттық жағдайымызға бейімді келеді, генетикалық әлеуеті бойынша олардан кем түспейді. Өзіміздің өнім­ділігі жоғары малымыз көбейіп, қол­жетімді болғанда, біз шетелден бағасы қымбат тұқымдық материалды сатып алудан бас тартамыз. Алайда, біз бұдан толықтай бас тарта алмай­мыз, өйткені селекция әрдайым асыл тұқымды малмен және генетикалық материал­дармен алмасып отыруды қажет етеді. Ірі көлемді селекция шеңберінде селекциялық қызметті жоспарлау әдістерін жетілдіру де көзделіп отыр. Барша­мызға белгілі, асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңға сәй­кес шаруашылық жүргізуші субъек­тілер асыл тұқымды шаруашылық мәр­тебесін алу үшін ғалымдармен бірге әзірленген бес жыл мерзімге ар­налған асыл тұқымдық жұмыс жос­парын ұсыну тиіс. Басқаша айтқанда, шаруа­шылық жүргізуші субъект заңнамаға сәйкес жоспар негізінде жалпыға бірдей қабылданған нормаларға және ғылыми негізделген көзқарастарға сәйкес асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге тиіс. Сонымен бірге, ағымдағы жағдай­ды талдау көрсеткендей, көптеген басшылар мұндай жоспарларға сал­ғырт қарайды. Осыған байланысты ірі көлемді селекция шеңберінде се­лекциялық, асыл тұқымдық жұмыс­тар­дың жоспарын әзірлеуге, сондай-ақ сараптауға қойылатын бірыңғай талаптар әзірленеді. Осылайша, олар­ды іске асыруды бақылау меха­низмі күшейтілетін болады. Мал шаруашылығын дамытуда жем-шөп базасын күшейту ерекше маңызға ие. Біздің ғалымдар жем-шөп өндірісін дамыту бағдарла­масының жобасын әзірледі, мұнда өңірлердің ерекшелігі ескерілді және азық дақы­лының өндірілген жеріне байланысты жем-шөп бірліктерін ұстаудың есеп­тері шығарылды, өңір­лердің табиғи климаттық ерекше­ліктерін ескере отырып, жайылым алаңдарының құ­ры­лымы бойынша ұсынымдар дайын­далды. Сонымен қатар, жем-шөп да­қылдарын өсіруді субсидия­лау саяса­ты айқындалды, бұл барлық шаруа­шылықтар үшін жем-шөп өндірісін тиімді және қарқынды етуге мүмкін­дік береді. Бұдан әрі біздің ғалымдар­мыз ірі көлемді селекцияны іске асы­ру шеңберінде селекциялық үдеріс­терді қамтамасыз етумен қоса, жануар­­ларды азықтан­дыру бойынша прак­ти­­калық қызмет көрсететін болады. Айта кетерлігі, кеңестік кезеңнен кейінгі елдер ішінде Ресейде, Бела­руссияда және Украинада асылдан­дыру ісі қарқынды дамуда. Бізбен көрші елдер Өзбекстанда, Қырғыз­станда, Тәжікстанда және Түр­кіменстан­да селекциялау жұмысы жаңаша қарқын алған жоқ. Бірақ олар осындай жұмыстарды жүргізу­дің маңыздылығын сезіне бастады. Біз ерте бастадық және Қазақстан асыл тұқымды мал шаруашылығы рыно­гында осы елдерден ілгері тұруға қабілетті. Ірі көлемді селек­ция­ны іске асыру жануарларды бірегейлендіру және сою пункттерін салумен қатар жүреді, өйткені бұл компоненттер бір-бірімен тығыз байланысты және бір нәтижеге бағытталған. Ол нәтиже – мал шаруашылығын жүргізудің алдыңғы қатарлы әдістерін енгізу. Ел Президенті айтқандай, Қазақ­станда ең төмен еңбек өнімділігі ауыл шаруашы­лы­ғында және ол 3 мың доллар­ды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрай­ды. Алдағы перспек­ти­вада аталған көрсет­кіш АӨК-тің және оның ішінде мал шаруашылығы саласының даму жағ­дайын бағалау үшін басты өлшем болады. Елбасы Жолдауында Нерудің “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген сөзін кел­тірді. Біз ауыр да күрделі жұмыс бас­тап отыр­мыз. Ол еліміздің мал шаруа­шылығы сала­сындағы жағдайды қыс­қа мерзімде түбі­рімен өзгертуі тиіс. Бұдан басқа жол жоқ, сондықтан біз бұл жолда же­тіс­тікке жете­тінімізге сенім­діміз. АЛМАТЫЛЫҚ ҮЛЕСКЕРЛЕРДІҢ ҮМІТТЕРІ ҮЛКЕН Дағдарыс салқынына ұрынғандар бірінші кезекте құрылыс компаниялары екендігі бүгінде екінің біріне аян. Осыған қарамастан, үлескерлерді баспаналы етудің түрлі жолдары қарастырылып, мемлекет бұл мәселені шешу үшін аз қаражат бөліп жатқан жоқ. Дегенмен, нәтижесі қалай? Осы жәйтке орай, сәрсенбі күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Алматыда кеңес өткізді. Айнаш ЕСАЛИ. Басқосуға Алматы қаласының әкімі Ахмет­жан Есімов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агент­тігінің төрағасы Серік Нокин, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ төрайымы Нұр­бибі Наурызбаева және “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ және үлес­кер­лерден үлес алған құрылыс ком­пания­лары­ның жетекшілері қатысып, оң ахуалдар жөнінде ақпарлар берді. Ең бастысы, Вице-премьер үстіміздегі жылы Алматыда 16 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 4625 үлескер баспаналы болатын­дығын мәлімдеді. Үкімет басшысының орын­басары өткен жылы Алматыда 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 4306 үлескердің мәселесі шешілгенін еске салды. Жалпы, бүгінде Алматы­да үйлі болудан үмітті 8189 үлескер бар. Өткен жылы олардың қатары 12 441 болатын және осыншама адамның қаражаты құйылған 64 құрылыс нысаны бар еді. Егер екі жыл бұрын қалада 16 138 үлескердің қаржысына салынуға тиісті 132 нысан болса, қазір олардың 33 нысаны ғана қалған. Жоғарыда атап өткен­дей, үстіміздегі жылы 16 тұрғын үй пайдалауға берілетін болса, келер жылы 17 нысанның құрылысы аяқталып, үлескерлер туралы “жыр” да тәмәм болуы керек. Қалай десек те, құрылыс саласындағы ахуал түзеле бастады. Мәселен, Алматы қала­сы экономика және бюджетті жоспарлау бас­қармасының мәліметі бойынша, биыл қала­дағы құрылыс қарқыны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 45,7 пайызға өскен. Қала әкімі Ахметжан Есімов мемлекеттің тікелей қолдауымен құрылыс саласында, оның ішінде үлескерлерге қатысты жағдай тұрақ­талып, әрбір құрылыс нысанымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Қазір Алматыда үлескерлерге қатысты ахуал төмендегідей. 2 623 үлескердің қара­жаты салынған “Ахсель кент” және “Айнер сити” тұрғын үй кешендерінің құрылысы “Самұрық-Қазына” АҚ арқылы аяқталмақ. 178 үлескер көзін тігіп отырған “Жайлы-3” және “Бес тұлға” тұрғын үй кешендерін аяқ­тауға “Са­мұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ араласқалы отыр. 2 291 үлес­кер қарап отырған 7 тұрғын үй кешені Стрессті активтер қоры арқылы қаржы­лан­дырылмақ. Сол сияқты биыл “Глобал бил­динг контракт” ЖШС жүргізіп жатқан “Үш төбе” кешенінің құры­лысына 20 миллиард теңге көлемінде алғашқы транш бөлінген. Оған қоса “Тау самалы” тұрғын үй кешені Стрессті активтер қоры арқылы 10 мил­лиард теңгеге тікелей қаржы­лан­дырылуда. Аталмыш кешеннің құжаттары “БТА” АҚ-тан Стрессті активтер қорына қарай көшіп жатқаны мәлім болды. Жоғарыдағы нысандардан бөлек, құры­лысшылардың өз күшімен 15 тұрғын үй кеше­ні салынып жатыр. Бұл нысан­дардағы үлескерлер 1928 адамды құрайды. Оның биыл 12-сі бітіп, 1691 адам қоныс тойын тойлауы тиіс. Дегенмен, қалада құрылысы қаңтары­лып тұрған үлескерлік нысандар да бар. Қазір “Тристар” (“Қазтранскомсервис” ЖШС) мен “Жайлы-2” (“Серт” АҚ) тұрғын үй кешендерінің жұмысы тоқтап тұр. “Серт” АҚ үлескерлердің салған қаражатын кері қайтарып беруге шешім қабылдаса, алдағы уақытта мәселе тудырып тұрған екі нысан­ның да жанашырлары табылмақ. Жиында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – кейбір тұрғын үй кешендерінің құры­лысын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қаржыландыру жүйесі болды. Қала әкімдігі бұл жүйе арқылы “Әйгерім”, “Жетісу-3”, “Меркурград-2” тұрғын үйлері­нің құрылысын мәреге жеткізуді көздеп отыр. Барлық тараптар тоғысқан басқосуда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отырған жүйенің жай-жапсары жан-жақты айтылды. – Жаңа жүйенің артықшылығы – атал­мыш жүйе баспана алудың тиімділігі мен құрылыс үдерісінің сапасын арттыруды көз­дейді. Бағдарламаға сәйкес, тұрғын үйлердің тапсырыс берушілері ретінде – Астана, Ал­маты қалалары мен облыс әкім­діктері белгі­лен­­ді. Бұл жүйе банкті респуб­ликалық бюджет­пен несиелендіруді көзде­мейді. Қаржы көздері республикалық бюджет­тен жергілікті атқарушы органдарға беріледі, – деп түсіндірді аталмыш банк төрайымы. Бүгінгі таңда аталмыш жүйеге қатысуға әлеуеті бар 17 100 адам бар болса оның 3 мыңнан астамы алматылықтар, яғни олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ-пен келісім-шартқа отырып үлгерген. Сондай-ақ, жиын барысында Алматы қала­сының әкімі Ахметжан Есімов “Сай­ран”, “Үш төбе”, “Тау самалы”, “Ахсель кент” шағын аудандарындағы нысандардың құры­лысы Батыс жылу тарату кешенін қайта жарақ­таумен, сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесінің магистралды-инженерлік желілері­нің құрылысымен тығыз байла­ныста екендігі­не назар аударды. Осыған байланысты қала басшылығы бір-біріне тығыз байланысты мәселені шешу үшін жоғары жақтан магистрал­ды-инженерлік жүйелерді дамытуды қаржыландыруды жылдамдатуды сұрап отыр. Алматы. ҚАЗАҚСТАН-ӨЗБЕКСТАН: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫМЕН Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматыда екі жақты ынты­мақ­тастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комис­сияның кезекті 11-ші мәжілісі болып өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Өзбек­станға ресми сапары алдында ұйымдас­тырыл­ған мә­жілісте не­гізінен өзара сауда-саттықты кеңейте оты­рып, ауыл жә­не су­ ша­руа­шы­лы­ғын­дағы және көлік пен гумани­тарлық салалардағы байланыс­тар­ды одан әрі нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Ынтымақ­тастық жөніндегі қазақ­стандық-өзбекстандық комиссияға Пре­мьер-Министр­дің бірінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев және Өзбекстан Респуб­ликасы Пре­мьер-министрінің орынбасары Рустам Азимов басшылық жасады. Үкіметаралық комиссияның кезекті мәжілісіне қатысушылар Қазақстан мен Өзбекстан мем­ле­кеттері арасындағы 2007-2016 жылдардағы экономикалық ынты­мақтастықтың орындалу барысы және өзара ынтымақ­тастық нәти­желерін кеңінен талқы­лап, өзара ой бөлісті. Соны­мен қатар, көрші­лес орна­лас­қан мемлекеттер ара­сын­дағы қарым-қатынастар мен байла­ныстарды тереңдете түсу қажет­тігі де атап көрсетілді. Үкіметаралық комиссияның 11-ші мәжілісінде Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орын­­басары Өмір­зақ Шөкеев “Қазақ­стан­ның Орта­лық Азиядағы маңызды стра­тегиялық әріптесі – Өзбек­станмен өзара ынты­мақтастық­ қарым-қаты­нас­тың маңыз­дылығын атап көрсетті. – Екі мемлекет арасындағы сауда-экономика салаларындағы ынтымақтастықты келешекте одан әрі жетілдіре түсу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Әрине, сонымен қатар, мәдени-гумани­тар­лық және өзге де салаларда тығыз қарым-қатынастарды ор­нықтыру­дың қажеттілігі мол. Мұның жаңа келісімдер жасауға да көмегі көп, – дейді Өмірзақ Шөкеев. Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-министрінің орын­ба­сары Рустам Азимов оңтүс­тік астана­дағы жылы жүздесу үшін Қазақстан Республикасы Үкі­метіне өз алғысын білдірді. Рустам Азимовтың пікірінше, мемлекет басшыларының сам­миті әріптес елдер ынтымақтас­тығын нығайтатын, оған игі ық­пал ететін маңызы зор оқиға. Өз­бек­стандық вице-премьердің есеп­теуінше, халқы туыстас екі мем­лекеттің ортасында ешқан­дай күрделілік жоқ, арадағы экономи­калық және өзге де байланыстар дамуында тұрақты­лық қалып­тасуда. Өзбекстандық вице-премьер айтқандай, соңғы уа­қыт­­­­та іскер­лік орта бай­­ла­ныстарында бел­сенділік арта түсуде. Оған нақты мысалдар да жеткі­лікті. Бүгінде біздің рес­пуб­лика­мызда өзбек капи­талының қатысуы­мен үш жүзге жуық сауда және құры­лыс ком­­па­ния­лары жұмыс іс­тей­ді. Сарап­­шылар­дың баға­лауын­ша, өзара сауда байла­ныс­тарын одан әрі дамытуды қамта­масыз ету қажет. Өйткені, мұның өзі екі елдің әлеуетіне, күш-қуа­тына толықтай сәйкес келмейтіндей. Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша, екіжақты сауда айна­лы­мы 1,2 миллиард доллар­ды құра­ды. Мұның өзі, түптеп келгенде ал­дыңғы 2008 жылдың көрсет­кішінен әлде­қайда төмен. Ал, енді Өзбек­стан­­нан Қазақ­станға келетін инвес­ти­цияның барлық көлемі 3,7 мил­лионды құрады. Біздің отан­дық ком­паниялар болса оңтүс­тік­­тегі көршілердің эконо­микасына 134,4 миллион доллар инвес­тиция сал­ған. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, ғылым мен білім сала­сында да жаңа жобалар қолға алынбақ. Ташкентте Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филиалын және қазақ тілінде білім беретін мектеп ашу ұйғарылуда. Мәде­ни-гумани­тарлық салаларда да жағымды жобалар қолға алын­бақ. 2010-2011 жылдары Қазақ­стан мен Өзбек­стан мемлекеттері үкімет­тері ара­сын­дағы бағдар­­лама жобасы бо­йын­ша Ташкент­те қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ес­керткіші құры­лысына арналған жер учаскесін бөлу туралы мәсе­ленің шешімін тездету жайы да қозғалды. Алматы. УӘДЕ ҮДЕСІ Венера ТҮГЕЛБАЙ. Елбасы Жолдауын еліміз дамуын жан жүрегімен қабылдайтын, оған өздері тікелей атсалысатын азаматтардың қуана қабылда­ғанына сенімдімін. Өйткені, жыл сайын болашақ ұрпақ пен бүгінгі дамудың бағытын айқындап көрсететін Елбасы жолдауларында ел шаруасының барлық қырлары байқаста­лып, таразыға салынады. Халықты ынталан­дырып серпін беретін, алға қарай талпы­нысын арттыратын құжат екендігіне бұл жолы да бір мәрте көз жеткізгендейміз. Мәселен, 2004 жылы, яғни осыдан 6 жыл бұрын Президенттің “Бәсекеге қабілетті Қа­зақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін” атты­ ел халқына Жолдауы негізінде халықтың қалың жігінің тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын  дамыту проблемаларын шешу үшін “Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” әзірленген-тін. Әзірленген жобаның іске асырылуы барысында 11 млн.шаршы метр­ден астам тұрғын үй іске қосылды. Прези­дент аталмыш Жолдауында үш жылдың ішінде 160 мың отбасы, яғни жарты мил­лион­нан астам қазақстандық жаңа қоныс­танушылар атанады деген болатын. Жобаны жетілдіру нәти­жесінде 2008 жылы мемлекет­тік қызметкер­лерге және бюджеттік саланың еңбеккер­леріне тұрғын үй құрылысының жинақ жүйелері арқылы жылдық мөлшері 4 пайыз­дан аспайтын алдын ала тұрғын үй займдарын беруге қол жетті. Оған қоса жыл­жымайтын мүлік және тұрғын үй құрылы­сында басталған мәселелерден тұрғын үй құрылысы үлес­керлерінің құқықтарын қорғау Үкіметке міндеттелді. Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемала­рын шешуге қолдау білдіруге 545 миллиард теңге жұмсалды. Осы жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында жалпы ауданы 6832,4 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл 2007 жылдың көрсеткішінен 2,3 пайызға көп болды. Ал 2009 жылы салынған тұрғын үйдің едәуір бөлігі – 4819,8 мың шаршы метрі жеке салушылар күшімен тұрғызылса, сонымен бірге 2792,6 мың шаршы метр тұрғын алаң пайдалануға берілді. Бұған алдыңғы жылдары жеке меншік тұрғын үй құрылысын дамытуды ынта­ландыру мақсатында жер телімдерін беру және тіркеу мәселелерін мейлінше жеңіл­детудің пайдасы тиген секілді. Қызмет бабымен биыл көптеген “сақал­ды құрылыстардың” қолданысқа беріліп, мыңдаған үлескерлердің қуанышқа кенел­гендеріне ортақтасудың сәті түсті. Сондағы байқағаным – барлығының жанарында бір-ақ нәрсе. Ол – алғыс. Көңілдеріндегі көрікті ойды төгіп тастамаса да, алғысты сезімдерін жанарларымен білдірген қуанышты сәттер. Жылдың ортасынан басталған бұл қуаныш әлі күнге жалғасын табуда. Қақаған суыққа қарамастан, үйді тапсыруға келген әкімнің алдынан алақайлап шыққан ақ жаулықты аналарды көргенде, олардың қуанышын өзің сезінгендей боласың. Мемлекет қамқорлы­ғын сезінген қуаныш иелерінің алданбай, мәселенің осылай “хеппи энд”-пен аяқтал­ғанына риза болатыны өз алдына, бұл кезде өзің де хабарды халыққа жеткізуге асығып, қолыңдағы қаламың еріксіз билейді. 29 қаңтар күні Елбасының миллиондаған қазақстандықтардың алдына шығып, тікелей эфирде өз Жолдауын жариялағаны мәлім. Жолдауды ел тұрғындарының тайлы-таяғы қалмай, бәрі де тыңдады. Өйткені, онда аудиторияның кәрі-жасын ойландыратын ортақ нәрсе – бүгініміз бен ертеңіміз не болмақ деген сұраққа жауап берілген болатын. Меніңше, көпшілігі өзін толған­­дыратын жәйттерге жауап тапқан секілді. Мен де өзім үшін көптеген жаңа ақпарат­тарға ие болдым деп айта аламын.  Мыса­лы, өткен “он жылда 350 мың отбасы тұр­ғын үйге ие болған”. Әр отбасында  орташа есеппен 5 жаннан бар деп есеп­тесек, бұл 1,5 млн-ға жуықтай адамның бас­паналы болғандығын білдіреді. Мем­лекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға мүмкіндік берілуде. Бір сөзбен айтсақ, қол қусырып отырмай, тырбанып еңбек еткенге мемлекет сенім білдіріп, қанаты­ның астына алды. Ал мемлекетке сенбей, орта жолдан тайқып кеткендер де болды. Олар мемлекетке сенім білдір­мегендіктерінің нәтижесінде далада қалды. Біткен іске бәрі сыншы, нүктесі қойылған кезде үйге таласу мәселесі де бой көрсетіп жатты. “Дайын асқа тік қасық болмай”, ерінбей еңбектен­гендер ғана табысқа жетеді. Мемлекетке сену, мемлекетті алға жетелейтін Ел басшысына сену – осы елде түтін түтетіп, өмір сүріп жатқандықтан әрқайсымыздың парызымыз. Егер сенбестік көрсетіп, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге нем­құрайды қарап, қол сілтесек, бұдан тек өзіміз ғана ұтыламыз. Газетіміздің көптеген сан­дарында үлескерлерге үй беріл­гендігі туралы хабарлар жиі шығып тұрғанын көзі қарақты оқырман білетін болар. Оған қоса көпте­ген балабақшалар мен басқа да құрылыстар пай­далануға беріліп жатты. Лайым, жақ­сы хабарлар легі толас­та­масын!