Медицина • 22 Маусым, 2018

Нұрғали Ораз. Атамның кебісі

626 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәті түсіп Сарыағашқа бара қалсаңыз, Ташкентте пісіп жатқан палаудың иісі мұрныңызға келеді. Себебі екі қаланың арасы таяқ тастам жер ғой. Былайша айтқанда, «тиіп тұр» десек те болады.

Нұрғали Ораз. Атамның кебісі

Алла қаласа, Ташкент жаққа өтіп, әлемге әйгілі телемұнараның жанындағы Палау орталығынан дәм татып қайтсақ па деп, кеден бекетінде кезек күтіп тұрмыз. Кенет орта жастар шамасындағы бір ала топылы ағайын бізге жымия қарап:

– Иә, Тәшкенге қандай шаруамен бара жатырсыздар? – деп сұрады. Ежелден көрші отырған ел болған соң, қазақ көрсе – өзбектің, өзбек көрсе – қазақтың тілі қышып қоя береді емес пе? Қысылтаяң жерде тұрсақ та қалжыңдап:

– Атамның кебісін іздеп келе жатырмын, – дедім езу тартып.

– Түсінбедім, – деп ол басын шайқады.

– Е-е, онда тыңдаңыз!

Сөйттім де: «Баяғыда-а, елуінші жылдардың басында біздің ауылдың бір топ ақсақалы Тәшкенге өтіп, өзбек тамырларының қорасына аттарын байлап, ал енді, Алай базарға қалай барамыз деп тұрса, ала топылы ағайындардың бірі оларға трамваймен жетіп алуға кеңес беріпті», деп бастадым өткен ғасырда болған бір оқиғаны есіме алып.

Содан әлгі кісілер аялдамаға келіп, өздері бұрын-соңды көрмеген «шайтан арбаны» күтеді ғой. Әне-міне дегенше ол да бір бұрылыстан зыр етіп шығады. Ол кезде елдің көзі енді-енді үйрене бастаған трамвай өте кұрметті көлік болса керек. Сондықтан да ішіне қып-қызыл «дорожка», яки біздің ауылдың тілімен айтқанда, кілемше тө­сеп қояды екен.

Трамвай аялдамаға келіп тоқтап, сарт етіп есік ашылған кезде ақсақалдар абдырап қалыпты. Әсіресе ең алдында тұрған атамыз қып-қызыл кілемді көргенде асып-сасып: «Әуп, бісміллә!» деп кебісін шешкен де, мәсішең күйі ішке еніп кеткен ғой.

Сол сол-ақ екен, оның артындағылар да түгел кебіс­терін аялдамаға шешіп қалдырып, тап бір қонаққа келгендей бір-бір орындыққа жайғасып отыра қалады. Сөйтіп... трамвай әй-шайға қарамай жүреді де кетеді. Ал біздің аталарымыздың кебісі көшедегі жұртты аң-таң қалдырып, аялдамада үйіліп қала береді...

Мұны естігенде ала топылы ағайынның екі иығы селкілдеп, көзінен жас аққанша күлгені бар емес пе.

– Е-е, шү-ү гәлөштерді енді іздеп келеді екенсіз дә,.. – деп риза болғандай менің иығымнан қағып-қағып қояды. Осы сәтте біздің кезегіміз де келіп жеткен екен. Кеден рәсіміне байланысты бір-екі құжатты толтырып, Өзбекстан жеріне өткенімізде әлгі ала топылы ағайын:

– Қош келдіңіздер! – деді оң қолын кеудесіне қойып. – Қане енді, жүріңіздер, баламның машинасымен сіздерді палауханаға дейін жеткізіп салайын!

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»