Кездесу барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы министрліктің қызметі туралы баяндап, ведомствоға қатысты салаларда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралармен бөлісті.
Өз баяндамасында министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге дайындық, мәдениет, спорт және туризм салаларының дамуы мәселелерін қамтыды.
А.Мұхамедиұлы өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында министрлік тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын құруға кіріскенін атап өтті.
«Алғаш рет Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылды. Бүгінгі күні «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша 2 ауқымды республикалық форум, алғаш рет мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекесі аясында «Рухани қазына» атты фестиваль өтті. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның барлық рухани құндылықтарын, бірегей тарихи орындары мен табиғи ескерткіштерін толық бір жүйеге келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Туған жер» ғылыми қауымдастығына біріккен жетекші ғалымдардың, өлкетанушылардың, археологтардың арқасында Жалпыұлттық (185 объект) және жергілікті (456 объект) мәндегі объектілердің тізімі қалыптастырылды. Өңірлердегі тарихи-мәдени мұра және негізгі объектілер туралы бірегей ғылыми материалдарды жинақтаған «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томы шығарылды», деді министр.
Кездесу барысында қазақстандық кино саласының даму мәселелері де кеңінен талқыланды. Ведомство басшысының берген ақпараты бойынша, ұлттық кинематографтар бүгінде еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар және көрнекті қайраткерлерді насихаттауға бет бұрған.
Сонымен қатар министр елдегі туризм саласының ІЖӨ-дегі үлесін арттыру туралы маңызды мақсат қойылғанын айтып өтті.
«ЭКСПО нәтижесінде оң тәжірибеміз бар, Қазақстанға 7 миллионнан астам адам келді, бұл алдыңғы жылдарға қарағанда 18 пайызға артық. Ішкі туризм ағымы 20 пайызға артты. Тиімділікті қолдау мақсатында жылдың басынан бастап электронды визаларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде – 67 елдің азаматтары туристік мақсат үшін Қазақстанға визасыз кіруге құқылы. Бүгінде туризм саласы отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешені, көлік, сауда сияқты экономиканың маңызды салаларының қатарында. Қазақстандағы туризмді дамытудың қазіргі және ықтимал драйверлерін анықтау үшін өңірлермен және «Атамекен» палатасымен бірге 60 туристік пункт белгіленді. Оларды шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, Медеу, Шымбұлақ, Ахмет Ясауи кесенесі және басқа да танымал туристік нысандар болса, екіншісі, Алакөл, Балқаш, Түрген және т.б. Осылардың негізінде Қазақстанның республикалық туризм картасы құрылды. Біз бұл жоба туристер санын жылына 13 миллионға дейін ұлғайтып, 5,8 млрд доллар тікелей инвестиция тартуға, 64 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп болжап отырмыз», деді А.Мұхамедиұлы.
Мәдениет және спорт министрінің пікірінше, саламатты өмір салтын белсенді насихаттаудың және спорт саласын жүйелі түрде қолдаудың арқасында бүгінгі таңда 5 млн адам – еліміздің әрбір үшінші тұрғыны (оның жарты миллионынан астамы – балалар мен жасөспірімдер) елімізде жүйелі түрде спортпен шұғылданады.
Спортшыларымыз 2017 жылы 206 алтын, 242 күміс, 312 қола медаль жеңіп алды. Республика бойынша 11 мыңнан астам спорттық ғимарат жұмыс істейді, жыл сайын демеушілер қаражаты есебінен барлық өңірлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері қалпына келтірілуде, түрлі спорт түрлері бойынша 700 мыңнан астам оқушы шұғылданатын 35 мың спорт секциясы қызмет етеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жыл сайынғы жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша тестерін тапсыру барша қазақстандықтар үшін айқын біріктіруші факторға айналып отыр», деді Мәдениет және спорт министрі.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»