Медицина • 22 Маусым, 2018

Еңбек дауын ерте шешу керек

575 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан кәсіподақ­тар федерациясының ұйымдас­тыруымен «Қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен іс-тәжірибесі» атты конференция өтті. Жиынға қатысқан белгілі экономистер, сарапшылар, заңгерлер еліміздегі еңбек қатынастары, жұмыспен қаму және еңбек дауларын шешу секілді сан-салалы мәселелерді талқылады.

Еңбек дауын ерте шешу керек

Аталған дөңгелек үстел ағымдағы жылы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған еліміздің еңбек нарығындағы сарапшылардың үшінші ірі кездесуі. Жиынды ашқан Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым еліміздегі кәсіподақ қызметіне таза леп, тың серпін беру қажеттігін, нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру керектігін айтты. «Халықтың экономикалық белсенді тобының басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Еңбек нарығындағы теңсіздік, шағын және орта бизнестің нашар дамуы, жастар және ауыл тұрғындары арасындағы жұмыссыздық мәселелерін де ашық айтып, қызу талқыламасақ болмайды. Статистикалық мәліметтер Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыссыздық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан бүгінгі жиында осы және басқа түйт­кілдерді ашық талдап, оны шешу жолдарын бірге іздейміз деп ойлаймын», деді Бақытжан Жарылқасынұлы. 

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақ­баев еңбек нарығында қалыптасқан ахуалды ашып көрсетті. Оның пікірінше, халықтың еңбек құқығын қорғау мәселесі макроэкономикамен тікелей байланысты. Соңғы екі жыл бойы кәсіпорындардың дамуы, халықтың табысы төмендеп келеді. Салық жүйесінде біркелкілік жоқ, соның кесірінен салықтан жалтару, табыс салығын төлемеу жаппай орын алған. «Жеке адамдарға, кәсіпкерлерге салынатын түрлі салықтың орнына бірыңғай әлеуметтік төлем жүйесі енгізілсе, осы кезге дейін еш тізімге ілікпей жүрген тұрғындар заң алаңына шығып, тәртіпке сай тіркеліп, аз да болса салығын төлеп, өздері де мемлекеттің әлеуметтік көмегін ала бастар еді. Бұл әрине, барлық мәселені шеше қоймас, бірақ осы кезге дейін көлеңкеде жүрген қаншама адамның аз да болса салық төлей бастауы, яғни мемлекет құру ісіне араласуы – өте маңызды құбылыс», деді Р.Ошақбаев.

«Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ Әлеумет­тік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының жетекшісі Ербол Исмаилов 240 мың адамды қам­тыған әлеуметтік сауалдама нәтижесін жария етті. «Самұрық-Қазына» тобына кіретін 300-дей кәсіпорын қызмет­кер­лерінің 81%-ы кәсіподақ мүшесі болса, олардың 73%-ы кәсіподақ жұ­мы­сы­на қанағаттанады. Дегенмен, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда сауалдамаға қатысушылардың 0,23%-ы ғана кәсіподаққа шағымданатынын айтыпты. «Бұл халық арасында кәсіподақ ұйымдарына сенімнің өте төмендігін көрсетеді. Еңбек ұйымдарының басшылары болса, кәсіподақты еңбек дауларын тудырушы, даукес ұйым деп қабылдайды», деді Е.Исмаилов. Әрине, сан жылдар бойы қалыптасқан бұл көзқарасты бұзу қажет. Аталған орталық еңбек қатынасындағы барлық тараптың мүддесі қорғалатындай әлеуметтік жаңғырудан өтуі қажет деп есептейді.

Иә, елімізде кәсіподақ ұйымдары еңбек дауларын шешуге атсалысып, араласып жүр. Бірақ бұл көбінесе жос­парлы, жүйелі жұмыс емес, өрт сөндіру сияқты аяқ астынан, амалсыздан болатын қарекет. Еңбек қатынастары, соның ішінде жеке адамдардың еңбек даулары өз уақытында шешілмесе еңбек кикілжіңіне айналады. Дер кезінде шешімін таппаса, әлеуметтік кикілжіңге, одан әрі саяси мүдделер қақтығысына ұласып кету мүмкін. «Сондықтан еңбек қатынастары – қоғамның аса маңызды мәселесі» дейді конференцияға қатысушылар.

Конференцияда Парламент Мәжілі­сінің депутаты Мансұрхан Махамбетов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Еуразиялық құқық қорғау орталығының президенті Еңлік Нұрғалиева, «Нұр Отан» партиясының Саяси жұмыс депар­таментінің директоры Данат Жумин және басқалар сөз сөйледі. Конференция аясында кәсіподақтар федерациясы мен адвокаттар алқасы арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»