Әлем • 24 Маусым, 2018

Грузияда Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты басталды

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грузияның Батуми қаласында қазақ күресінен Еуропа чемпионаты басталды, - деп хабарлайды Халықаралық қазақ күресінің баспасөз орталығы. 

Грузияда Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты басталды

Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен 20 мемлекеттің 80 спортшысы қатысады, олардың қатарында Литва, Ресей, Франция, Польша, Түркия, Австрия, Сербия, Кипр, Әзірбайжан, Ирландия және т.б. бар.

Сайыста Еуропаның айтулы спортшылары бақ сынасады. Атап айтсақ,  Польшаның бірнеше дүркін чемпионы Петр Томаш Талач, дзюдодан Еуропа чемпионы Гурам Тушишвили және тағы басқалары бар. 

Еске сала кетейік, Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты алғаш рет өтіп жатыр. Бұл туралы Еуропа күрес федерациясының президенті Карен Арутюнян былай деді: "Еуропа елдерінен осы турнирді өткізу құқығын Грузия жеңіп алды. Себебі Грузия - балуандар елі. Тоғыз салмақ бойынша  1-орынға 1000, 2-орынға 700, 3-орынға 500, абсолютті салмақ дәрежесіне 3000, 1-2-ші орындарға 2000, 3-орынға 1000 доллар ақшалай сыйлық табысталады. Көбінесе дзюдошылар қатысып жатыр. Біз күрестің дзюдомен қатар тұрғанын қалаймыз".

Сонымен қатар, Қазақ күресінен халықаралық федерациясының Бас директор кеңесшісі Ұлан Рысқұл ұлттық спорт түрінің Еуропада насихатталуы үшін жұмыс жасап жатқанын айтты. 

 «Бұл турнир кәрі құрлық спортшыларының арасында өтіп жатыр. Сондықтан, қазақ балуандары қатыспайды. Қазақ күресінен жақында ғана Еуропа федерациясы ашылды. Қазақстаннан алты төреші, шетелден он төреші келді. Жарыс басталмас бұрын қазақ күресі сайысында қалай төрелік ету туралы мастер-класс, спортшылар арасында ережелері жөнінде семинар өткіздік», - деді. 

Сондай-ақ, Қара теңіздің жағасында өтіп жатқан чемпионатта 100+ салмақ дәрежесінде украиналық Леонид Хасюк атты дзюдошы алғаш рет қазақша күреспекші. 

"Дзюдомен айналысамын. Әлем чемпионатына да баруым мүмкін. Мен әлі күресіп көрмедім, тек видеодан қарап үйрендім. Бүгін алғаш рет белдесемін",- деді спортшы.

Айта кетсек, Халықаралық қазақ күресі федерациясына 19 ел мүшелік етеді. Бүгінгі жарыстың негізгі ұйымдастырушы - Еуропа ассоциациясы. 

 

​​