Әлем • 24 Маусым, 2018

Түркияда президент және парламент сайлауы өтті

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтті. Анадолы агенттігінің хабарлауынша, ел аумағындағы сайлау учаскелері жексенбі күні таңғы сағат сегізде түгел ашылды, ал шетелдегі Түркия азаматтары 19 маусым күні дауыс беріп қойған.

Түркияда президент және парламент сайлауы өтті

Сайлау бюллетендерінде президенттік таққа алты үміткердің және парламенттегі орындардан үміткер екі партиялық блок пен үш партияның тізімі болды.

Атап өтерлігі, аталған сайлауда аса бір талас-тартыс туындамайтындығы әу бастан белгілі болған еді. Президенттік сайлауда елдің қазіргі көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның жеңіске жететіндігіне шүбә келтірушілер аз екендігін көптеген сарапшылар да растады. Өйткені, сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарының кезінде оның рейтингі 45-52 пайыздан төмендеген жоқ.

Ал оның басты қарсыласы Республикалық халықтық партияның басшысы Мухаррем Индженің де мүмкіндіктерін жоғары бағалайтындар болды.  

Жалпы, бұл сайлауда Режеп Тайип Ердоғанның ең танымал әрі ықпалды үміткер екендігі ешқандай талас тудырған жоқ. Ел аумағында жүргізілген сауалнамалар да бұл тұжырымды растай түсті. Оның үстіне Ердоған президенттік сайлауда жеңіске жеткен соң ел аумағында 2016 жылы енгізілген төтенше жағдайды алып тастайтындығын мәлімдеген болатын.

Бірақ жоғарыда сөз еткен Мухаррем Индженің сайлаушылардың 30 пайызының қолдауын алады деген болжамдар сайлаудың екінші турының өтуі мүмкін екендігін жорамалдауға себепкер болғандығын да айта кеткен жөн. Зайырлы көзқарастағы 54 жастағы бұл үміткер Парламентке Ялова провинциясынан сайланған депутат.

Президенттіктен үшінші үміткер Мерал Акшенер ұзақ уақыт бойы Түркия ұлттық ұлы жиналысының вице-спикері лауазымында болған әйел. Ол барлық рейтингтер бойынша 10 пайыздан кем дауыс жинамайтындығын көрсетті. Уақытында Ішкі істер министрлігін басқарған 61 жастағы оңшыл көзқарастағы Акшенер 2017 жылдың күзінде Жақсы партиясын құрып, сайлауға осы саяси ұйымның атынан түсті.

Төртінші үміткер, күрділердің мүддесін қорғайтын Халықтардың демократиялық партиясының көсемі Селахаттин Демирташтың да 10 пайыздай дауыс жинауы мүмкін еді. Ол елде тыйым салынған Күрді жұмысшылар партиясымен байланысы бар деген күдікпен қамауда отырса да өзінің құқықтық және саяси мүмкіндіктерін құр жібермеуді ойлап, сайлауға түсті.

Ватан партиясының төрағасы Догу Перинчек пен Бақыт партиясының өкілі Темель Карамоллаоглудің қанша дауыс жинаса да сайлаудың нәтижесіне ықпал етерліктей күші болған жоқ.

The Guardian газеті Түркияда оппозицияның күш алып келе жатқанына қарамастан, қазір­гі президент Режеп Тайип Ердоған­ның басым түсетінін болжаған болатын.  

Ал парламенттік сайлаудағы тартыстың дайындығы президенттік сайлаудан кем болған жоқ.  Парламенттен орын алу үшін белгіленген 10 пайыздық белесті билік партиясы – Әділет және даму партиясы мен оппозициялық  Республикалық халықтық партия мен Жақсылар партиясына еш қиындық туғызбаса да, қалған партиялар бұл межеге жете алмаса дауыстарын жеңімпаз партияға беруі тиіс.

Анадолы агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, сайлауда қауіпсіздікті полицияның 16 мың қызметкері қамтамасыз етті. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатында 40 арнайы полиция техникасы мен 35 брондалған автомобиль және тікұшақтар мен дрондар жұмылдырылды.

Естеріңізге салсақ, Түркияда 2017 жылы өткен референдумға сәйкес Конституцияға өзгерістер енгізіліп, ол бойынша президенттің уәкілеттілігі кеңейе түскен болатын. Сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуіне де осы конституциялық реформалар себепші болды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»