Еліміздің өз таңдауымен, өз еркімен жаңа астанасын заманына сай жарқын сәулетімен тұрғызуы – мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі.
Олай дейтініміз, бұрынғыдай Одақ құрамында немесе әлдеқалай Мәскеуге бағыныштылық жағдайда болсақ, мұндай үлкен мегақала салу мүмкін болмас еді. Өйткені ол заманда кез келген ірі кәсіпорын, немесе ірі әлеуметтік, медициналық нысан, мәселен Астанадағыдай кардиологиялық орталық құрылысы Мәскеудің рұқсатынсыз салынбайтын. Астана қайда, аудан, елді мекен Мәскеудің құзырынсыз ашылмайтын. Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы осындай тұрмыс-тіршілігімізден-ақ көрініп тұр ғой. Әр қазақстандық осының қадірін біліп қана қоймай, соны қастерлеп жүруге міндеттіміз деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің тағы бір жарқыраған көрінісі – күні кеше жария болған Түркістан облысын құру, Шымкент қаласына Астана, Алматы қалаларындай мәртебе беру туралы Елбасының Жарлығы. Мұндай шешім де бұрынғыдай Одақ құрамында мүмкін болмас еді. Бұл Жарлық – ел әлеуеті өскенінің көрсеткіші. Еліміздің әкімшілік-басқару құрылысындағы мұндай жаңалық та – тәуелсіз мемлекетіміздің қуаттану, өркендеу мүмкіндігі. Осындай мүмкіндіктердің қадірін, қасиетін санасымен сезініп, көзінің қарашығындай сақтап жүру де – әр азаматқа парыз.
Жаңа дәуірімізде ұлтымыздың тарихында ғасырлар бойына арман болып, қол жеткізе алмаған талай-талай құндылықтар өміріміздің жаңа мазмұнын айшықтап, салтанат құрды. Астана тек қазақтың бірлігін тұтастырып, ынтымағын арттырып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық этностың бағын ашып, ырысын тасытты.
Астана – мемлекеттік тарихымыздың Ұлы Жеңісі.
Астана – мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мүмкіндігі, кеңістігі, қабілеті мен стратегиялық болашағы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында да, соңғы шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» атты іргелі еңбегінде де Астана жобасына және оның еліміздің дамуындағы айрықша маңызына жан-жақты баға берілген.
Жыл өткен сайын әр азаматтың, әсіресе жас ұрпақтың санасында Қазақстан халқының жаңа тарихы мен Отанымыздың жүрегі Астана қаласына деген айрықша сүйіспеншілік сезімі мен патриоттық рух қуаты да арта түсері хақ.
Астана – ұлттың ұжданы, халықтың рухы. Астананың тарихы мен қасиеттері – мерейтойлар тұсында ғана емес, үнемі үзбей айтылып, елім деген әр азаматтың көкірегінде, санасында жүретін ұғым. Осы ұғымның аясында Астанаға, мемлекетімізге, мемлекеттік тәуелсіздігімізге деген отаншылдық сезім тұрақталуы маңызды болмақ.
Нұрсұлтан Әбішұлы Астана жобасын жүзеге асыру арқылы жаңа заманда ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінің сапасын оңалтып, өркениетке бет бұрғызумен ғана шектелген жоқ. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық игіліктер жеткілікті.
Ең негізгісі Астана құрылысы елдің езілген рухын оятып, жаңғыртты. Ғасырларға созылған өктем жүйенің қысымы мен қуғындауынан жасып, басылып қалған санаға сәуле түсті.
Ел, мемлекет өз тағдырын өзі шеше алатынын сезініп, түйсінді. Қазақстанның географиялық орталығында, Еуразия кеңістігінің Сарыарқадай Ұлы Даласының төсінде ғасырлар бойы бодандықтың батпан езгісінен бауырын жаза алмаған ежелгі ескі қала саз балшықтан арылып, қайта түлеп, ажары ашылып, құлашын еркін сермеп, ұлттың жаңа дәуірінің келбетін көрсетіп, жаңа өріске көсілді. Есілдің екі жағасында бірдей әлемдік дәрежеде көрініп, сөзін жеткізе алатын жарқын келбетті, сән-салтанатына көрген көз қызығарлық жаңа қала бой түзеді.
Бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жаңа замандағы ұлы жеңістері мен жетістіктері, әсіресе аға ұрпақтың көз алдында өткендіктен, оны осыдан отыз жыл бұрынғы Одақ құрамында болған не жағдайда да шектеулі, құрсаулы Мәскеудің «аузы» мен «қолына» қараған еріксіз күндерімізбен салыстырып отыруымыз – әрі табиғи, әрі орынды. Өйткені біздің ол заманды кейінгі ұрпақ біле бермейді.
Оларға мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінін айтып-жеткізу аға ұрпақтың міндеті. Оның қажеттілігі жай әңгіме айтуда емес, жас ұрпақ бүгінгі игіліктерді көріп, соның ауанында өмір сүріп, үнемі осылай болған екен, алдағы уақытта да бола береді екен деген жалған, алдамшы ұғымның әсерінде шектеліп қалмауы керек. Тәуелсіздігімізден көз жазып, рухани, саяси бодандық құрсауында болған шарасыз тірлігімізді ұмытпай, оның зардаптарын бүгінгі өмірімізге сабақ ету арқылы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын мүмкіндігімізді де күшейтеміз. Тарих сабақтары дегеніміз де бір қол жетпейтін немесе абстрактілі түсінік емес. Кәдімгі білім, тарихи зерде, ұлттық сана. Ұлттық санамыз мықты әрі сапалы болғанда ғана қамсыз болмаймыз. Өткен мен бүгін, бүгін мен болашақ арақатынасын, ерекшеліктерін екшелей отырып, қауіп қайдан, неден боларын да болжай аламыз. Мәселен, көп қазақтың өз ана тілінде сөйлей алмауы, тіпті кейде сөйлегісі келмеуінің өзі рухани қауіп екенін санамызбен түйсіне алмасақ – қиындық сонда болады. Ондай жағдайға да неше түрлі болжамдар айтылып жүр. Атап айтқанда, тіл жойылса ұлт қайда барады?
Тәуелсіздігімізге дейінгі дәуірде тілімізге Одақтық ресми билік тарапынан шектеу де, қысым да болды. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен тұста сол саясатты мейлінше ашық сынадық. Ал енді өз мемлекеттігіміз басталғалы бері ол тосқауылдың бәрі жойылды. Конституциямызда мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтадық. Оқу орындары қазақшаланып жатыр. Қазақтың өз ана тілінде сөйлемегеніне билікті сынап, әлдекімдерге соқтығып, кінәлай бергенше, әр азаматтың өз санасы оянып, өз жауапкершілігін сезінетін мезгіл келді емес пе? Бұл туралы да Елбасы көп еңбектерінде қадап айтты ғой. Яғни, әр азамат әлдекімдерді кінәлай бермей, өзінен іздеу, өзінен сұрауы керек. Ұлттық сана міндеті осында. Әр адамның өз отбасына деген тұрмыстық жауапкершілігі, әр баланың мектепке барып, орта білім алуы қандай міндетті болса – ана тілін білу міндеті де солай боларын отбасында түсіну қажеттілігіне әркімнің санасы оянатын кез де келді.
Осы мәселелердің барлығы да Елбасы еңбектерінде айтылып, көтеріліп келеді. Оны түсініп, жас ұрпақтың санасына жеткізу де мемлекеттік қызметкерлердің, мемлекеттің құзырлы институттары қызметкерлерінің, Парламент, әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының, атқарушы билік салаларының, сот билігі қызметкерлерінің, оқу орындарының мемлекеттік міндеті болса, әрбір ата-ананың, азаматтың тектік парызы. Бұл да тікелей сана, мемлекеттік сана қалыптастырып, тәрбиелеу мәселесімен байланысты.
Астана – жас ұрпақтың санасында, бойында ұлттық патриоттық, отансүйгіштік рух тәрбиелейтін Асыл Орда. Әрине ол өздігінен сондай бола алмайды. Оның сондай отаншыл мазмұнын ұйымдастырып, толықтырып, ел игілігіне жарату барлығымыздың абыройлы борышымыз болуы тиіс.
Отаншылдық, Отансүйгіштік қасиеттері адамның мінез-құлқы іспетті адамгершілік сезіміндей адамның табиғатына, болмысына тән болуы тиіс. Отан отбасынан, ата-ананың тәрбиесінен басталады. Астанаға Қазақстанның барлық өңірлерінен тұрғындар келді. Үлкен де, кіші де бар. Негізінен жастар келді. Жастар жаңа өмір, тұрмысқа икемді. Ал жастардың дүниетанымы, ұлттық, тектік санасы, ұлттық мүддені түсінуі қалай?
Өкінішке қарай, бізде көптеген ұжымдарда отансүйгіштік, патриоттық тақырыптары ресми жиналыс, қоғамдық-саяси шаралар немесе атаулы мерекелер тұсында, соның тақырыптық шеңберінде ғана айтылады. Яғни, науқаншылдықтан арыла алмай жүрміз деген сөз. Бұл да әлі ұлттық санамыздың төмендігін көрсетеді. Жиналыс, әртүрлі ғылыми конференцияларда, дөңгелек үстелдер ауанында бұл тақырып аз айтылмайды. Бірақ сана, дүниетаным кеңістігінде өзгеріс шамалы.
Ал Астана тақырыбы құрылыс нысанын тұрғызу, сәулет өнерінің жаңа үлгісін қалыптастыру ғана емес, Астана – жаңа рухани сана, жаңа дүниетаным, ұлттың жаңа сапалық деңгейімен, дәрежесімен көрікті де маңызды болары хақ.
Мемлекеттік басқару ісі, Елбасының барлық маңызды мемлекеттік шешімдері Астанада, Ақордада қабылданып, пәрмені бүкіл елге, мемлекеттің барлық деңгейіне таралуы заң, әрі бұлжытпай орындалуы тиіс. Сол сияқты Астана көптеген шараларға да бастамашы болатыны белгілі. Яғни Астана бүкіл өмірімізге рухани азық, үлгі болуы керек. Астана өркені қалай өссе, оның рухани өрісі де еркіндікпен шарықтағанын күтеді жұрт.
Астананы Алматыдан жаңа қонысқа көшіргендегі тағы бір мақсат – жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырып, халыққа қызмет ететін орындарды мейлінше бюрократтық әдіс-тәсілдерден арылту еді. Мемлекеттік қызметкерлердің жас буыны бірінші кезекке адалдықты, тазалықты, әділдікті, заңға бағынушылықты, ұлттық бірлікті шығаруы тиіс.
Астанада, мемлекеттік аппаратта қызмет істеу кімге болса да ерекше мүмкіндік, мәртебе. Соны әркім де қадірлей білуге міндетті. Астана ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің, ең озық ойының ортасы болуы керектігіне де әр қазақ мүдделі. Елбасы дәл осы салаға айрықша көңіл бөліп, реформалар жүргізумен келеді. Мемлекеттік қызметтің сапасын ең озық, өркениетті мемлекеттер дәрежесіне жеткізу жолында арнайы реформалар жүргізіліп, көптеген игілікті жаңалықтар енгізілді. Бұл кешенді жұмысқа қажетті заңдар қабылданып келеді. Мемлекеттік аппаратқа жаңа буын, жас толқын легі келді. Олардың қатарында шетелдік оқу орындарында білім алғандары да жеткілікті. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бабаларымыз айтқандай, олар елге шетелдердің тек жақсы, жағымды игіліктерін үйреніп әкелуге тырысуы қажет. Сондай-ақ әсіресе рухани сана, ұлттық мәдениет, тәлім-тәрбие, әдеп, тағы басқа тектік мәселелерде өз ұлтымыздың құндылықтарының да артықшылығын біліп, тұрмысымыздың жаңа бағытын да ұмытпағанымыз жөн.
Астана – қазақтың жаңа дәуіріне қан жүргізген жаңа жоба. Осы ұлы жобаны жүзеге асырып, ел игілігіне айналдыру арқылы ұлтымыздың ұзақ жылдар бойына басынан өткізген қиындықтарын еңсеру жолдары ашылды.
Қазақ үшін ол залалдар демографиялық ойсырау арқылы көрініс берген. Ресми статистика мәліметтеріне жүгінсек тек өткен ХХ ғасырдың алапат дүрбелеңдері – революциялар, соғыстар, саяси науқандар, ашаршылық, саяси қуғын-сүргіндерде халқымыздың жартысынан астамы қырылып-жойылғаны белгілі. Осындай қысымдардың зардабынан орасан көп халық мәжбүрлі миграцияға ұшырап, республикамыздың батыс өңірлерінде, әсіресе солтүстік, орталық өңірлерінде қазақтың саны тым төмендеп кетті. Бір бұрынғы Ақмола облысы мен облыс орталығы болған Ақмола (Целиноград) қаласын алсаңыз да жеткілікті. Біз тәуелсіздік алған жылдары Ақмола облысында қазақтардың саны жиырма бір-ақ процент, ал Ақмола қаласында жеті-ақ процент болғаны елге әйгілі.
Қандай да елдің өсуі, өркендеуі, оның тіршілікке, еңбекке қабілеттілігі, әрине демографиялық ахуалға байланысты.
СОКП-сы биліктен кетіп, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы бүкіл Одақ көлемінде Үлкен қозғалыс, ерсілі-қарсылы ағылған миграциялық процестер басталды. Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарында шоғырланған ірі өнеркәсіп орындары, тау-кен, көмір, металлургия, қорғасын, мырыш, машина жасау кәсіпорындары, әскери зауыттар, жалпы республикамыздағы өнеркәсіп саласының 93 пайызы түгелдей дерлік Орталыққа, яғни Мәскеуге бағынатын. Олардағы еңбек ететін адамдардың басым көпшілігі негізінен Орталықтан жіберіліп, жергілікті тұрғындардан бес-он пайыз жобасында ғана жұмысшылар алынатын. Осындай жағдайларға кезінде тың көтеруге сырттан келген миллионға жуық адамдарды, Карлаг-тің өзінде бір миллионға жуық тұтқындар болғанын олардың күзеттен бастап барлық тұрмысын бақылаған қаншама адамдар болғанын ескеріп, Бас штабы Алматыда орналасқан Орта Азия әскери округінде жеті жүз мыңға тарта әскери күш тұрғанын, Қазақстанға бағынбайтын қаншама әскери полигондар болғанын қоссаңыз, түйіндей келгенде қазақтардың саны тәуелсіздік алған жылдарда небәрі 40 пайызға жетер-жетпес болғаны себебін байқайсыз. Міне осындай әрекеттер өзінің нәтижесін де жоғарыдағыдай жергілікті халық өкілдерінің қатынасын төмендеткені белгілі.
Астана өз шаңырағын Орталық Қазақстанда көтеруі арқылы жаңа құрылыс алаңы ашылып, бұрынғы кәсіпорындар жаңа технологиялық жобамен жабдықталып, қайта түледі, заман талабына сай бұрын бұл өңірде болмаған жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Жаңа қалаға жаңа адамдар келіп, әлеуметтік нысандар, медициналық орталықтар, орта мектептер, жоғарғы оқу орындары, театрлар, сарайлар, спорт кешендері, бір-біріне ұқсамайтын тұрғын үйлер салынды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жастар жаңа кәсіптерге оқып, білім алып, еңбекке араласты. Бұрын жалғыз қазақ мектебі болған қалада қазір отыздан астам мектеп ашылып, жылдан-жылға мектеп табалдырығын аттайтын жеткіншектер саны еселеп өсіп келеді. Ендігі жерде бүгінге дейін ашылған мектептер жетіспей, жаңа мектеп жобалары мен құрылыстары құлаш сермеп келеді. Әрине шүкіршілік, қуанарлық жайлар. Қалада жаңа астаналық көңіл күй, жаңа келбет, жаңа мәдениет қалыптасып келеді. Астана халқының саны бес есеге жуық өсіп, қазір Алматыдан кейінгі екінші мегаполис болды. Бұрын тұрғындарының небәрі жеті-ақ пайызы қазақ болған қалада қазір сексен пайызға жуық қазақтар тұрады. Барлық экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани көрсеткіштер туралы да айтуға болады. Бірақ сол көрсеткіштер мен жетістіктердің іргетасы да, қайнар көзі де, өркендер мүмкіндігі де халық санының, оның тұрмыстағы үлесінің артуына байланысты болатыны да белгілі.
Астана бүкіл ел экономикасына серпінді күш берді. Астана көшкен алғашқы жылдары – енді Алматы провинция дәрежесіне түсіп, нашарлайды деген болжамдар айтылған. Қуанарлығы – олай болмады. Керісінше, Алматы да қайта түлеп, екінші демі ашылып, Астанамен жарысып, бәсекелесіп, өркендеп, өсіп, жарқырап, жайнап құлпыруда. Астанаға, Алматыға қарап, барлық облыс орталықтары иін тіресіп, жаңа келбет қалыптастырып, өсіп келеді. Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Орал тағы басқа облыс орталықтары бұрын-соңды болмаған серпінмен жаңа сипат, жаңа сәулет өнерлерін тоғыстырып, жұртшылықтың мақтанышына айналды.
Барлық қалаларда халқымыздың демографиялық өсім көрсеткіштері жоғарыға, жасампаздыққа, өркениетке өрлеумен келеді. Бұл – қазақтың өсу, өркендеу дәуірі. Сөз еткен жетістіктеріміз – Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстанның Жаңа Астанасының ұлттық мүддемізге қуатты оң ықпалының бір саласы ғана.
Астана шаңырағын көтеру тек Астана қаласында ғана емес, бүкіл Солтүстік, Орталық Қазақстанда – еліміздің ең құнарлы қара топырақты, қазба байлықтарға толы қазыналы жерлерінде халқымыздың тұрақтанып, тұрмыс салтанатын құруын қамтамасыз етті.
Бұл – әрине алдымен қалың қазақтың қамы, бабалардан қалған қасиетті мұра – жердің қамы.
Астана қазір көптеген халықаралық кездесулердің, форумдардың, ғылыми конференциялардың, мемлекетаралық келіссөздер өткізудің тағы басқа халықаралық шаралардың тиімді әрі ыңғайлы, жарасымды орны болды. Мұндай дәреженің кімге болса да пайдасы зор екенін ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Біріншіден, осындай ашықтық елімізді, Астанамызды танытуға үлкен мүмкіндік. Екіншіден, шетелдер өкілдерімен бейбіт, достық қарым-қатынасымызды күшейте түсеміз. Үшіншіден, бейбітшілік, жасампаздық кеңістігіміздің көкжиегі кеңейеді. Төртіншіден, Қазақстанның халықаралық беделі артып, ғаламдық геосаяси процестерге белсенді түрде қатынаса алады. Осыдан-ақ Астана қаласының дүние жүзіндегі танымдық дәрежесінің күн санап артып, еліміздің, ұлтымыздың беделін көтеріп тұрғанын байқау қиын емес.
Астана – ұлт мүддесіне қызмет етіп тұрған сәтті қала. Бұл – Елдің мәртебесі. Елбасының еңбегі.
Астана – Ұлы дала төріндегі Ұлы жоба.
Астана – қазақстандықтардың ортақ мүддесіне бүкіл елді жұмылдыра алған, дүниежүзі қоғамдастығының назары мен қызығушылығын аудара алған біріктіруші, ынтымақшыл, қуатты күш.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты