Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі жылына 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер сапында Бразилия, Үндістан, Қытай, АҚШ сынды алпауыттар бар.

Енді Қазақстандағы қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму барысына талдау жасау Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және қант зауыты төңірегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру арқылы инновацияны енгізуге тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасай отырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді. Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. Сол жылы 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының Киров және Талдықорған аудандарынан тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алынды. 2004-2014 жылдары елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға қысқарды. Ал қант қызылшасы – елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Табиғи-климаттық жағдай бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Түркістан облысының 4 ауданында (Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Әрине бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімді жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді.
Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2021 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу, өнім көлемін 1,0 млн тоннаға өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы ішкі нарықты отандық шикізаттан алынған қантпен толтыру, импорттық шикізатқа тәуелділікті төмендету, қант қызылшасын өндіретін шаруашылықтарға жұмысын алға бастыру үшін қолдау жасау белгіленгенін де атап айтуымыз керек. Елдегі жыл сайынғы қантқа сұраныс – 400 мың тонна. Сарапшылардың есебі бойынша Кедендік одақ елдерінде тәтті түбірдің жаңа жиналымынан 5,3 млн тонна қант өндірілген. Бұл Кедендік одақ елдерінің жыл ортасына дейінгі тұтыну талабын өтеуге, артылғанын экспортқа шығаруға жетеді.
Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайта қарқын алғаны қуантады. Облыста 2016 жылы оның егістігі 6,8 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2017 жылы 380 центнерден алынды. 2021 жылға қарай облыста бұл дақылдың егістігін 15,0 мың гектарға жеткізу көзделуде. Осы жылдары өнім дайындау көлемін 580 мың тоннаға дейін өсіруде жоспарланып отыр.
2016 жылдан бастап «Жетісу» ӘКК-сі инвесторларды тарта отырып, он жылға жуық тұрып қалған «Ақсу» қант зауытын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді. Оған 6 млрд теңгеден артық күрделі қаржы бөлініп, соның арқасында 2017 жылдың күзінде өндіріс іске қосылды. Зауыт 60 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, оны өңдеді.
Бүгінгі таңда қант қызылшасын өндіру технологиясының арнаулы ауылшаруашылық техникаларымен толық жарақтандырылмауы басты проблема болып тұр. Жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіші, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі сепкіш, егін оратын, жинайтын кешен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы проблеманы шешу үшін Алматы облысында аудандар бойынша 22 арнайы агросервистік орталық құрылуда. Осылайша, әрбір сервистік орталық өздерінің 100 гектар қызылшасынан басқа, 300 гектар қант қызылшасы алқабына ие болады. Орталықтың қуаттылығы 400 гектар қант қызылшасына есептелген және заманауи тракторлармен және арнаулы ауыл шаруашылығы машиналарымен толық жарақтандырылған. Орталықтар белгіленген баға бойынша, аймақтардың жерді пайдалануын дифференциалды түрде ескере отырып, басқа қызылша өсірілетін шаруашылықтарға да агротехникалық қызмет көрсетеді. Осындай мақсатпен 17 сервистік орталық өткен жылы 1060 гектарға өздері егіп, әр гектарынан орташа 510 центнерден өнім алды. Сонымен қатар жалпы 75 шаруашылықтың 3800 гектар алқабына сервистік қызмет көрсетілді.
Жамбыл облысындағы қант қызылшасы өндірісі жайлы ойымызды ортаға сала кететін болсақ, Жамбыл облысында өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілді. Әр гектардан орташа 300 центнерге дейін өнім алынып келгені белгілі. Алайда КСРО күйрегеннен кейін қызылша өсірудің көптеген дәстүрі жоғалып кетті. Бүгінде облыста осы дақылдың даңқын қайта жаңғыртуға, өсіру технологиясын қалпына келтіруге, бұрынғы өнім көлеміне қол жеткізуге күш салынуда. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2017 жылы 9,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті. Дақылдың орташа өнімділігі 220 центнерді құраған. 2015 жылы жергілікті шикізаттың үлесін көбейту есебінен Жамбыл облысындағы екі қант зауыты қант қызылшасын өңдеуге толық көшуі жоспарланған, бірақ Тараз қаласындағы зауытта қант құрағы шикізаты әлі де өндірістің негізгі көзі болып қалып отыр.
2016 жылы облыстық бюджеттен қант қызылшасын себетін шаруашылықтарға жалпы 420 млн теңге бөлінді. Оның 220 млн теңгесі тұқым сатып алуға, ал 200 млн теңгесі техника алуға бағытталған. 2017 жылы тәтті түбірді өсіру процесін, яғни тұқым себуден өнімді жинауға дейінгі жұмыстарды үйлестіру өкілеттілігі берілген арнаулы комиссия бақылап отырды.
Өкінішке қарай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Яғни, елімізде бұл дақыл тұқымының өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі зауыт салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ.
Қазіргі таңда Қазақстанда қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і шетелдік өнім. Негізінен «Ардан Авантаж», «Роксан», «Дануб», «Венера», «Гримм», «Крокодил» (және басқалары. Шетелден әкелінген тұқымдар арнайы зауыттарда өңделген сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда олар Қазақстанда тамыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі ауыруда. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32000-45000 теңге аралығында. Ал отандық будандар бағасы 10000-15000 теңге көлемінде. Бұл шетелдік будандардың бағасы өзіміздікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз.
Қазіргі кезде қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек қой. Мұндағы тағы бір мәселенің бірі – оларды егіске сапалы дайындау. Бұл тұқымның іріктелуіне, жақсы қорғалуына, дұрыс сақталуына қатысты болмақ. Техникалық мүмкіндіктің, яғни, тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз ұтылып отырмыз. Қазіргі кезде тұқымды себуге әзірлеу қарабайыр тәсілмен жүргізілуде. Оны дайындау қарапайым әдіспен түрлі електерден өткізу және «ТМТД» препаратымен дәрілеу арқылы жасалып отыр. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жіберілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен, айырықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолданылады.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту.
Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда институт жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, «Қамқорлық» ЖШС-да жыл сайын 7-ден 10 тоннаға дейін отандық будан тұқымын шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Қамқорлық» ЖШС-пен және «Жылыбұлақ» ЖШС-пен бірлесе отырып, отандық тұқымға деген сұранысты 2020 жылға дейін 50 % өтеп, сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ақсу, Айшолпан, Тараз, Шекер атты қазақстандық қант қызылшасы буданын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.
Қазақстан Республикасында өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы, өнімділікті арттырып қант өңдеу инфрақұрылымының (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз. Менің жеріне жеткізе айтып, ортаға салып отырған ойларым, пікірлерім, ұсыныстарым еліміздің ертеңі үшін екенін екінің бірі жақсы біледі. Осыларды жұдырықтай жұмылып іске асыра білетін болсақ, дәулет пен берекенің берік негізін қалайтынымыз анық. Демек, сөз бен істің бірлігі үйлесімін тапса, алмайтын асуымыз жоқ.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры