Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге ерекше назар аударып, Астана қаласының айналасын жасыл желекке айналдыру туралы бастаманы қолға алды. Бұл негізінен Ақмола облысындағы көршілес Бурабай мен Зерендіні туристік кластерге айналдыру аясында жүзеге асырылуда.
Осындай маңызды жобалар қолға алынып жатса да, Бурабай мен Зерендінің орманын заңсыз отау азаятын емес. Бір көшетті отырғызып, өсіру үшін ондаған жыл қажет. Бірақ орманға жаулықпен қарайтындар мұны назарға да алмайды. Өйткені оларға ағаш кесу құқығын беріп отырған да – орманды қорғауға тиісті мемлекеттік органдар. Біздіңше бұл қаскүнемдікті дереу тоқтату керек. Абылай ханның ақ ордасы болған киелі Бурабайдың ағашын заңсыз кесіп, бір түп көшет отырғызбау – ұлттық үлкен қасірет. Бурабайдың сұлу табиғаты біздің көз алдымызда жойылып барады.
Өткен жылдың өзінде Ақмола облысында 110 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркеліп, жалпы аумағы отыз мыңдай шаршы метрдің ағашы заңсыз оталғаны анықталған.
Жақында «Ақ жол» ҚДП Мәжілістегі фракциясына Зеренді ауданы, Қанай би ауылының 75 тұрғыны қол қойған хат келіп түсті. Онда «Кіші Түкті» орман шаруашылығының тоғыз мыңдай гектар орман қоры «Жасыл ағаш» серіктестігіне ағаш кесіп, дайындау үшін 49 жылға пайдалануға заңсыз берілгені туралы дабыл көтерілген. Жергілікті тұрғындармен ешқандай қоғамдық тыңдау өткізілмеген.
Дәл осындай оқиға Бурабай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында да орын алып отыр. Кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызу бағытында да жұмыстар жоқ деуге болады. Ағашты бұлай отай берсек, барлық жасыл байлығымыздан айырылып қаламыз. Елімізде туристік кластерді жүзеге асыру бастамасына да балта шабылуы мүмкін. Біз осы мәселелерді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің назарына жеткізіп, тиісті шара қолдануды өтіндік.
Меруерт ҚАЗБЕКОВА,
Мәжіліс депутаты