Аймақтар • 25 Маусым, 2018

Бақыт бастауы

598 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы Қызылжар өңірінде де кең қанат жайып, жұртшылық асыға күтетін тағылымды дәстүрге айналды.

Бақыт бастауы

Петропавл қаласында жал­пы­ұлттық конкурстың облыс­тық кезеңі жеңімпаздары мен жүл­дегерлерін марапаттау рәсімінде Ақжар ауданының намысын абыроймен қорғап, үшінші орынды иеленген Әміреновтер отбасына лайықты құрмет көрсетілді. Олай болатын жөні бар. Бұл шаңырақ – күштік құрылым иелері. Берік аудандық ішкі істер бөлімінде инспектор-кинолог болып жұмыс істейді. Жан жары Жанар капитан, кәмелетке толмағандар ісі жө­ніндегі инспектор. Екеуі де әріп­тестері алдында сыйлы, бе­дел­ді. Темірдей тәртіпке үй­рен­ген­діктен, өзгелерден де жи­на­­қы­лықты, жауапкершілікті талап етеді.

Беріктің бұл саладағы жұмыс өтілі ширек ғасырға жуық. Еңбек жолын уақытша ұстау оқшау­ла­ғы­шында кезекшіліктен бастап, бүгінде төрт аяқты көмекшісімен бірге көптеген қылмыстарды әшкереледі. Жұмыстың ұсақ-түйегі болмайды. Сенім биігінен көріну – мен үшін үлкен мәртебе. Өзара түсіністік, сыйластық орын алған отбасының іргесі берік, уығы мықты келеді. Жоғары қоғамдық, рухани-адамгершілік танымдарға жетелейтін мұндай сайыстар ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастырудың, қамтамасыз етудің пәрменді жолы екенін атай кеткім келеді. Өйткені ұлттық, мәдени дәс­түр­лер «шағын мемлекеттен» бас­тау алатыны айтпаса да түсінікті, деп отағасы ағынан жарылады.

Жанар жөнінде сөз бөлек. Отанасы офицерлік мамандық пен ата-аналық міндетті қатар алып жүру оңай емес екенін айтады. Бес ұл-қызына деген махаббат, сүйіс­пеншілік сезімі оны кәсіби тұр­ғыдан қалыптасуына үлкен себепші болған. Уақытының көп бөлігі мектеп оқушылары ара­сында өтетіндіктен, олардың не айтпағын, емеурінін қас-қа­ба­ғынан айтқызбай-ақ ұғады. Тәр­­тібі мен үлгерімі төмен талай балақай апайларының пайд­а­­лы кеңестерін алып, жаман дағдылардан арылып жатады. «Балаларды бөліп-жарып қарамаймын. Мен үшін бә­рі бірдей. Олардың жан-дү­ниесін түсініп, дұрыс бағыт бе­ріп, тура жолға сала білу ке­рек. Жас­та бер­ген тәрбие жас қайың­ды игенмен бірдей. Ақыл-ке­ңес­терім тығырықтан шы­ғуға сеп­­тігін тигізіп жатса, еңбек­тің ақ­талғаны», дейді Жанар Мере­ке­қызы.

Әміреновтер отбасының ең кіш­кентайы екі жаста. Ис­ла­м мен Алуа тетелес. Әке-ше­шелері түзде жүргенде бар жау­апкершілік Аланға жүк­те­леді. Үйдің тұңғышы Диас Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық қазақ мектеп-интер­натында білім алады. Ол оқу­да да, спортта да үздік. Түрлі бай­қаулар мен жарыстарда енші­ле­ген марапаттары мен медальдары жетерлік. 9 жастағы Ислам ата-ана­сына қолғанат, тек «беске» оқиды.

Берік пен Жанардың бас­ты арманы балаларын қам­қор­шыл, елгезек, ел патриоттары етіп тәрбиелеу. Ата-ана­лар­дан алған тәлім-тәрбие, аға ұрпақты сыйлау, құрмет көрсету қағидаттарын өнегелі отбасы үшін бұлжымас заң тәрізді.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Ақжар ауданы