Брифинг барысында М.Баймұхан Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 22-23 тамызда Варшаваға жасаған сапары шеңберінде қабылданған Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы Декларацияның маңызы зор. Жалпы, тәуелсіз Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдан бастау алады. Халқының саны 38 млн адамды құрайтын бұл ел 2004 жылдан бері Еуропалық одаққа мүше болып табылады. Польша – экономикасы әлеуетті ІЖӨ-сі тек өсімді көрсетіп келе жатқан ел. Бұл көрсеткіш бойынша Еуропада 6-орында, ал әлем бойынша 24-орында тұр.
Қазақстанмен парламентаралық әріптестікті нығайту мақсатында құрылған топ жұмысына Польшаның жоғарғы заң шығарушы органдары болып табылатын Сейм мен Сенатта қызмет ететін польшалық 56 депутат қатысады. Сонымен бірге тағы бір топ экономика, ғылым және азаматтық қоғам мәселелерін қарастырады. Келесі жылдың маусым айында Польшаның Сенаты мен Сеймінен жасақталған делегация Қазақстан Парламентіне ресми сапармен келмек. Ал қазақстандық депутаттар Варшаваға күзде қарымта сапармен барып қайтатын болады. Елшілік жүргізген жұмыстар негізінде Польшаның әр аймағынан Қазақстанның аймақтарымен жеке-жеке әріптестік орнату мақсатында еліміздің облыстарына делегациялар ресми сапармен келуде. Польшаның аймақаралық әріптестікке ұмтылуы олардың ұлттық ерекшелігіне тән. Мәселен, 3-6 сәуірде Люблин әкімдігі мен Талдықорған қаласы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Жуырда тағы бір поляк делегациясы Қостанай мен Павлодар облыстарына ат басын тіремек. Ал әр меморандум облыстың өзіндік ерекшелігін назарға ала отырып, жасақталады.
Екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Польшаның статистикалық мәліметі бойынша, 2018 жылдың алғашқы үш айында екіжақты тауар айналымы 459,9 млн еуроны құраған. Оның ішінде Польшадан Қазақстанға әкелінетін экспорт 86,3 млн еуроны құраса, Польшаға жеткізілетін отандық өнім құны 373,6 млн еуроны құрап отыр. Жалпы, Қазақстанның аталмыш елге экспортқа шығаратын өнімдер тізбегінің көшінде минералды отын, минералды майлар мен воск, оларды тазалаудан өткізгеннен кейінгі өнімдері, битуминозды заттар, түрлі жемістер, бейорганикалық химиялық заттар, қымбат металдардың органикалық немесе бейорганикалық қосылыстары, радиоактивті элементтер мен изотоптар, майлы дақылдар, балық, теңіз, бидай өнімдері тұр. Ал қазақстандық нарыққа Польшадан келетін импорттық өнімдер қатарында машина мен механикалық қондырғылар (олардың бөлшектері), жемістер, электр құрылғылары мен жабдықтары, фармацевтік өнімдер, сүт өнімдері, пластмасса және одан жасалатын өнімдер, темірден немесе болаттан жасалатын бұйымдар бар.
«Осы орайда елшілік қазақстандық өнімді Польша нарығында ілгерілетуге байланысты барлық мүмкіндіктерді қарастырып, экспорт бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Мәселен, аккумулятор, дәрілік өсімдіктер сату, фармацевтика, алкоголь өнімдерін сататын компанияларға жан-жақты консультация беріп, оларға қолдау көрсетіп, өздерінің мүмкіндіктерін диверсификациялауға барынша мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ әлемде алма экспортынан АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орынды алатын Польша тек алма экспорттап қоймай, болашақта алма сор-
тын Қазақстанға әкеліп өсіруі мүмкін. Біз осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз», деді елші брифинг барысында.
Мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық та белсенді түрде дамып келеді. Қазіргі таңда Польшада 800-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Елде «Рухани жаңғыру» және «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық жобасы аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің озық үлгілері» мұражай экспозициясын өткізу жоспарлануда. Осы орайда М.Баймұхан елшіліктің қолдауымен «Kazakh Tourism» АҚ Польшаның Гданьск қаласында еліміздің туристік әлеуетін таныту және поляк туристерін Қазақстанға шақыру мақсатында Варшавада өтетін WorldTravelShow халықаралық туристік көрмеге қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Елшінің айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуетін 38 млн халқы бар Польшаға кеңірек таныстыру үшін екі елдің туристік компанияларымен әріптестік орнату қажет екен. Сонымен қатар бұл салада ақсап жатқан тағы бір тұс, елдің қызықты жерлеріне саяхаттауға арналған таныстыру материалдары өте кемшін. Туристердің елге аз келуі де содан болуы мүмкін. Сондықтан елшілік осы олқылықтардың орнын толтыруға барынша күш салуда. «Оның алғашқы қарлығаштары ретінде «Қыз Жібек», «Ер Төстік» кітаптары поляк тіліне аударылып, Қазақстан туралы соңғы ақпараттар жинақ түрінде жарыққа шықты. Олар бизнес қауым өкілдеріне, мемлекеттік органдарға таратылды. Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар тікелей елшілік жұмыстарына байланыс-
ты. Сондықтан біздің ісімізде «ұсақ-түйек» деген жоқ», деді М.Баймұханов.
Венера Түгелбай,
«Егемен Қазақстан»