Өңір үшін тұрғын үй кезегінің сақталмауы мен баспана бөлу барысында жекелеген азаматтарға артықшылықтар беру де таңсық құбылыс емес. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің мәліметтері бойынша, тұрғын үй-коммуналдық бөлімдерінің жұмыстарына жасалған талдау Сарысу ауданының тұрғын үй комиссиясының бір бөлмелі пәтер алуы тиіс азаматтар Б. мен П.-ға заңсыз артықшылықтар жасағанын көрсетті. Заңнама талаптарына қарамастан, оларға екі бөлмелі пәтерлер берілген. Ал, екі баласы бар азаматша Б.-ға тұрғын үй комиссиясының шешімімен екі бөлмелі пәтер берілсе, осындай жағдайдағы екі балалы азаматшалар К. мен З.-ға комиссия шешімімен үш бөлмелі пәтерлер бөлінген. Бұған қоса, тұрғын үй комиссиясы мүшелерінің заңсыз әрекеттері мен тұрғын үйлерді заңсыз бөлу салдарынан заңнамамен реттелетін белгіленген тұрғын үй алу кезегінің реті бұзылған. 119 және 120-кезектегі көп балалы отбасылы азаматшалар Т. мен И.-ге пәтерлер, 117-кезек ретімен тұрған дәл сондай көп балалы отбасылы азаматша Н.-дан бұрын берілген, бұл азаматша қазіргі күнге дейін өз кезегін күтуде. Кезегі жетпеген адамдарға негізсіз пәтер берудің осындай фактілері Талас ауданында да анықталды. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының 10 мыңдай фитосанитарлық сертификаттарды заңсыз беру фактілері тіркелді. Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаевтың айтуынша, бұл мемлекеттік қызмет толық емес құжаттар пакетімен жүйелі негізде соңғы 2 жыл бойы көрсетіліп келген. Осылайша Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген тиісті регламент талаптарына қарамастан, қабылданған өтінімдердің көпшілігі тіркеуге алынбаған, сондай-ақ басшылықтың бұрыштамасы мен кіріс мөртабаны жоқ және өтініштің келіп түскен күні көрсетілмеген. Демек, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін созбалаңға салуға, не болмаса оны жылдамдатып жіберуге мүмкіндік алу үшін қабылданған өтінімдер әдейі тіркеуге алынбаған. Тіптен, өтіп кеткен күнмен сертификаттар жасау жағдайлары да анықталды. Нәтижесінде, Қылмыстық кодекстің 369-бабының 2-тармағы – қызметтік жалғандық дерегі бойынша инспекцияның бас маманы С.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен мемлекеттік қызметші кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым иелену құқығынан айыра отырып, оған 1 миллион 588 мың теңгеден астам көлемде айыппұл салынды.
Өкінішке қарай, көп азамат қазіргі күні заңнамаға сәйкес әртүрлі заңсыз игіліктер алған адамдар ғана емес, оларды бергендер де жазаға тартылатынын ұмытып кетеді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен жергілікті полиция қызметінің бірлесе жүргізген рейдтік тексерісі барысында Жол қозғалысы ережелерін бұзған, Lexus GX 470 маркалы көлік жүргізушісі, азамат Р.-ның ЖПҚ инспекторларына 2 000 теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы беру фактісі анықталды. Сонымен Әкімшілік кодекстің 676-бабы (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi) бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, қалалық мамандандырылған әкімшілік соттың қарауына жөнелтілді. Нәтижесінде, сот қаулысымен азамат Р. 481 мың теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір мысал. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаңтар айының соңында Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесімен күрес департаментінің қызметкерлері Қордай ауданының аумағында азамат Ш.-ны ұстап, одан салмағы 187,14 грамм героин табылған. Қылмыстық іс одан әрі тергеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық ІІД тергеушісі К.-ге тапсырылған. Біраз уақыттан кейін оған азамат И. келіп, өзін ұсталушының туысымын деп таныстырған және қабылдауын өтінген. Қызметтік кабинетте азамат И. тергеушіге 1 миллион теңге ұсынып, азамат Ш.-ның әрекетін неғұрлым жеңіл қылмыс түріне қайта саралауды сұраған. Азамат И.-дің полиция қызметкеріне ақша ұсынған заңсыз әрекеті құжаттандырылып, айғақ заттар алынды және қылмыстық іс материалдарына тігілді. Азамат И. мен оның осы іске қатысқан әпкесі де сот арқылы 2 айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы 2017 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін басым бөлігі аудан әкімдіктерінің бөлім басшылары болып табылатын лауазымды тұлғаларға қатысты 16 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың барлығы жалпы сомасы 1 миллион 500 теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылып, аталған сома толық көлемде мемлекет кірісіне алынды.
Мақсұт Нәлібаев сонымен қатар, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өңірлік мемлекеттік органдардың шамамен 2 миллион теңгеге мемлекеттік қызмет көрсеткенін атап өтті. Ақпараттық жүйелер арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтің өсу қарқыны көңіл қуантады. Соңғы жылдары электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлес салмағы 33,5 пайызға өсті. Демек, дәстүрлі тәсілмен көрсетілетін қызмет саны едәуір азайып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де төмендеуде.
Айжан МАДИМАРОВА,
Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз хатшысы
Тараз