Футбол • 25 Маусым, 2018

Соңғы турда мықтылар кездеседі

371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресей жерінде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты орта тұсына жетіп қалды. Бүгін топтық кезеңдегі соңғы тур ойындарына старт беріледі. Бірқатар топтарда 1/8 финалға шыққан құрамалардың есімдері анықталса, кейбір құрамалардың әлі де плей-офф кезеңіне шығуына мүмкіндіктері бар. Ал біз бүгін таныстыруымызды «G» тобында сынға түсіп жатқан Англия, Тунис және Панама құрамаларына арнаймыз.

Соңғы турда мықтылар кездеседі

Ағылшындардың қарқыны күшті

Англия футболдың отаны саналып, әлем футболына бір­талай жұлдыздарды сыйлағанымен, дүниежүзілік доп додасындағы нәтижелері кө­ңіл көншітерлік емес. 21 рет ұйым­дастырылған әлем чем­пио­натының 14-не қатысқан ағыл­шын құрамасы тек бір рет ғана жаһандық турнирде топ жар­­ған. 1966 жылы өз елдерінде ұйымдастырылған доп додасында сол кездегі Германия Федеративтік Республикасын финалда 4:2 есе­бімен жеңіп, алтын жүлдені ие­ленген-ді. Арадан 52 жыл өтсе де Англия құрамасының футболшылары Дүниежүзілік біріншілікте бас жүлдені иелене алмай келеді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін ағылшын футболшылары биылғы аламанға тас түйін дайын екенін алғашқы турда Туниске қарсы өткен ойында байқатты. Ту­нис құ­ра­масының фут­болшысы Ферд­жани Сасси соқ­қан жалғыз голына ағылшын шабуылшысы Харри Кейн екі голмен жауап беріп, құрамасына маңызды үш ұпай сыйлады.

Англия құрамасының биыл­ғы әлем чемпионатына келген құрамын 2014 жылы Брази­лия­да өткен біріншілікпен са­лыс­­тыруға мүлдем келмейді. Ағыл­­шындар Ресейге әлем чем­пионаттары тарихында ең жас (орташа 26 жас) құрамды алып келді. Екі жыл бұрын Францияда өткен Еуропа чемпионатында Англия дәл осы құ­раммен қатысқан еді. Сол уақытта да «Тоттенхэм» бестігі (Уокер «Манчестер Ситиге» ауы­сып кетті) және «Ливерпуль» мек­тебінің түлектері Стерлинг, Хен­дерсон, Александр Арнольд, «МЮ-ден» Лингард және Янг бар. Сондай-ақ бұл жолы Варди мен Кейннің жанына жас талант Маркус Рэшфорд қосылды.

Екі жыл бұрын ағылшын командаларында аздаған тоқырау болғаны белгілі. Мысалы, 2016 жылы ешкімге беймәлім болған «Лестер» командасы чемпион атанып, алпауыт командаларды артқа тастап еді. «Тоттенхэм» клубы да ұзақ уақыт үзілістен соң ЕЧЛ ойындарына қайта оралған-ды. Кейн, Алли, Дайер секілді футболшылар АПЛ дәрежесінде көзге түскенімен, Еуропа жасыл алаңдарында тәжі­рибелері аз болатын.

Дегенмен, екі жылдың ішін­де АПЛ командаларында Пеп Гуардиола, Антонио Конте, Жозе Моуриньо, Почеттино, Юрген Клопп секілді жаттықты­рушылар жұмыс істей бастады. Осыдан соң ТОП клубтар бұ­рын­ғы биігіне қайта оралды. Тек Англияда емес, Еуропада да ағыл­шын клубтары өз ойындарын тауып, рейтинг ұпайлары бойынша жеті жылда бірінші рет Испаниямен теңесті. Бес командасы ЕЧЛ плей-офф кезеңіне шықса, «Ливерпуль» финалда жеңілді. Әрине дәл осындай даму ұлттық құрамаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Енді Англия футболшылары кез келген қарсыласқа лайықты ойын көрсете алатынын дәлелдей бас­тады.

«Панама – екі теңіз күші»

Осындай ұранмен жасыл алаңға шығатын Панама құ­ра­­масы футболшылары КОНКАКАФ (Солтүстік пен Ор­та­лық Америка және Кариб теңізі мемлекеттерінің футбол конфедерациясы) былтыр тұңғыш рет әлем чемпиона­тына қатысуға мүмкіндік алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. КОНКАКАФ ай­мағындағы бесінші іріктеуде Панама құрамасы Мексика, Коста-Рика, Гондурас, АҚШ және Тринидад және Тобагомен жолдаманы сарапқа салған. Соңғы тур алдында Мексика мен Коста-Риканың әлем бірін­шілігіне қатысатыны белгілі бо­лып қойған еді. Ал АҚШ фут­­болшылары соңғы турда Три­нидад және Тобаго құрама­сынан жеңіліп, үшінші жолдамадан қағылды. Панама футбол­шылары әлем чемпионатына баратыны нақтыланып қойған Коста-Рика құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, тарихта бі­рінші рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Өткен жылдың 11 қазан күні Панама әлем чемпионатына жол­­дама алған соң ел президенті сол күнді ұлттық мереке ретінде атап өтіп, бір күндік демалыс деп жариялады.

Transfermarkt сайты Панама құрамасының футболшыларын 11,6 миллион еуроға ба­ғалаған. Бұл биылғы әлем чемпионатына қатысып жатқан құ­ра­ма­лардың арасындағы ең тө­мен­гі көрсеткіш. Панамалық 23 фут­болшының тек бесеуі ғана Еуропа жасыл алаңдарында ойнайды. Атап айтар бол­сақ, қақпашы Хайме Пе­не­до Румыния чемпионатында, қорғаушы Эрик Дэвис Сло­вакия біріншілігінде, жартылай қорғаушылар Рикардо Ави­ла мен Хосе Луис Родригес Бель­­­гия чемпионатындағы «Гент» командасының қосалқы клу­­бын­да, шабуылшы Исмаэль Диас Испанияның үшінші лигасын­да доп тебеді. Қалған фут­бол­шылар Оңтүстік және Сол­түстік Американың ішкі бі­ріншілік­терінде ойнайды. Биылғы әлем бірін­шілігінің алғашқы турында Панама Бель­гия құрамасымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіліп қалды.

Тунис тағы да жеңілді

Тунис құрамасы Ресейдегі әлем чемпионатының іріктеу ке­зеңін польшалық маман Хен­рик Касперчак қол астында бастаған болатын. Бірақ жарты жолға келген Тунис футболының басшылары оны қызметінен бо­сатып, орнына жергілікті ма­ман Набиль Маалулды бас жат­тықтырушы етіп тағайынды. Кас­перчак Туниспен бірге әлем чемпионатына іріктеуді жақсы бастаған-ды. Бірақ оның қызметінен кетуінің бас­ты себебі – Тунистің 2017 жыл­ғы Африка кубогының ширек финалында Буркина-Фасо құра­масынан жеңіліп қалуы болды. Набиль Маалул Тунисте беделі бар маман саналады. Ол өз уа­қы­тында құрама сапында 74 рет ел намысын қорғаған футболшы. Сонымен қатар ол 2004 жылы Африка чемпионатында Тунис құрамасы бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарған.

Тунис құрамасының аты атал­ғанда Еуропа футболын жақсы білетін жанкүйерлердің есіне Аймен Абденнур оралатыны анық. Өз уақытында «Тулуза», «Монако», «Вален­сия» сияқты клубтарда ойнаған қорғаушы Абденнур күні кешеге дейін Тунистің нағыз сенімді қорғанысы саналатын еді. Дегенмен, қорғаушы соңғы уа­қытта «Валенсия» клубының қосалқы құрамына түсіп қалып, ұлттық құрама сапына іліге алмай жүр. Айменнің орнын ендігі кезекте Али Маалул мықтап ие­леніп, құраманың негізгі жетек­шісіне айналып үлгерді. «Әл-Ахли» футболшысы 2014 жылдан бері құрама сапында үздіксіз ойын көрсетіп келеді.

Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Туниске Кон­го футболшылары лайықты қар­сылық көр­сетті. Әсіресе Кон­года өткен матч екі құрама үшін жолдама тағ­дырын шешіп бер­гендей болды. Себебі сол ой­нында тунистіктер алаң қо­жайындарынан 2:0 есебімен жеңі­ліп жатып, ойын соңында есепті теңестіріп кеткен-ді. Дәл осы матч­тан кейін Тунис пен Конго арасын 3 ұпай бөліп тұр­ды. Соңғы турда Туниске тең ойын да жетіп жатыр еді. Сөй­тіп ақырғы турда Тунис тең ой­нап, 12 жылдан соң қайтадан мун­диаль жолдамасын иеленді.

Әлем чемпионатының топ­тық кезеңінде Тунис құрама­сымен бір топта сынға түсетін Англия (0:2, 1998) және Бельгия (1:1, 2002) футболшыларымен бұған дейінгі біріншілікте жолығып үлгерген. Бұл жолы да аталған құрама­лар­мен кездесіп, Англиядан 2:1 және Бельгия құрамасынан 5:2 нәти­жесімен жеңілді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»