Өнер • 25 Маусым, 2018

Ұлттық домбыра күні Астанада «Домбыра – асыл мұра» көпшілік серуені өтеді

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Астана күнін мерекелеу қарсаңында мерекелік концерт және «Домбыра – асыл мұра»  көпшілік серуендерінің өткізілуіне арналған баспасөз конференциясы өтті. 

Ұлттық домбыра күні Астанада «Домбыра – асыл мұра» көпшілік серуені өтеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 шілде Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын. Қазақтың төл аспабын жалпыұлттық деңгейде әспеттейтін жаңа мейрамның болғанына Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Жоғары оқу орындары және өнер ұжымдары ризашылықтарын білдіруде. Бұл жөнінде профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Тұрар Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрқиса Дәуішев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева баяндады.

Мемлекет Басшысы «Ұлттық домбыра күнін бекіту туралы» 2018 жылғы 12 маусымдағы № 699 Жарлығына қол қойды. Елбасының осы жарлығын қолдау мақсатында Алматыдан арнайы Ахмет Жұбанов және Күләш Бәйсейітова атындағы мамандандырылған мектептерінен 500 дарынды оқушы домбырашылар Астанаға ат басын тіремек. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің халықаралық, республикалық байқаулардың 90 лауреат домбырашысы және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінен 70 адам арнайы келіп қатыспақшы. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан 200 ұстаз бен студент, Қазақ ұлттық өнер университетінен 500 жас өнерпаз домбырашы қатысады.

1 шілде күні сағат 12:00-де «Қазақ елі» монументінің алаңында мерекелік концерт және «Домбыра – асыл мұра»  көпшілік серуендері өтеді.