15 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі «Егемен Қазақстан». 2002 жыл. Сенбі, 14 желтоқсан.

895 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ел игілігі ел халқына қызмет етуі керек «Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 9 жыл бұрын­ғы, яғни 2002 жылғы 14 желтоқсандағы мерекелік нөмірі Елбасының жоғарыдағыдай сөзімен ашылыпты. Онда Астанада Үкімет мүшелері мен әкімдердің қаты­суымен республикалық кеңес болып өткендігі, кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлегендігі айтылады. «Осы жылы біздің халқымыз табысты да жемісті еңбектенді. Оны қуана айтамыз. Барлық дәрежедегі әкімдер өз мүмкіндіктерінше жұмыс атқарды. 2003 жылдың бюджеті өз дәрежесінде ойдағыдай бекітілді», деп бастапты өз сөзін Мемлекет басшысы. Мұнан әрі Елбасы ел экономикасының дамуы қар­қынды сипат алғандығына тоқталыпты. Жыл қоры­тын­дысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 9,4 процентті, өнеркәсіптің өсуі – 9,8 процентті, ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы өсім – 2,5 процентті, құрылыста 19 процентті құрағалы отырғаны анықталған. «Бұл жайында әлем­дік экономикалық тенденциялардың аясында әңгіме ету өте-мөте жағымды. Әлемдік валюта қорының бол­жамы бойынша әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 2002 жылы 2,8 процент деңгейінде болмақ. Өнеркәсібі дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,7 процентті, дамушы елдерде – 4,3, транзитті эко­но­микалық елдерде 4,5, ТМД-да – 4,5, Ресейде – 4,4 процентті құрауға тиіс» деген Елбасы елімізде үш жыл қатарынан ауыл шаруашылығының жанданып келе жатқанын айрықша атап өткен. «Биылғы жыл шын мәнінде берекелі жыл болды. Диқандарымыз ерледі. Рекордты өнім жиналды. Баршаңызды осы табыспен құттықтаймын», депті. Елбасы жарияланып отырған ауыл жылдарының міндеттері өз Жолдауында жарияланғандығын айтқан. «Үш жылдық мерзімге белгіленген мемлекеттік аграр­лық азық-түлік бағдарламасы бекітілді. Жаңа Жер кодексі дайындалып, Парламенттің қарауына енгізілді. Осы құжатта ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерге жеке меншікті енгізу алғаш рет көзделіп отыр» деп мұнан әрі 2003-2005 жылдардағы бюджет жоспар­ларын­да ауыл-селоны, оның барлық мүдделерін қар­жы­ландыруды едәуір ұлғайту көзделінгендігіне тоқталыпты. Елбасы осы сөзінде Үкіметтің алдына бірнеше міндет қойыпты. Біріншіден, экономикалық өсудің барынша жоғары қарқынына қол жеткізу. Екінші міндет – мемлекеттік, сондай-ақ отандық және шетелдік инвестициялардың өсу қарқынын сақтау. Үшіншіден, әлеуметтік бағдарламаларды іске асырудағы күш-жігерді тек ауылда ғана емес, сонымен бірге тұтастай ел бойынша өсіру. Осы ретте Елбасы кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес проблемасын айрықша атап көрсеткен. Төртінші міндет – шағын және орта бизнесті дамыту. Осы ретте Елбасы «Жаңа индустриялық саясатқа келетін болсақ, ол әлі де қалыптастырылмаған, талқыланбаған, бекітілмеген. Алайда нақты нұсқаулар қашан келеді деп күтіп отырмай, қазірден бастап жұмыс істеңіздер» деп Үкіметті қамшылай түсіпті. Осыған орай айтарымыз, Қазақстан қазіргі күні Ел­басы­ның сол сөзінде айтылған жаңа индустрия­лан­ды­ру саясатын кең көлемде қолға алып, нақты жүзеге асыру үстінде. Соңғы екі жылдың аясында іске қосылған, «Егемен Қазақстан» газетінің әр нөмірінде күн сайын жарық көріп жатқан сол жүздеген жобалар Елбасының алыстан көздейтін және көздеген істі нақты шындыққа айналдыратын көрегендігі мен қайраткерлігінің айқын көрінісі деп есептейміз (Ред.). Жоғарыдағы аталған жиында Елбасының Үкімет алды­на қойған бесінші міндеті – жергілікті өзін-өзі басқаруды кеңейту. Осы ретте Мемлекет басшысы мұның бәрі қоғам­ды демократияландыру процесін тереңдетуге бағытталған зор саяси маңызы бар мәселе екендігін атап көрсетіпті. Алтыншы міндет – интеграциялық процестерді одан әрі тереңдету. «Бұл мәселеге биліктің барлық тармақтары мен деңгейлері барған сайын белсендірек және тікелей қа­ты­сатын уақыт жетті» деп атап көрсетіпті Елбасы. Президент сөзінің соңында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ортақ мақсат жолындағы бірлескен істерге сәттілік тілепті.   Бостандықтың бір баламасы болған Астананың архитектуралық ажары Елбасының ұдайы назарында Осындай тақырыппен берілген газет тілшісі Берік Садыр­дың хабарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астанабасжоба» кәсіпорнының жаңа ғимаратында бірқатар министрліктер жетекшілерімен, қала басшылығымен, сәулетшілермен және ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кеңес өт­кі­зіп, онда елорданы дамытудың бас жобасы жан-жақты тал­қы­ланғандығы туралы айтылады. «Жуырда ғана мемлекет орталығы Сарыарқа төсіне қоныс аударуының бес жылдығы атап өтілсе, осы мерзімде қала таны­мас­тай өзгеріп, әлем назарын өзіне аударып отыр. Кеңес бары­сында мұндай ілгерілеушілікті атап көрсеткен Президент елор­да­дағы жаңа орталықтың айшықтала бастағандығын, таяу күн­дері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің ғимараттары іске қосылатынын айтты. Мемлекет басшысы жаңа құрылыстар салумен қатар, қа­ла­ның ескі үйлерін бұзып, ол жерде сәулетті жаңа ғи­ма­раттар тұрғызуға тапсырма берген болатын. Қазір көне де құлағалы тұрған осындай үйлерден 120 гектар жер тазар­тыл­ған. Келесі жылы қала құрылысына 49 миллиард теңге инвести­ция тарту жоспарланып отыр, мұның өзі биылғы бөлін­ген­нен 75 пайызға артық. Сондай-ақ, қаланың бірқатар көшелері қайта жөнде­ле­ді, шағын аудандарда абаттандыру жұмыстары жүргізіледі», деп жазыпты тілші. Хабарда 2003 жылы Президенттің резиденциясы, Сенат пен Мәжілістің ғимараттары, Үкімет үйі, Сыртқы істер министр­лігінің ғимараты және басқа да маңызды нысандардың іске қосылуы тиіс екендігі айтылған. Қазіргі күні бұл ғимараттардың барлығы іске қосылып, елорда көркіне көрік қосып тұрғандығы барша жұртқа белгілі (Ред.).   Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады Белгілі журналист Ербол Шаймерденұлы бірқатар жыл­­дардан бері Елбасының айтқан қанатты сөздерін ұқыптап жи­нас­тырып жүреді екен. Тәуел­сіздік күні қарса­ңын­дағы нө­мір­де газет редак­ция­сы Е.Шай­мерденұлы жи­нас­тырған осын­дай қанатты сөз­дердің бірқатарын «Ой-қазына» айдарымен оқыр­ман­ға ұсыныпты. Газеттің бір бетін алып тұрған Ел­басы айтқан осы сөздерден үзін­ділер келтіре кеткенді жөн көрдік (Ред.). Біле білсек, осы он жыл­дағы еңбегіміздің ең басты қо­ры­тын­дысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған – мойындайтын, құр­мет­тейтін мемлекет құра алдық.

***

  Адамзатқа ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген.

***

Тарих жолы қашанда тайғанақ.

***

Шығыстың саяси мүдделері көбіне-көп дәстүрлі топтардың қолдауына арқа сүйейді.

***

Көзсіз көнтерілік те, ессіз күстаналық та – бірдей қауіпті.

***

Конституция – кемел келешектің кепілі.

***

Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және ұлт­аралық келісім.

***

Демократия жарлықпен орн­а­тыл­майды.

***

Ұлт мәселелерін шешудің әмбебап әдістері болмайды.

***

Өткенге қарап, ертеңіңді түзе.

***

Тарих пен тіл тамырлас.

***

Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

***

Күшті ұлт болу үшін алды­мен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет.

***

Қазақ та енді үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсетуі керек.

***

Қабырғалы халқы болмаса қандай басшының да тауы ша­ғыл­май, тауаны қайтпай қой­майды.

***

Теңізде дауыл тұрғанда түбіндегі қоқыстың бәрі судың бетіне шыға келеді.

***

Қауесет деген қара күйе сияқты; күйдірмейді, күйе­лейді.

***

Саясат безбендеушісі – ел.   Ауыл жылының мақсаты айқындалды, міндеті белгіленді Газет тілшісі Сұңғат Әліпбайдың бұл кең көлемді репор­тажында Елбасының қатысуымен өткен агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша республикалық кеңесте қамтылған жайттар сөз болады. Кеңестегі негізгі баяндаманы жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов­тің сөзінен деректер келтірілген. Онда екі жыл қатарынан елімізде миллиард пұттан астам астық алынып, жүгері өндірісі 40 пайызға, майлы дақылдар 22 пайызға, қант қызылшасы 53 пайызға артқандығы, ауыл шаруашылығы саласы 2002 жылды 10 миллиард теңгеден астам таза пайдамен қорытындылайтындығы айтылады. Осы уақыттардың ішінде өңдеу өнеркәсібінің саласында да табыстар болып, ішкі өңдеу өнеркәсібі дамыған. Соның нәтижесінде елімізге сырттан келетін шұжық импорты 4 пайызға, ет консервісінің импорты 20 пайызға, ал сары майдікі 20 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсалған қаржы 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, 13 миллиард теңгені құра­ған. 2002 жылы ауыл шаруашылығы саласына 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл осыдан екі жыл бұрын­ғыдан 4 есе көп. Жиында Агроөнер­кәсіп кешені қызметкер­лері кәсіподағы респуб­ли­калық комитетінің төр­­ағасы Жәзит Құдай­құлов, Ақмола облы­сы­ның әкімі Сергей Кулагин, Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов, Ал­маты облысы Іле ау­да­нының әкімі Н.Н. Ле­гутов және басқа­лары сөз алып, өз өңір­лерінде қол жеткен та­быс­тар мен алдағы атқа­рылатын істерге тоқта­лыпты.   2003 жылға арналған республикалық бюджет туралы Газеттің бір бетіне осындай тақырыппен Қазақстан Респуб­ли­касының Заңы беріліпті. Онда 2003 жылға арналған респуб­ликалық бюджеттің түсімдері 631 миллиард 555 миллион 690 мың теңге болып белгіленгендігі, ал шығыстары 714 миллиард 395 миллион 690 мың теңге болып белгіленгендігі, бюджет тапшылығы 82 миллиард 840 миллион теңгені құрайтындығы келтірілген. Біздің бұл цифрлардан байқап отырғанымыз, 1998 жыл­мен салыстырғанда, яғни 5 жылда республикалық бюд­жеттің 3 еседен астамға өскендігі. Мәселен, 1998 жылдың респуб­ли­калық бюджетінің кірісі мұның алдындағы нөмір­лерде айтқанымыздай, 196 миллиард 503 миллион 609 мың теңге, ал шығысы 281 миллиард 334 миллион 379 мың теңге болып белгіленген болатын. Ал 2003 жылғы бюджеттің кірісі 631 миллиард теңге 555 миллион теңге болып белгіленіп отыр. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі 2011 жылғы республикалық бюджеттің кірісі мен шығысынан шамамен алғанда 7 еседен астамға төмен екен. Өйткені, жуықтағы өткен Үкімет отырысында үстіміздегі жылдың бюджеттік көр­сеткіштері өсу бағытына қарай қайта нақтыланған кезде Қаржы министрі Болат Жәмішев 2011 жылға арналған респуб­ли­калық бюджеттің түсімдері бұрынғыға қарағанда 183,3 миллиард теңгеге арттырылып, жалпы көрсеткіш 4 триллион 439,9 миллиард теңге болады деп қайта жоспарланғандығын жеткізген болатын. Елі­міз­дің содан бері қан­ша­лықты дамып, қан­дай үлкен мүм­кін­діктерге ие бол­ған­дығын осыған қарап-ақ байқай беріңіз (Ред.). Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.