«Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты қазіргі таңда жергілікті биржаның қазақстандық және халықаралық брокерлік компаниялармен сауда операцияларын жүргізуге дайындығы пысықталуда. Сонымен қатар «АйОсКо» құнды қағаздар жөніндегі халықаралық комиссия, «БиСиБиЭс» банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті және «АйЭфЭсБи» Ислам қаржылық қызмет көрсету кеңесі сынды танымал ұйымдармен ортақ стандарттар бекітіліп, жалпыға бірдей қағидаттар басшылыққа алынбақ. Осы ережелер капитал нарығының тиімділігі мен тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов:
− Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ұлт жоспары стратегиялық жоспары бойынша АХҚО-ның жұмысын жандандыруда аса маңызды 3 реформаны, яғни мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, экономиканы әртараптандыру, оның ішінде жекешелендіруді жетілдіру, заңның үстемдігін арттыру бағыттары бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұған дейін айтылғандай, «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағылшын заңнамасы бойынша жұмыс істейді. Бүгінгі күні аталған жүйе Лондон, Нью-Йорк, Дубай, Сингапур сынды әлемдік қаржы орталықтарында кеңінен қолданылды. Бұған қоса, АХҚО жанынан құрылатын тәуелсіз сот пен тәуелсіз арбитраж орталығының жұмысы шетелдік инвесторлардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді, − деді.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бекітілген тапсырмасына сәйкес, елімізде жекешелендіру шараларын жүзеге асыру бойынша АХҚО жекеге өтетін бірқатар нысандарды анықтаған. Қ.Келімбетов атап өткендей, 2018-2020 жылдары «ЭйрАстана», «Қазақтелеком», «Қазатом-
өнеркәсіп» компаниялары жекешелендіруге берілсе, 2019-2020 жылдары «ҚазМұнайГаз» бен «ҚТЖ»-ны жекеге өткізу жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған компаниялар ел экономикасындағы ІЖӨ-нің 40 пайызын құрайды. Бұған дейін қазақстандық компаниялар Лондон, Гонконг сынды алпауыт сауда нарықтарына бет бұрғаны белгілі, өз кезегінде АХҚО еліміздегі компанияларды тарту үшін барлық мүмкіндіктерге жол ашады.
Жекешелендірудің де аталған орталық аясында өткізілуі аса маңызды қадам болмақ.
− Біз осы мақсатта әлемдегі ең ірі биржалармен байланыс ортнатқан халықаралық Астана биржасын құрдық. Бұл ретте активтермен жұмыс жүргізу ісі де негізгі бағыттардың бірі. «Астана» халықаралық қаржы орталығы алдағы 20 жыл ішінде әлемдегі озық санаттағы 20 орталықтың қатарына енуді көздейді.Оған барлық жағдай жасалып отыр», − деді АХҚО-ның басқарушысы.
Еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген АХҚО-ның ашылуы ел экономикасының алдағы уақытта жаңа бағытта тың серпінмен дами түсуіне негіз болары сөзсіз.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»