Қазақстан • 26 Маусым, 2018

Елорданы күй тербейді

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Астана күнін мерекелеу қарсаңында мерекелік концерт және «Домбыра – асыл мұра» көпшілік серуендерінің өткізілуіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.  

Елорданы күй тербейді

Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Тұрар Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық халық аспаптары оркес­трінің директоры Нұрқиса Дәуішев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаева қатысып, кештің бағдарламасы турасында баяндады.

«Домбыра ата бабамыздан қалған асыл қазына. Ұлттық домбыра күні мере­кесінің өскелең ұрпаққа берер тағылымы зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекі­тілген жаңа мейрам – Ұлттық домбыра күні ұлттық өнерді насихаттап жүргендер үшін үлкен қолдау. Қазақтың төл аспабын жалпыұлттық деңгейде насихаттау мақсатында жасалған дүние үшін Елбасына айтар алғысымыз шексіз. Домбыраның адам жанын тебіренте алатын қасиеті бар. Қазақтың күйлері де, қоңыр домбырасы да бабаларымыздан қалған мұра. Күй өнері – қазақ халқы­ның рухани байлығының, жан дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті түрі», деді А.Үлкенбаева.

Мемлекет басшысы «Ұлттық домбыра күнін бекіту туралы» 2018 жылғы 12 маусымдағы №699 Жар­лығына қол қойды. Елбасының осы Жарлығын қолдау мақ­сатында Алматыдан арнайы Ахмет Жұбанов және Күләш Байсейі­това атындағы маман­дандырылған мектептерінен 500 дарынды домбырашы келе жатқанын атап өткен абзал. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің халықаралық, республикалық байқауларының 90 лауреат домбырашысы және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Оты­рар сазы» оркестрінен 70 адам арнайы келіп қатыспақшы. Және де Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан 200 ұстаздар мен студеттер, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінен 500 жас өнерпаз домбырашы қатысады. Шара 1 шілде күні «Қа­зақ елі» монументінің алаңында өтеді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»