15 Желтоқсан, 2011

Проза патшасы

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы жарық көрді Бұл күндері Тәуелсіздігіміздің төл мерекесіне бағыш­талып жатқан тірліктер легі аз емес. Соның бірі – «Атамұра» баспа корпорациясында жарық көрген «М.Әуезов» тұлғалық энциклопедиясы. ҚР Ұлттық кітап­ханасында өткен жаңа кітаптың тұсаукесеріне Әуезов­ті айналып өтпеген барша зиялы қауым өкілдері – қаламгерлер, белгілі ғалымдар қатысты. «Атамұра» баспасынан 1995 жылы ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай алғашқы энциклопедия жарық көрген болатын. «Мұхтар Әуезов» – «Атамұрадан» басылып шыққан екінші тұлғалық энциклопедия. Сонымен, «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы редакциясы жа­зушының өсіп-өнген ортасы, айналасы, шығармашылық бай мұрасы, басқа да мәселелерді жан-жақты қамтыған 3 мыңға тарта мақала, 500-ге жуық суреттерді жинақтаған. Энцикло­пе­дияда әр тақырыптардағы ма­қалаларды жазған академик-про­фессорлар, ғылым доктор­ла­ры мен кандидаттар, жазушы-журналистер, басқа да маман­дық иелерінен құралған автор­лар саны 200-ден асады. «Атамұра» корпорация­сы­ның тағы бір тартуы – «Қазақстан та­рихының» қазақ және орыс тілдерінде басып шығарылған бес томдығы. Бес томдық – көне заманнан бүгінге дейінгі Отан тарихын жаңаша көзқараспен бағалаған құнды еңбек. Тұсаукесер аясында К.Сегіз­байұлының авторлығымен жу­ыр­да ғана «Атамұрадан» жарық көрген қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде қазақтың ұлт­тық тағамдарының жүздеген түр­лерінің әзірлену жолдары мен өзіндік ерекшеліктерін көрсете­тін, түрлі-түсті суретті «Қазақы дастархан» атты кітап-альбомы да ұсынылды. Мұның бәрі тәуелсіздікпен тете баспа корпорациясының ел мерекесіне тартуы. Сонымен «Атамұра» корпорациясы ЖШС президенті Рақымғали Құл-Мұ­хаммед тұсаукесер рәсімін аш­ып, жаңа тұлғалық энцикло­пе­дия­ға қатысты зиялыларымыз пі­кірлерін ортаға салды. – Биыл Мұхтар Әуезовтің өмірден өткеніне 50 жыл. Жа­зушының таңдамалы 50 том­ды­ғы шықты. Келесі жылы өмірге келгеніне 115 жыл толады. Ғұ­ла­маға арналған тұлғалық энци­клопедия биыл алғаш рет жарық көріп отыр. Біріншіден, бұған үлкен қажырлы еңбек қажет бол­са, екіншіден, 60-қа жуық бас­па табақ кітапты шығаруға аз қаржы кетпейтінін де өзде­ріңіз білесіздер. Соған қарама­с­тан, осынау құнды дүниені шы­ғару «Атамұра» баспа корпора­циясының еншісіне бұйырғанын үлкен жауапкершілікпен әрі зор мақтанышпен сезіндік, – деді корпорация президенті Рақым­ғали Абрарұлы. Баспа корпорациясы басшы­сының айтуынша, бұл энцикло­пе­дияны дайындауға баспа қыз­меткерлерімен қатар, ең алды­мен, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының ғалымдары атсалысқан. Елімізге белгілі үлкен ғалымдар Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсын Жұртбай ағаларымызбен бірге, өздері дүниеден өтсе де мол мұра қалдырған Зәки Ахметов, Рымғали Нұрғали, Зейнолла Қаб­долов сияқты академик аға­ларымыздың үлкен еңбектерін айтып кеткен жөн. М.Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов: – Әкеміздің 100 жылды­ғын­да осындай энциклопедия шы­ға­ру жоспарланған еді. Одан бері 15 жыл өтті. Бірақ, бұл эн­ци­клопедия дер кезінде қолымызға тиді. Егер бұл кітап 10 жыл бұ­рын жарық көрсе, көп нәрсе қамтылмай қалар ма еді?! Екі арада көптеген зерттеулер жүр­гі­зілді. М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты, Әуе­зов мұражайы мен М. Әуезов қоры қосылып біраз жұмыс ат­қардық, – деді. ҚазҰУ профессоры Қансейіт Әбдезұлы Мұхтар Әуезов бү­кіл саналы ғұмырының отыз жыл­ға жуығын қарашаңырақ ҚазМУ-де студенттерге лекция оқуға арнағанын алға тартып, осы кезеңге байланысты өмір белестері де энциклопедия ішінде терең қамтылғанын және жа­зушыға байланысты өте сирек суреттер орын алғанын атады. Тұсаукесер барысында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ғалымдар Тұр­­сынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы Қаб­деш Жұмаділов, ұзақ жылдар Семейдегі Абай мұражайының директоры болған Төкен Ибрагимов, «Қазақ энциклопедия­сының» басшысы Бауыржан Жа­қып, заң ғылымдарының док­то­ры Есберген Алауханов сөз алып, энциклопедияға қа­тыс­­­ты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.