Білім • 28 Маусым, 2018

«Болашақ» стипендиясы үміткерлеріне талап күшейеді

694 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының жетінші бағытын іске асыру аясындағы білім берудің жаңа сапасы және «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығы туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтып берді.

«Болашақ» стипендиясы үміткерлеріне талап күшейеді

Т.Ешенқұловтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы арқылы 25 жылда 10 096 маман даярланды. Оның ішінде 5 мыңнан астамы – магистрлер, 3 мыңға жуығы – бакалаврлар, 300-ден астамы – PhD докторлары, аспиранттар мен интерндер, сондай-ақ 1800-ге жуығы – тағылымдамадан өтушілер.

Түлектердің 53%-ы гуманитарлық мамандықтар бойынша, 37,8%-ы –инженерлік-техникалық, 7,4%-ы – медицина және 1,8%-ы – шығармашылық мамандықтар бойынша оқуларын тәмамдады. Түлектердің 40%-дан астамы экономиканың нақты секторында, 20%-ы – білім және ғылым саласында, 7%-дан астамы медицина және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді.

«Қазіргі таңда 1255 стипендиант білім алып жатыр. Экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін ескере отырып, 160 мамандықты қамтитын 2018 жылға арналған басым мамандықтардың тізімі жаңартылды», деді Т.Ешенқұлов.

Осы жылы стипендиялардың шекті саны 555 бірлік болып отыр. Құжат­тар­ды қабылдау мерзімі – 2018 жыл­дың 9 наурызынан 31 тамызына де­йін жүргізіледі. 2018 жылғы 24 мамыр­дағы Шетелде кадрлар даярлау жөнін­дегі республикалық комиссия отыры­сының нәтижесі бойынша 67 үміткер «Болашақ» стипендиясына ие болды. 2018 жылдың 26 маусымындағы есеп бойынша «Болашақ» стипендиясына конкурсқа қатысу үшін 381 адам өтініш білдірген, оның 222-і тіркелген, 159-ы ұсынылған құжаттардың толық еместігі немесе үміткерлерді іріктеу ережелеріне сәйкес келмеуі және басқа себептер бо­йынша қабылданбады.

«Болашақ» стипендиясына 20 жыл болған сәттен бастап бағдарламаны іске асыруға айтарлықтай өзгерістер енгі­зілді.

Біріншіден, «6+6» (6 ай – елде, 6 – шетелде) форматы бойынша тіл үйре­нуге даяр­лау жергілікті, яғни елімізде жүргізіледі.

Екінші, IELTS 3.0-тен 5.0 және 5.5-ке дейін ағылшын тілін білуге қатысты жеңіл­дікті санаттарға қойылатын талап артты. «Мәдениет және БАҚ қызмет­керлері», «жалпы конкурс», «докторантураға өз беті­мен түскендер» тәрізді қосымша жеңіл­дікті санаттар енгізілді (бағдарлама аясында тіл үйренуге даярлауды қарастырады).

Үшінші, дипломның орташа балына қойылатын талаптар күшейтілді ( GPA 3,0-ден 3,3 дейін).

Стипендиаттарды оқыту үшін ЖОО-лар тізімі оңтайландырылды: топ -70 ЖОО әлемдік жалпыуниверситеттік рейтингтер бойынша, топ-20 ЖОО әлемдік пәндік рейтингтер бойынша жасақталды. 2018 жылы бұл тізім ұлттық пәндік рейтингтерге сәйкес АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция тәрізді әлемдік білім индустриясының көшбасшы университеттерімен толықтырылды.

Төртінші, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу үдерісіне өзгерістер енгізілді – конкурс алты турдан тұрады. Жасалған келісімшарттар негізінде міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдіктер ұсыну механизмі енгізілді.

Бесінші, өңірлік тепе-теңсіздікті азайту және өңірлерге кадрлық ротация­ны қамтамасыз ету үшін Астана және Алматы қалаларында 5 жылдың орнына өңірлерде 3 жылмен «орталық-өңір» сұлбасы бойынша жұмыс істеу мерзімін қысқартумен еңбек өтілі үшін сараланған тәсіл енгізілді. Сонымен қатар облыстық, аудандық маңызға ие қалалардағы және облыстың басқа да аудандарындағы білім беру ұйымдарындағы өтілі – 2 жыл. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде «мемлекеттік қызметкер» санатының түлектеріне өтілге рұқсат етілген. Өтілін өтеу кезінде декреттік демалысты ескеру бойынша механизм енгізілді.

Алтыншы, тәжірибеден өту үшін жаңа қызметкерлер санаттары енгізілді. Бұл «ғылыми қызметкер», «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкерлері», «ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласының қызметкерлері».

Жетінші, «магистратураға өз бетімен түскендер» санаты үшін GPA қойылатын талаптар 3.3-ден 3.0 дейін төмендетілді. Тіл үй­рету курстарынан өту кезеңінде тілді игер­уін бақылау механизмі енгізілді.

Бұдан өзге, білім және ғылым вице-министрі Т. Ешенқұлов бағдарлама­ның тиімділігін одан әрі арттыру үшін алдағы бес жылдық кезеңге бірқатар маңызды іс-шара жоспарланғанын мәлім­деді. Айталық конкурстық ірік­теу­г­е қатысуға қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлік деңгейде онлайн-тестілеу рәсімдерін енгізу көзделген. Үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында магистратураға үміткерлер үшін ағыл­шын тілін білу талабын IELTS 6.0-ға дейін және басқа барлық квота санаттары үшін жоғары балл жинау жоспарлануда. Тек «инженерлік-техникалық қызметкерлер» санатына – IELTS 5.5. деңгейі жеткілікті.

Ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талаптардың күрделенуіне байланыс­ты 2025 жылдан бастап стипендия аясындағы барлық квота санаттарын алып тастау жоспарда бар.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»