Ақпарат айдынындағы әріптесімізге де керегі осы екен, туған өлкесі туралы төгіліп бір әңгіме айтсын.
– Қазақстанда да осындай жерлер бар ма дейсің. Сен түгілі, біздің жақтың адамдарының бәрі Сарысу жақта мұндай керемет жерлер, табиғаттың тылсым құбылыстары мен жақпар-жақпар таулары бар екенін біле бермейді, – деді әріптесіміз. Сөзінің жаны бар. Қиянда жатқан Сарысу ауданының алыс екені рас.
Қысқасы, осы сурет Сарысу ауданына бастаған сапарымызға түрткі болып тынды. Біз де қазаққа тәңір тарту еткен табиғаттың тамашасын білмей өтер ме едік, осылайша ғайыптан Жамбыл облысындағы Сарысу ауданына, оның ішінде Жаңатас қаласына жолымыз түспегенде.
Сонымен суреттегі Қаратау сілемдерінен 300 метр биіктікте орналасқан пирамиданы өз көзімізбен көрудің сәті түсті. Уақыт мүжіген бұл пирамиданы адам тұрғызды ма, әлде Табиғат-Ананың шебер қолынан шықты ма, бір Аллаға аян. Бір ақиқаты, бұл жерде құпиясы ашылмаған жұмбақ тастар да, үңгірлер де көп. Пирамиданың дәл іргесінде Қарауылтөбе бар. Жоңғар, қалмақ шапқыншылықтары кезінде оның ішіндегі үлкен үңгірде бұл тауда елімізді қорғаған бабаларымыз дамылдап, қарауылдап жатқан деседі. Жау келе жатқанда осы төбеден түтін шығарып, белгі берген көрінеді.
Осы бір қысқа ғана сапарда тұнып тұрған табиғат туризмді дамытып, оны табыс көзіне айналдыруға сұранып тұрған Сарысудың тамаша тауларын, Шоқай датқа, күйші Ықыластың кесенесі сияқты тарихи орындарын аралау мүмкіндігін жіберген жоқпыз.
Бізді алыстан арбаған пирамидаға да жеттік-ау, бірақ, шынын айту керек, тура түбіне бара алмадық. Сондықтан да бұл пирамида суреттегідей кішігірім емес.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы