Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Кеңесті дамыту келешегі талқыланды

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай СІМ-і Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) мәсе­лелері жөнін­дегі Арнайы тобының жетекшісі Гу Цзыпинмен кездесті.

Кеңесті дамыту келешегі талқыланды

Сұхбат барысында Қ.Әбдірах­манов Қытай Халық Республикасының АӨСШК төрағасы қызметіндегі (2014-2018 жылдар) жұмысын жоға­ры бағалады.
Тараптар Форумдағы төр­а­ға­лықты ҚХР-дан Тәжік­станға беру, Кеңестің Бесінші саммитін өткізу мәселелерін, сондай-ақ АӨСШК үдерісін одан әрі дамыту келешегін талқылады.

Сыртқы саясат ведомство­сының басшысы Кеңестегі ынтымықтастықтың барлық бес өлшемі бойынша – әскери-саяси, экономикалық, адами, экологиялық өлшемдер және жаңа сын-тегеуріндер мен қатер­лер саласында іс жү­зін­дегі ықпалдастықты үдету ма­ңыз­дылығын атап өтті. 
«АӨСШК 4-ші Шанхай саммитінде айтылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес негізінде Азиядағы қауіп­­сіз­дік және даму ұйымын (АҚДҰ) құру бастамасын, соның ішінде «екінші трек» шең­берінде жұмыс атқару арқы­лы, халықаралық ғылыми және академиялық топтарды тар­та отырып, іске асыру өзекті бо­лып қалып отыр», деді министр.

Тараптар АӨСШК шең­беріндегі өзара ықпалдас­тық­тың тиімділігі мен нәти­желілі­гін арттыру, сондай-ақ форум құрамының географиясын кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыру, сыртқы байланыс­тарды ұлғай­ту, өңірлік және халық­ара­лық істерге кеңінен қатысу қажет­тігі туралы бір пікірге келісті.

АӨСШК шақыру туралы тұңғыш бастама Қазақстан Президенті Н.Назарбаев тарапынан 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында көтерілген болатын. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді құрылым құру ниеті болып табылады.

Бүгінгі таңда Кеңеске 26 мемлекет мүше. Оның жұмы­сына 9 мемлекет пен 5 халық­ара­лық ұйым байқаушы ретінде қатысады. АӨСШК Хатшылығы Астана қаласында орналасқан.

Сол күні Қ.Әбдірахманов Аустрия елшілігі сауда бөлі­мінің экономика мәселе­лері бойынша кеңесшісі – «Advantage Austria» Аустрия халықаралық сауда агенттігі құрған алғашқы Алматыда ашылған офистің басшысы Михаэл Мюллерді қабылдады. Кездесу барысында Сауда бөлімнің Қазақстан-Аустрия байланыстарын тереңдету ісіне қосқан үлесі атап өтілді. Сауда бөлімінің қолдауымен Астанада 27-28 маусымда Қазақстан-Аустрия аймақтар форумы өтті.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше