15 Желтоқсан, 2011

Қазақтың мақтанатын, шаттанатын кезі бұл!

704 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Әкім ТАРАЗИ бізбен ел өміріндегі айшықты белес – Тәуел­сіздіктің елең-алаң шағынан бастап, қазіргі кезеңге дейінгі жүріп өткен жолдарымыз, мемлекет ретінде қалыптасу, Арқа төсіне орнаған еңселі елорда, халқын өркениет көшіне бастай білген Елбасы жайлы ой-толғамдарымен бөліскен еді. – Әкім аға, егемендік жарияланар алдындағы жағдайды көз алдыңызға бір елестетіп көрсеңіз қайтеді. Бәлкім, Тәуелсіздікті даяр асқа тік қасықтай көретіндер үшін бұл сабақ болар. – Егемендік жарияланар алдында Ке­ңестер одағының бір топ жазушыла­ры­мен бірге Сингапурға бардым. Осын­дағы мерзімді басылымдар дүние жү­зінің ал­тыдан бір бөлігіне жетпіс жыл­дан астам өз үстемдігін жүргізіп келген социалистік жүйеде аштық басталды деп жазса, телеарналар Мәскеу мен Ленинградтағы дүкендердің жылан жа­лағандай бос сөре­лерін көрсетіп жатты. Кекету-мұқату сары­нындағы сөздер жа­нымызды жара­лып, көңілге қатты тиді. Қанша айт­қан­мен бір шаңырақ ас­тында өмір сүрдік. Өткеннің бәрін күйе­леген­нен гөрі жақсы мен жасығын ажы­ратқан ләзім. Бірақ қанша намыс­тансақ та, олардың айтқан­дары шындық еді. Елге оралдық. Айлап жалақы, зейнетақы ала алмағаннан кейін жұртшылықтың тұр­мы­сы әбден төмен­деп, еңсесі езіліп кеткен. Бәрі жоқшы­лықтың, жетіспеу­ші­лік­тің салдары ғой. Күнделікті тұты­натын заттар зым-зия жо­ғалып, ертеңгі күні қою қараңғы түндей көрінсе, бойды да, ойды да үрей билеген. Жалпы, ашуға бу­лық­қан, ақыл­дан айрылған адамдар­дың тобырға айналуы оп-оңай. Еліміздің әр қиырында митинг, жиындардың өрт­тей қаулап тұр­ған кезі. Одақтың қайта ор­науын көк­сеуші сепаратистік топтар­дың соңына ерген, алдауына түскендер қан­ша­ма еді. Сол кезеңнің тірлігін сипат­тайтын бір мысал келтірейін. Роза екеуміз Алматы­да бірінші қабатта пәтер жал­дап тұра­тынбыз. Сағат 8-ден бастап балалар ой­най­тын алаңқайда сүт саты­лады. Ел түн­гі 3-тен кезекке тұрады. Сүт жетпей қалса, айғай-шудың көкесі сонда бо­ла­ды. Күнде қайталанатын құбылыс бол­ған­дық­тан, етіміз үйреніп кетті. Егемендіктің әрбір қазақстандық үшін үлкен мәні бар. Қазақстанның өз алдына жеке мемлекет болып, тыңнан түрен салғандай кезеңдерден өтуі қазір айтуға ғана жеңіл. Оған жету оңай бол­ған жоқ. Сондықтан ауық-ауық айтып, жастардың есіне салып отырған дұрыс. Қазіргі ұрпақ сезінуі тиіс. 20 жылда қай саланы алсақ та керемет табыстарға жет­кеніміз анық. Бірақ оны 0-ден емес, керісінше – 20-дан бастауымыз керек. Әмір­­шіл-әкімшіл режім келмеске кеткенімен, орнын ойсыратып кетті. Ілгері басқан аяғымызды кері сүйреп тастады. Сол жай ғана қалпымызда жүрген кезде егемендік алған болсақ, оны мақтанып айтуға болар еді. Біз керісінше, 20-ға шегініп кеттік. Алғашқы 7-8 жыл сол 20-ны қал­пына келтіруге кетті. Қазақ­стан­ның кемеліне келіп, дамуға шындап бет алғаны – соңғы 10-11 жыл ғана. Яғни, жоқтан бар жасау, қирандыдан мемлекет орнатқаны үшін ғана Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назар­баевқа шексіз алғыс ай­туымыз керек. Мен өзім алақайлап қуана алмайтын адаммын. Ішкі көңіл-күйімді сыртқа көп шығара бермеймін. Әлі есімде, 31 жел­тоқсанда БҰҰ дауысқа салмай-ақ Қазақ­станды мүшелікке қабылдады. Сонда ғана шын тәуелсіздікті сезінгендей күй кештім. Алайда бізден бұрын еркіндікке қол жеткізген өзбектер дүрілдетіп атап өтті. Қа­зақстан да бұл қуанышты ескерусіз қал­дыр­мас деген ойым ақталмады. Рас, телеарнада басшылық қызмет атқа­ратын Дулат Исабеков жақсы хабар ұйымдастырып, көңілім бір көтеріліп қалды. Жаңа жылдық кеш ретінде өтсе де, Тәуелсіздігіміздің рухын асқақтатты. Кеш шырайын Роза, Бибігүл апалары­мыздың әндері аша түсті. Түнгі 12-лер шамасында жүгіртпе жолдар арқылы «Еге­мендік құтты болсын!» деген құт­тық­тау көзге көрінер-көрінбес әріптер­мен берілді. Сонымен тәмам! Кейде неге олай болды екен деп ойланамын. Сөйт­сек, оның себебі, түп тамыры әріде жа­тыр. Бірнеше ғасырға созылған отарлық езгі ұлт санасын әбден сансыратып жіберді. Отар­шыл­дар алдымен адамның жадын жау­лайды. Сосын көкірегін тұн­шықтырады. Ұлттық намыс жоқ жерде құлтемірден айырмашылығымыз болмай қалады. Әр көтеріліс сайын қанға бөк­кен халықпыз. Сырым Датовтан бері алсақ, Ресей пат­шалығына қарсы 100-ден аса көтеріліс болған екен. Солардың өздері там-тұмдап қана айтылып жүр. Ең ірілері – Созақ, Қарқара, Жамбылдағы Көк­көз көтерілісі...Көкірегіміз басылып, кеудеміз жаншылып қалғандықтан, егемендіктің алғашқы күндері қуана алмағанымыз сондықтан. Шын мәніндегі Азаттықты енді біліп жатырмыз. Ұлттық санасы биік буынның өсіп келе жатқаны қуантады. – Шүкіршілік, мәртебемізді асқақ­та­татын жетістіктерімізді санамалап шы­ғудың өзі қиын. Қазақстанды төрткүл дү­ниеге танытқан ғажайыптарымыз­дың бірі – Арқа төріндегі елорда екені белгілі. Не­сін жасырайық, кезінде Ас­тананы кө­ші­­руге қарсылардың қата­ры көп болды ғой. – Еліміздің ертеңін, болашағын күні бұрын ойлап, болжай білген Елбасы­мыз­дың ұлылығы Астананы Арқа төсіне ауыс­тыру кезінде айқын байқалды. Әлі эконо­микамыз толыса қоймаған қиын кездің өзінде осындай шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келмесі анық. Бастапқыда менің де Ақмолаға көңілім толған жоқ. Қала да, көше де жұтаң. Тізеге дейін батпақ. Досым Сайын Мұрат­беков екеуміз көпірде тұрмыз. Айналаға көз тастай­мыз. Мидай жазық дала. Сайын: «апырай, осы біз жаңа астана аштық деп құр дауры­ғып жүрген жоқпыз ба? Ертең ұятқа қал­маймыз ба», деген қаупін білдірді. Мен қайбір жетісіп тұр дейсің. Үнсізбін. Есіл­дің сол жағалауында қалқиған жалғыз ғана үй тұр. Элеватордан аумайды. Сөйт­се, кейін білгеніміздей, «Қазмұнай­газ­дың» са­лып жатқан ғимараты болып шықты. Минус пен плюсті салысты­руымның сы­рын енді ұққан боларсың. Аз ғана уақыт ішінде мынандай ғаламат елорда­ның салынуы мүмкін екеніне Ел­басыдан басқа ешкім сенбеді десем, артық айтқандық емес. Көрегендік, ұлы­лық деген осы! 60-жыл­дары Бразилия жаңа астана тұр­ғызу жөнін­де шешім алды. 190 миллион халқын асы­рау оңай емес. Өзі кедей ел – астана не теңі. Несіне жетісіп салады деген күңкіл сөздер көп шық­ты. Міне, осы ел 50 жыл өтсе де, астананы салып біткен жоқ. Бірақ көшіп алды. Танзания Додома деген астана салды. Соған байланысты күлкілі бір әңгі­ме айтып берейін. Бірге тола қоймаған ұлым­ды жетелеп, сүт алуға келдім. Қата­рымызға зейнет жасындағы кісі қосылды. Киім киісіне, сөз саптасына қарағанда, үлкен қызметте болғаны аң­ғарылады. Бір кезде «Астана саламыз деп неге даурығып жүрсіңдер? Көрпелеріңе қарап көсілуді білмейтін антұрғандар! Біздің жүрісіміз мы­нау» деп, орысша дүрсе қоя бергені. «Аға, Бразилия деген ел, Танзания Додома деген астана­сын тұрғызып жатыр» деп хал-қадерімше жауап беріп жатырмын. Ол жөн сөзге құлақ асудың орнына таба­ны­ның астын­­дағы балшықты теуіп кеп қал­ды. Маған да, оған да шашырады. Елең қы­лар емес. «Катись до дома. Тура быт-шы­тыңды шы­ға­­рамын» деді ызбар­ланып. Міне, зиялы деген қазақ азаматы­ның сөзі, сиқы. Жалпы, Сарыарқаның жазығында аста­наның тұрғызылуына қарсылардың көп болғаны рас. Қазіргі қолдаушылардың бірсыпырасы Елбасыға сол кездері сенімсіздік көрсеткенін білемін. Президент шетелден ұшып келе жатқанда Оралхан Бөкей­мен Астананы Арқаға қарай көшір­гім келеді деп жан сырын бөліссе керек. Оралхан келе салып «Қазақ әде­биетінде» мақала жариялап жіберді. Қуан­дық десек, өтірік болар еді. Нұрекеңнің тереңнен, әріден ойлайтын сұңғылалық қасиетін бірден қабылдай қоймадық. Мақала жазу­шылар ортасында қызу пікірталас туды. Мен елордаға жағрапиялық орналасуы жағынан Ұлытау сұранып тұр десем, менен гөрі білгіштеу досым Қали­хан «әй, көке, ол жақта теміржол жоқ, қала жоқ. Кішкентай ғана ауданның орта­лығы. Ас­тана­ны қайтып тұрғы­засың?» деп тап бү­гін көшкелі жатқандай қарсы­ласқаны да есте. Тағы бір білгіш Еуропаға жақын Орал­ды жөн көрді. Арада көп ұзаған жоқ, Президент шешімі мәлім болды. Ақмола Астана болып өзгертілді. Оның алдында Қытайдан оралған едім. Онда Турфан деген қала бар. Теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Үргенішті аралағаннан кейін тағы нелерің бар көрсететін деп сұрадым. Содан қырдың басындағы ескі қалаға апарды. ЮНЕСКО-ның қорғауына алын­ған қаланың тұрғы­зылғанына 2500 жыл­дай болыпты. Қабырғалары қыштан қа­лан­­ғаны көрініп тұр. Ор­тасында үл­кен алаң ор­на­лас­қан. Кезінде алаң­ның ор­та­­сында хан­ның орда­сы құ­ры­лып, киіз үй­лер тігіліпті. Қа­ланың атын естіп, таң-та­ма­­­ша қалдым. Астана! Қуанғаннан жү­регім лүп ете қалды. Бірақ мағынасын ешкім білмейді. Кейін білгенімдей, үй­сін­дердің астанасы болған екен. Кеген, На­рын­қол маңайында да үйсін­дердің бірнеше астана атауы болғанға ұқсайды. Түр­кінің сөзі жаныма майдай жақты. Келген соң осыған байланысты бір­қатар газеттерде шағын сұхбатым басыл­ды. Демек, Елбасымыз тарих­ты тереңнен қозғап отыр. Осы бір мы­сал ғана Пре­зиденттің ел тарихын терең білетіндігін аңғартпай ма?!  – Аға, ұлттық идеология жоқ деп шулап жатамыз. Бұл сөз қаншалықты шындыққа жанасымды? Сонда қалай, 20 жылдың ішінде қалыптастыра ал­мағанымыз ба? – Өз басым ешқандай дәлелге сүйен­бестен жеңіл айтыла салатын сөздерді түсінбеймін де, қабылдамаймын да. Менің ұғымымда мемлекет ұлтқа қызмет етеді. Жұртшылықтың жағдайын ойладың ба, алдымен тұрмысын көтер, игілігін ойла. Мектеп, аурухана, жол сал. Оқуға, білім алуға мүмкіндік бер. Былайша айт­қанда, бәрі халықтың, болашақтың қамын ойлаудан туады. Бұдан артық қандай идеология керек? Мемлекет ел тұрғындарына қызмет етсе – идеология осы. Қазақстан­ның қа­рыш­­­тап өсуі, дамуы – бәріміздің көз алды­мызда. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алды­мен экономика, сосын саясат» деген ұста­нымының дұрыстығын өмірдің өзі дәлел­деді. Құр саясатты айта бергеннен не ұтамыз? Саясаттың өзі халықтың өмір сапа­­сын арттыру секілді нақты қа­дам­­дар­дан құрылуы тиіс. Материалдық игілікті өндіретін – адам. Олай болса, жағдай ту­дыр. Сосын талап ет. Әлемде тұрғын үй салудан үштікке енеді екенбіз. «Болашақ» бағдарламасы қай елде бар? «100 аурухана, 100 мектеп» бағ­дарламасы аясында елді мекендерде қан­шама нысандар тұрғызылды? Санамалай берсе, тындырылған істеріміз толып жатыр. Сөзден сөз туады, Президент Министрлер кеңесінің төрағасы болып тұр­ғанда артта қалған 30 аудан жайлы қаулы қабылдаттырды. Проблемаларды жіліктеп берді. Көбі қазақ аудандары болатын. Мектептер, ауруханалар, жолдар салына бастады. Осы бір толғақты мәселе Елба­сы­ның әлі жіті назарында. Жазушы ретінде мені ауыл жайы әлі де толғандырады. Елге жол түсе қалса, аралаудан шаршамаймын. Бұрындары тығы­рықтан шығу үшін кеңшар, ұжым­шар­ларды қайта құру керек деп ойлай­тынмын. Оңтүстік Қазақстан облысында болғанымда ауылдардың түлеп, жаңар­ға­нын көріп қуандым. Ауыл өндіріс арқы­­лы өркендейді. Келешегі озық технологиямен тығыз байланысты. Мақтаны қал­­дықсыз өңдейтін және жеміс-жидек өсі­ре­тін кластерлік жүйелерге ауылдық­­тар кеңінен тартылып, жұмыспен қам­­тылып отыр. «Орнында бар оңалар» деп атамыз қазақ текке айтпаған. 300 миллион халқы бар АҚШ-та, 67 миллион адам тұратын Англияда екі пайызы ғана ауыл шаруа­шылығымен айналысып, азық-түлік өнім­дерімен өздерін толық қамта­масыз етеді. Біздің де оған жетер күніміз алыс емес. – Осы кезең ішінде ана тіліміздің күрделі мәселелері шешілді ме? – Жұбан Молдағалиев ағамыздың «Мен қазақпын» поэмасын жата-жастана оқыдық қой. Оқығанда кектеніп, ызала­нып оқитынбыз. Ұлттық құнды­лық­та­ры­мыздың аяққа басылуы бәрі­міздің намы­­сымызды қозғайтын. Ана тілінде сөй­­­леуге қорланатын, тіпті қазақ болып туға­­­нына өкінетін адамдарды талай кездестірдік. Аты-жөндерін орыс­шаға ауыс­тыр­ғандар да болмай қалған жоқ. Мұның бәрі сол кездегі солақай саясаттың бетпердесін көрсетсе керек. – Енді «мен қазақпын» деп мақта­на­тын, шаттанатын кез келді. Құр мақ­тану, шаттану жеткіліксіз. Елбасы­мыз бәрі­міздің алдымызға «қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін» деген талап қойды. Осы бір қағиданы орындауға жұртшы­лық бо­­лып атсалысқанда ғана тіліміздің мәр­тебесі биіктей түседі. Бұрын орысша сөйлеу сән болса, енді мемлекеттік тілді білуге ұмтылушылар қарасы қалың. Қа­зақ­­станның болашағы – қазақ тілінде еке­нін басқа ұлт өкілдері де жақсы түсінеді. Заманның түзелгені, саясаттың орнықтылығын осыдан-ақ аңғаруға бо­ла­ды. Заңғар жазушы Мұх­тар Әуезов «Ал­ды­мен бесігіңді түзе» деген. Балала­рымызды, немерелерімізді ана тілінде оқытуға кім қарсылық жасап отыр? Ешкім де. Былтыр Қарағанды облысындағы Абай қаласында болдым. Балабақшадағы балалар қазақ тілін еркін меңгерген. Олардан неге үлгі алмасқа?! – Елбасымен талай кездесіп, жүз­дескен боларсыз. Қандай айрықша қа­сиеттерін бөліп айтар едіңіз? – Орыста интеллектуал, зиялы адам деген ұғым бар. Мені қай сала болмасын Президенттің жан-жақты хабардарлығы, мол білімділігі тәнті етеді. Жұмысбас­ты­лы­­ғына қарамастан, солардың бәрін те­рең игергеніне таң қаламын. Аллата­ғала Ел­басымызға ерекше сабыр, зерде, ақыл, айрықша тағдыр берген. Алла әманда әр халыққа лайықтап жарыл­қайтын басшы сыйлайды. Ел басқару өнері – құдай берген талант. Небір кездерде небір дарын­сыздар билікке талас­қан. Орынтаққа оты­­рып, елін де, халқын да жұтатқан. Он­­дайларға өлермендік, билікке жету тән. Олар келсе, күніміз не болар еді? Бетін аулақ қылсын. Қазақ­стандықтар Н.Назар­баевты өздері қалап алды. Таң­даудан қателеспеді. Сенім артты. Соңы­нан ерді. Президент етіп бірнеше рет сайлады. Қа­зақта «тастұ­ғыр» деген ұғым бар. «Тұ­ғырың мықты ма?» деп сұрасып жатады. Қазақстан­ның іргесін бекітіп, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет қа­тарына жеткізу – Елбасының ерен ең­­бегі. Ел болғаны­мызды көре алмай­тын, күн­дейтіндер іштен де, сырттан да табы­лады. Кезінде Горбачев, Солженицын, Жири­новс­кий­лер­дің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шық­қан жоқ па? Еліміздің, жеріміздің тұтас­тығына барынша нұқсан келтіруге ұмты­лып, ұлт­тар арасына жік салуға ты­рысып бақты. Оларынан түк те өнген жоқ. Кейбіреулер қит етсе, Президентті кінә­­лауға бейім тұрады. Ана жолы телевиде­ние­ден тепсе темір үзетін бір жігіт сөйлеп жатыр. Көп ағайынды сол азамат бізге баспана бермеді деп өкпе артады. Айналайын-ау, бәрі жабылып неге үй салып алмайды? Бұл барып тұрған жа­тыпішерлік, ма­сылдық қой енді. Тәуел­сіздіктің тұғырын беріктендіре тү­суге мен не үлес қостым деп аза­маттық үнқа­­тудың орнына жоғары­дағыдай сөзі қарын ашырады. – Еліміздің өркендеуіне сіз қандай үлес қостыңыз деген сауал қойылса, қалай жауап берген болар едіңіз? – Біз әдебиетке еш қолдау-қоштау­сыз келіп, өз қолтаңбамызды, үнімізді қалып­тастырған буынбыз. Жазушының басты қаруы – қаламы. 1991 жылдан бері үзбей жазып келемін. Мынаны жаз деп талап ету артық. Қабілет-қарыммен жұмыс істейтін кез бұл. Демеу жасап, қамқорлық жасап отырса, небір талант­ты шығарма­лардың туары күмәнсіз. Жақында Англияда романым ағыл­шын тілінде жарық көріп, тұсаукесеріне қатыстым. Сөз беріп, өзіңіз туралы ай­ты­ңыз, деп өтінді. Мен: «әлемдегі 15 миллион қазақтың біреуі ғанамын. Озы­ғы да, тозығы да емеспін» дедім. Халық­тан биік ешкім жоқ. Жазған шығар­­ма­лары­мызды оқырман қауым бағалап жатса, одан асқан абы­рой болмайды.  – Салиқалы әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Өмір ЕСҚАЛИ.