Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Алматыда Мақтай Сағдиевке арналған ескерткіш тақта ашылды

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Төлебаев көшесінің №162 үйінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевке орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.  

Алматыда Мақтай Сағдиевке арналған ескерткіш тақта ашылды

1929 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған Мақтай Сағдиев жастайынан қара жұмысқа араласып, кейіннен көптеген басшылық қызметте бол­ды. Атап айтсақ, Соколов және Жам­был аудандық партия коми­теттерінің бірінші хатшысы, Торғай облысы атқару комитеті төраға­сының бірінші орынбасары, Қазақ КСР балық шаруашылық министрі, Қостанай облысы атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Президенттік кеңесінің мүшесі және Қазақ КСР-і Президенті жанындағы Азаматтық жөніндегі комиссияның төрағасы қыз­меттерін атқарды. 1991 жылдан Қа­зақстан Республикасы Ардагерлер ұйы­мы орталық кеңесін басқарды. Ал 1999-2004 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты болды. 

Белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­кері тұрған үйде орнатылған ме­мориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко мен Алматы қа­ласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты. Әр жылдары бірге қоян-қолтық еңбек еткен Марат Нуриев, Сұлтан Жиенбаев, Шәңгерей Жәнібеков, Вера Сидорова және Евгений Ежиков-Бабаханов сынды әріптестері, үзеңгілес достары мен шәкірттері Мақтай Сағдиевтің еңбек жолы, азаматтық болмысы, біліктілігі мен іскерлігі, ой-өресі мен парасаты жайында кеңінен баяндай келе, басқа да қызықты оқиғалар мен жайттар туралы тартымды әңгі­мелердің тиегін ағытты. Сондай-ақ осы рәсімде сөз алған Мақтай Ра­мазанұлының қызы Ғалия да әкесі жайында естелік айтты. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ