15 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Жиырмасыншы күн (15 желтоқсан): ОТАН

470 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Аңсап жеттім, атамекен, өзіңе! Мен шет елде туып-өссем де, Қазақстанның тарихи Отаным екенін бала күнімнен санама тоқып есей­дім. Әлі есімде, алты-жеті жас­тағы кезім ғой деймін, анам ра­дио­қабыл­да­ғыш­ты ашып қойып: “Қазір Алматыдан нағашы ағаларың сөй­лей­ді”, дейтін де біреумізді күзетке тұр­ғызып (ХХ ғасырдың 60-70-жыл­да­рында Кеңес Одағының радиосын тыңдау Қытай­да үлкен қылмыс бо­лып есептелетін) “Шалқарға” құ­ла­ғын төсейтін де отыратын. Содан не керек, анамыз бауырының аты шық­са да жылайтын, шықпаса да жы­лай­тын. Оған тұнжы­рай отырып, те­р­ең күрсініп: “Менің інім не күн көріп жүр екен”, деп әкем қосы­ла­тын... Сөйтіп, ол кісілердің қи­мас жандары, сүйікті атамекендері біздің сәби жүрегіміздің төрінен орын алып, қанымыздан жанымызға да­рып жататын. Бара-бара бұл сезім мен түйсік Ұлт, Атамекен, Отан деген қасиет­ті ұғымдарға ұласып, ендігі жерде қа­зақ радиосын (“Шалқар”) өзіміз-ақ жастанып жатып тыңдайтын бол­дық. Бір қызығы, біздің тың­дауымыз ата-анамыздікінен өзге­ше­леу бола­тын. Яғни, біз Қазақ­стан радиосын ашып қалғанда тек нағашы аға­мыз­дың атын естуді ғана армандамай, күллі Қазақ елі­нің тыныс-тір­ші­лігі­мен, өмірімен, өнерімен танысуды, сусындауды мақсаттап тыңдайтын­быз. Бұл тірлігіміз, әрине, өз жемісін бермей қал­ған жоқ. Ең бірінші туған халқымыздың жер бетіндегі еш халықтан кем, қор емес екенін ұғын­дық. Өзіміз өнерге жақын­да­дық. Осылайша біздің сәби жү­ре­гімізде ұлттық намыс пен ұлттық мақтаныш бүр жарған болатын. Кейін келе, ол елдегі саясат оңа­ла бастағанда, Қазақстанмен ашық­тан-ашық мақтанатын (КСРО-ның құрамында болса да) жағдайға жет­тік. Айлар өтті, жылдар өтті, есейдік, сана-сезім, таным да өсті. Ендігі жерде Қазақстанның тәуел­сіз­дігін күн­діз күлкі, түнде ұйқы көрмей аң­сайтын болдық. Әрине, жарты ға­лам­ды билеп тұрған Кеңес Одағы­ның талқаны шығады деп ешқашан үміттенген емеспіз. Дегенмен, бір тәтті қиял, асыл арман басымызға ұя салып алған қар­лығаштай қалықтап, көкейі­міз­ден бір шықпай қойды. Қайда жү­рейік, не туралы сөйлесе­йік, бә­рін­де де әйтеуір, айналып келіп Отан туралы, азаттық туралы тақырыпқа ойыса беретінбіз. Әлі есімде, Пекинде универ­си­теттің жоғары курсында оқып жүр­ген кезіміз еді. 3-4 студент бір аға­мыздың үйіне қонаққа барып, түн­нің бір уағында университетке жаяу қайттық. Біз университетке тая­ған­да шығыс көкжиектен балық­қа­рын­дап таң атып келе жатты. Көп кешікпей сыпыртқыларын көтер­ген көше тазалаушылар жұмыс­та­ры­на кірісіп кетті. Оларды көрген біздің бір жігіт: «Мыналар осыны да жұмыс деп істейді-ау, ә?!» деп қалды. Бұл сөзге қалғандарымыз өре түрегеліп: «Азат отанымыз бол­са, соның бір қаласында кө­ше­сін сыпырып жүріп өлсек, ар­ма­нымыз болмас еді!» деп оны жа­бы­ла тойтарып тас­та­ғанымыз бар. 1987 жылы Пекиндегі оқу­ды аяқ­тап, жолдамамен Үрім­жі қала­сын­дағы ШҰАР қо­ғам­дық ғы­лым­дар академиясының әдебиет инс­ти­тутына ғылыми қыз­меткер бо­лып жұмысқа қабылдан­дым. Үрім­жіде «Азаттық» радио­сы­ның қазақ тіліндегі хабарларын радиоқа­был­дағыш күндіз-түні емін-еркін, тап-таза ұс­тай­ды екен. Үрім­жі қа­ла­сы­ның тұ­р­ғы­ны болғаннан кейінгі тұң­ғыш са­тып алған дүние-мүлкім «Жа­һан» (хуанчю) маркалы радио­қа­был­да­ғыш болды. Күндіз ака­де­мияның жұ­мысы, кешкі шаруа «Азат­тық» ра­­диосын тыңдау. Бұл кез Кеңес Ода­­ғының шаңы­ра­ғы шай­­қала бас­та­ған шағы бол­ға­ны­мен, Қытай үкі­меті 1989 жылғы Тянь-Аньмэн оқи­ға­сынан кейін елдегі тәртіпті біршама қатайтып жіберген. Сондықтан «Азаттық» ра­дио­сының хабарларын тыңдап жүр­­генімізді көлденең көк аттыдан ептеп жасырамыз. Бірақ «Аза­т­тық» радиосын бір күн құр жібермейтін «ауруға» тап болдық. Ара-тұра Хасан Оралтай ағамыз­дың өз дауысын да естіп қалып жүрдік. Әйгілі 1991 жыл. КСРО қожы­рап, іргесі сөгіле бастады. Күндіз-түні «Азаттыққа» құлақ төсеп, күн­­діз-түні Алладан Алаш жұрты­ның азаттығын сұраймыз. Күз ба­сында қырғыз, өзбек ағайындар азаттық­тың айдынына шықты. Шы­дам тау­сыла бастады. Сумаң­да­ған сан түрлі өсек-аяң одан са­йын сабырымызды тауысып, жүй­ке­мізді жұқартып бітті. Жыл аяқ­та­лып келеді. Енді қа­шан?! Біздің қазақтарға не болды?! Бір күні әдеттегідей «Азаттық» ра­дио­сына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұр­ған хабар аяқталмай, ортан белінен үзілді де: «Сүйінші, Алаш жұрты! Сүйінші қазақ баласы! Қа­зақ­стан Тәуелсіздігін жария­ла­ды!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Таныс дауыс! Хасан Оралтай аға­мыз­дың дауысы. Ол кісі «кеші­рі­ңіздер» деп сөзін қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен ес-ақы­лым­нан адас­қан­дай күй кештім. Кү­ле­мін. Жылаймын... Егер сол кезде біреу көріп тұр­са, мені жынданды деп ойлаған болар еді. Бірақ есім­ді тез жиып, дос­та­ры­ма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті үй те­ле­фонының өзі тек бастық­тар­дың үйін­де ғана бо­ла­ды. Қаланың о жақ, бұ жа­ғын­дағы достар бір жерге жиналдық. Кешке қарай, жоқ жерден бір «туған күн» жасап, қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйіне бардық. Ақсарбас атап со­йып, жақсылап тойладық. Кеш ба­рысында сонда отырған бәрі­міз «Ертеңнен бастап төсек-орны­мыз­ды буып, Қазақстанға кетудің қа­мына кірісеміз. Паспорт жасата ал­­масақ, шекара бұзып қашып өте­міз», деген уәжге тоқтадық. Уәде осы болды да ер­теңінде түске таман тарастық. Қаш­пай-ақ, шекара бұз­бай-ақ солар­дың ішінде бірінші бо­лып 1993 жыл­дың басында Қа­зақ­станға оралдым. Сонымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ар­найы шақыруымен елге келдік. Ал­ғашқы жылдары қатты қиналдық. Алайда, елде болып жатқан бұл қиын­дықтан Қытайда жүргенде-ақ хабардар едім. Демек, қиындықты, қи­налатынымызды көріп-біле тұра, бәрін осындағы ағайынмен бірге кө­ре­міз, ауырлықты бірге көтере­міз деп келдік. Ал ол кезде Қы­тай­дағы жағ­дайымыз жап-жақсы бо­ла­тын. Содан ғой, кетудің қамын жа­сап жүр­ген кезімізде кейбір аға­йын­дары­мыз: “Қа­зір не бар? Кейін жағдайлары оңалып жатса, сол кезде көрмейсің бе? ” деген ақылын да ашық айтты. Бірақ он­д­ай ақыл менің жолыма кедергі бола алған жоқ. Өйткені, менің ұғы­мымда қа­рын тойдыру – тек хайуан­ның ғана қайғысы. Ол туралы хал­қы­мыздың “Ер туған жеріне…” деп бастала­тын жақсы мақалы бар ғой. Әсіресе, мына бір-екі жағдай есім­нен кетпейді. 1993 жылдың қа­ра­ша айында ақша ауысып, ұлттық валютамыз – теңгенің құны күн санап құлдырады. Сондай күндердің бірінде Алматыдағы бір туысқан­ның үйіне қонаққа бардық. Қай­тар­да олар бізді таксиге мінгізіп жіберді. Үш жасар қызым әлгі такси­­дің ішінде ұйық­тап қалды. Жатақ­ха­на­ға жеткесін қы­зымды көтерген күйі бөл­ме­ге кірдім. Баланың киімін шешіндіре бас­таған зайыбым: “Ба­ла­ның аяқ киі­мінің бір сыңары жоқ”, деді. Асып-сасып дала­ға жү­гі­ріп шықтық. Такси кетіп қал­ған. Кірген ізімізді қараймыз. Жоқ. Ер­теңінде балам: “Еті­гім қайда? Да­ла­ға шығамын”, деп ал келіп жы­ла­сын. Жүрегімнің ауыр­ғаны сон­ша­лық, өзімнің де кө­зімнен жас шығып кетті… 1995 жылы екінші балам дү­ниеге келді. Белгілі себептермен сәбиімізді “Бона” дейтін дайын та­ғам­мен азық­­тан­дыруға тура келді. Сөйтіп жүр­ген күн­дердің бірінде үш айлық сәбиі­мізге небәрі 30 теңге тұратын “Бо­на­сын” сатып алып бере алмай, қи­нал­ған кезіміз болған еді. Әрине, «көппен көрген – ұлы той», қазір сол қиындықтың бәрі артта қалды. Осыларды бүгін өзге түгіл, өз балаларымыз ертегі секілді қабылдайды. Заңғар заңгер, академик С.Сар­таев­тың Дүние жүзі қазақтарының І құ­рылтайында: «Қазақ мемлекеті – тек Қазақстанда тұратын қазақ­тар­дың ғана мемлекеті емес, ол со­н­ы­мен қатар, дүние жүзіндегі қа­зақ­тардың да ұлттық мемлекеті. Сон­дықтан да ол бүкіл дүние жү­зін­дегі қазақтар­дың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі жә­­не қорғауы қажет», – дегеніндей, Тәуел­сіз Қазақ елі бүгін­де әлем­­нің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жат­қан күллі қазақ бала­сы­ның жа­нын­дай қастерлісі, таңын­дай мақ­та­ны­шы ғана емес, тәңір­дей тірегі мен қорғанына да айна­лып үлгерді. Сон­дықтан күллі қ­а­за­қ баласы үшін азат­тықтан ар­дақ­ты ұғым, тәуел­сіз­діктен асқан бай­лық, 16 жел­то­саннан асқан мереке жоқ. Себебі, бұл тәуел­сіздік – біз­дің халқы­мыз­дың тарпаң тағдыр­дың тар жол, тайғақ кешуінің бәрін көре жүріп, «мың өліп, мың тіріле жүріп», қыл­ша мойнына ілінген бодан­дық­тың болат қамытын үш ғасырға таяу мойымай көтере жү­ріп, ұлт ретінде жер бетінен жойы­лып кетуге шақ қалғанда зорға жеткен азаттығы! Шетсіз-шексіз тарих көші үшін 20 жыл деген қас-қағым сәт қана. Ал адам ғұмыры тұрғысы­нан белгілі бір кезең ретінде қа­рауға болады. Әлем елдерінің та­рихына зер салатын бол­сақ, көп­теген елдер мемлекеті құ­рыл­ғаннан кейінгі жарты ғасыр, тіпті бір ғасыр бойына өз жолын таба алмай, талай-талай қиын-қыстау ке­зең­дерге тап болғанын көреміз. Жиырма жылдық қана тарихы бар еліміздің бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Жал­пы, тарихи дамудың табиғи заң­ды­лығының өз қарқыны бар. Сол заң­ды­лық сақталса, ол – эволюция. Сақ­талмаса, ол – революция. Қазақ­стан эволюциялық дамудың ең жо­ғары қарқынымен самғап келеді. Бізге де керегі осындай тарихи даму­дың табиғи үдерісі. Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.     «Отан» деген сөзден қуат алдық Соғыс кезінде көзбен көрген бір айрықша сезім туралы айта­йын. Сол кездерде менің жанымда болған, кез­дескен, сөйлескен жан­дар­дың бә­рі­нің де аузында Отанға деген сүйіс­пен­ші­лік керемет бола­тын еді. Адам­дар­дың бойын Отан деген сөз­ді айт­қан­да бір рухани күш кернейтін. Сон­дықтан ресми сөздерде ғана емес, өзара әңгіме­лес­кенде де біз оны ауыздан тас­та­майтынбыз. «Отан» деген сөз бізге күш беретін, «Отан үшін алға!» десе, жаудың жауып тұрған оғынан қаймықпай, уралап тұра жүгіре­ті­н­біз. Жұрттың бәрінің санасы тек Отанға қауіп төндірген жауды же­ңу­ге ғана байланып қалған секілді болған еді. Біз Ұлы Отан соғысында ең бірінші патриоттық рухтың күшті­лі­гінен ғана жеңіске жеттік. Әйт­пе­се, «бес қаруы сай» немістің мо­тор­лан­ған дивизияларына төтеп беру оңай емес-ті. Соғыстың ал­ғаш­қы жыл­дары біздің май­дан­дағы әскер­дің қолына винтовка да толық жетпеген екен. Екі адамға бір винтовкадан келетін, қару алу үшін жаның­да­ғы жол­дасыңның өлімін тілейсің деген де сөздерді естідік. Әрине, Қызыл Ар­мияны жамандаған болып сана­ла­тын мұн­дай әңгімелерді жауын­гер­лер бір-біріне сыбырлап қана ай­та­тын. Әйт­песе, осы сөз үшін ғана три­бу­налға ілігіп кетуге болатын еді. Ал немістердің қолында отыз оғы бар зуылдай атылатын Шмайсер автоматы, астарында мотоцикл мен автомәшинелері болды. Біз қолмен, атпен сүйрелеп жатқанда, олар зеңбіректерін мәшинелерімен сүйрейтін. Артиллериялық дайын­дық­тан кейін шабуылға шыққанда олар біздей жалаңаш кеудесін оққа төсеп емес, танкілерінің қалқасын­да жүретін еді. Біз жауып тұрған оққа тура шығатынбыз. Қазір кейбір әдебиеттерде біздің көптеген генералдарымыз бен маршалдары­мыз­дың әскерді ашықтан-ашық «ет турағышқа» айдап салып, қырып алған дарынсыздықтары әшкере болып жатыр. Ол да рас сөз. Бірақ, сонда да біз жеңдік. Оның ең басты себебі, қайталап айтайын, Отанға деген сүйіспен­ші­лік еді. Бәлкім сол кездегі басқаша ойлауға мүмкіндік бермеген күшті идео­ло­гия­ның әсері де болған шығар, біз әйтеуір, барлық КСРО-ны туған Отаным деп қабылдадық. Оның әр­бір пұшпағын өзімнің жерім деп білдік. Ал оның ішінде Қазақстан тура­лы немесе қазақ туралы айтылса, тікелей өзіңе ғана қатысты мәселе секілденіп, ішкен асыңды жерге қо­йып, құлақ түре­тін­сің. Жауынгерлер арасындағы отаншылдықтың күшті екенін жақсы білетін саяси қызмет­керлер оны ұштай түсу үшін түрлі шаралар да қолданып жататын. Мә­се­лен, бір қазақ жауынгеріне орден берілсе, майдандық газет ондай жан­ды «славный сын казахского народа, настоящий патриот Роди­ны» деген секілді сөздермен әспет­тейтін. Осын­дай сөздерден кейін қалай ғана жі­герің жанылмасын, қаның ойнап, қуанышың қойныңа сыймай, шат­танып қалушы едік. Және сол батыр сияқты атымызды шығаруға қал­ғанымыз да ұмты­латынбыз. Жауынгерлер әскерден жазған хаттарында да «Отан қорғау жо­лында жүрмін» деген сөздерді жа­зу­ға әсте ұмытпайтын. Бұл елдегі туысқандардың сағынышын басу­ға, әлдеқандай болып кетеді деген сарыуайымына тоқтау беруге ша­қыратын сабыр сөздеріндей еді. Қалай десек те «Отан» деген ұлы сөз бізге қуат берді, жігерімізді жанып, намысымызды тулатты. Сондықтан да оның қасиетін майдангерлер ешқашан ұмытпайды. Бү­гінгі күні оқта-текте кейбір ұш­қары пікірлі адамдардың аузынан сіздер Отан үшін соғысқан жоқ­сыз­дар, қосақта кетіп, орыс-неміс соғысына ғана қатыстыңыздар деген сияқты сөздер шығып қала­ты­нын құлағымыз шалады. Бұл – Ұлы Отан соғысына қатысқан бар­лық боздақтардың рухына, тірі­лер­дің жан-дүниесіне тас лақтырумен тең пікір. 1991 жылға дейін бізде бір-ақ Отан болғанын, соның ішінде Қазақстан да жүргенін ондайлар білмейтін сияқты бола қалатын­да­ры қызық. Егер сол соғыста біздер жеңілсек, қазіргі Тәуелсіз Қазақ­стан болмайтыны екібастан белгілі дүние ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та солай деп айтқан. Ендеше, бүгін КСРО-дан бөлініп, тәуелсіз ел атанған екенбіз деп, кешегі тұтас Отан үшін күресіп, белуардан қан кешкен, жалаңаш төсі­мізбен жаудың оқ боратып тұрған ажал апанын жапқаны­мыз­ды ая­қас­ты етуге бола ма? Мұндай ұш­қарылылықты ақыл-ойы терең адам айтпаса керек-ті. Бүгінгі күні жас қазақ­стан­дықтар Отан үшін қандай қауіптен болса да тайынбай, от кешуді Ұлы Отан соғысына қатысқан ерлерден үйренсе ешқашан ешкімнен кем болмайды. Керісінше, жүрегі таза, ниеті ақ болып, Алла оның барлық ісін қолдайтыны сөзсіз. Оның үс­ті­не бүгінгі Отанымыз – жанға тіпті жақын, өзіміздің туған Қазақ­станы­мыз. Оны сүю, оны қорғауға әр­қашанда дайын болу – әрбір аза­маттың қасиетті парызы. Егер оған адалдықтан айныған адам болса, бәрібір бір қиыншылыққа ұшы­рай­ды. Ұзақ сүрген жасымда оған талай көзіміз жетті. Құран Кәрімде: «Егер де құлым бір қиыншылыққа тап болса, білсін – ол өзінің жа­са­ған ісінің салдары», делінген. Қа­зақ та «Елін сүймеген езден без» дей­ді. Ондай жанның өзінен де, сөзінен де аулақ болған жөн. Сапар ДҮЙСЕНОВ, Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі.   Шапағат Туар деп күткем күн қашан, Саулар деп күткем нұр қашан. Аңсарлы азаттығыммен, Елжіреп дәйім сырласам. Еске алам бұла бағымды, Кеудесі биік шағымды. Күннен де туған ғұндарды, Сақ, үйсін, Тұмар ханымды. Сенада атын суарған, Алтынмен үсті бұланған, Атилла ерді еске алам, Ай-күндей атын шығарған. Елтеріс, Мөде, Күлтегін, Көк түрік күйін шертемін. Қашалған тарих көк таста, Қаймығып неден үркемін?! Қуаты кенен құт шағым, Қыран бір құсқа ұқсадым. Дабысы кеткен әлемге, Дүбірлі Дешті Қыпшағым. Жаһанды жайлап жырғадым, Еділде қара орманым. Байтаққа билік жүргізген, Айбынды Алтын Ордамын. Ноқтаға сыймас нар басым, Тарихтың тартып арбасын, Өзіме бөлек енші алғам, Іргелеп Қазақ ордасын. Хандарым асқақ асылдар, Жәнібек, Есім, Қасымдар. Тәуекел, Салқам Жәңгірлер, Жайратқан жауын жасындар. Жоңғардың ұрған дабылы-ай, «Елім-ай» деген сарын-ай... Елдікті сақтап ерлеген Бахадүр ханым Абылай! Болады қайдан кіл ғажап, Алдынан тосқан түрлі азап. Бодауын беріп басқаға, Бодан да болды бұл қазақ. Көзінен қанды жас аққан, Жайлауын жатқа босатқан. Алауыз алты бақан боп, Біріне бірі тас атқан. Қорлыққа мына шыдамай, Күңіреніп еді ұлы Абай. Тәуелді болған заманда Тәңірдің қатты сынағы-ай!   Жаралған дейтін намыстан, Ерлерім өтті арыстан. Әлихан, Ахмет, Міржақып Азаттық үшін алысқан. Ер де көп, айтар шер де көп, Еске алам қайсын термелеп. Батырған тізе қазаққа Кеңестің кезі кермелеп. Алашқа салған азапты ұқ: Қасиет қалмай қазақтық, Қан жылап тұрған кездерде Аңсағам сені, азаттық! Қайтадан атқан таң сәрім, Азаттық, сенсің аңсарым. Басыма қонған бақыт құс, Бар шағым әмбе нар шағым. Тар шағым алыс қалды артта, Жан салып ұштық самғап та. Өлгенде көрген бұл бақты Баладым барлық қымбатқа. Азаттық үшін қан бергем, Азаттық үшін жан бергем. Қанша деп құны сұрағын Құрбандық болған ерлерден. Тәуелсіздігім, қалайда, Түскен жоқ әсте оңайға. Қолда бар алтын қадірін Кетіріп алмай, соны ойла! Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.   Ұйымның тамырына қан жүгіртті Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының екі тізгін, бір шыл­бырын қолға алып, Ванкуверден Вла­ди­востокқа дейінгі кеңістіктегі бақуатты ел­дердің барлығына Қазақстан 2010 жылы төрелік етті. Бір сөзбен айтқанда, Ұйым­ның төре биі де, төбе биі де Қазақ елі болды. Қазір жер бетінде ұлтаралық қақты­ғыс­тар мен кикілжіңнің етек алып бара жатқанына алаңдамайтын ел жоқ. Бірақ бұл бір ғана ел бір ғана күнде шеше са­латын оңай шаруа емес. Мәселен, соң­ғы жеті жылда ЕҚЫҰ-ға мүше ел­дер­дің Сыртқы істер министрлері жыл са­йын жиын өткізсе де, бірде-бір маңыз­ды тоқ­там­ға келе алмаған екен. Сонда, бір ғана Саммитпен бүкіл әлемнің әу­ре­сін қазақ­тың шешіп беруі мүмкін бе? Мүмкін емес, әрине! Бірақ Қазақ елі Еуропа ұйымына төраға болған тұста, оның тамырына қан жүгіртті. Әлі есімде, Саммиттің жалпы оты­ры­сында сөз алған Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның дамуын үш кезеңге бөлді. Алғашқы кезең, сөз жоқ, 33 елдің қатысуымен өт­­кен 1975 жылғы Хельсинки ке­ңе­сі­нен бастау ала­ды. Өткен ғасырдағы түр­лі сұра­пыл­дарды бастан кешкен әлем елдері үшін ол кезде ең маңызды проблема бейбітшілік болғаны хақ. Алайда, тұрақтылықты орнату үшін Ұйым мүшелері 90-шы жыл­дары бір емес, бірнеше рет бас қо­сып, түрлі шаралар қолданғанымен «со­зылмалы сырқаттарға» қатысты түйт­кіл­дердің түйіні әлі күнге шешілмей келеді. Ұйымның екінші кезеңіндегі келелі кездесулерде көтерілген бұл көкейкесті проблемалар күн өткен сайын көмес­кі­лене берді. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның үшін­­ші кезеңін жаңа мыңжылдықтағы Астана Саммитінен бастауды нұсқаған Нұр­сұл­тан Назарбаев мұхиттан мұ­хит­қа дейінгі аймақтың қауіпсіздігін мық­тап қолға алуды ұсынды. Жаппай қы­рып-жоятын қаруды таратпау мен жал­пы қарусыздану мәселесі қазір өткір тұр. Сондықтан бұл проблеманы реттеу үшін ЕҚЫҰ-ның жанынан арнайы форум құру керектігін де Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев көтерді. Қазақстан трансшекаралық қылмысқа, есірткі тра­фигіне және заңсыз көші-қонға қар­сы күресті үйлестіру үшін арнайы кеңес құруды да ұсынды. Қазір ЕҚЫҰ кеңіс­тігіндегі сенімсіздік «сызаттары» да жекелеген елдердің арасында алауыз­дық тудырып отыр. Бұл келеңсіздіктің өңір­лік және жаһандық ахуалға кері ық­па­лын тигізіп отырғаны тағы рас. Сосын кешегі халықаралық қаржы дағдарысы жаһан елдерінің жақын болашақты болжауда босаң әрі дәрменсіз екенін көрсетті. Астана Саммитінде осыны ашық айтқан Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Астанадан түрлі экономикалық қауіптер­ді бақылап, болжап, сұрыптап отыратын орталығын ашуды ұсынды. Бұл да Ұйым тарихында бұрын-соңды көтерілмеген тың идея еді. Ал егер Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға бол­мағанда, Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайынның тағдырын қазір көзге елестетудің өзі қиын. Себебі, осы елдегі тұрақтылықты қамтама­сыз етуге төраға ретінде Қазақ елі ерен ең­бек сіңірді. Әрі көмектесіп қана қоймай, Ұйымға мүше елдердің назарын осы проблемаға аударды. Саммиттің үшінші жалпы отырысы аяқталған соң, делегаттар Астана Дек­ла­ра­циясының мазмұнын ұзақ талқы­ла­ды. Аты еуропалық болғанымен, бұл әлем елдері­нің саяси, экономикалық-экология­лық жә­не адами құндылық­тарын бір салаға то­ғыс­тырған күрделі құрылым. Сам­мит ақы­ры Ұйымның ба­ғытын ай­қын­дап, түйіт­кіл­ді мәселенің басын ашты. Сөйтіп, күн демей, түн демей жұ­мыс істеген Саммитке қа­тысушылар қызу талқыдан соң, түн о­р­та­сында қауіп­сіз­дікке қатысты 13 бөлім­нен тұратын Астана Декларациясын бір­ауыз­дан мақұлдады. Бұл, сөз жоқ, азат Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылған тарихи маңызды құжат болып қалмақ. Айбек ҚОБДАБАЙ, журналист. Мақал-мәтелдер Отан елдің анасы, Ел ердің анасы. Отансыз адам – Ормансыз бұлбұл.   Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол.   Кісі елінде күркірегенше, Өз еліңде дүркіре.   Аққу көлін аңсайды, Адам туған жерін аңсайды. Отан үшін күрес – Ерге тиген үлес.   Іргесі берік елді Жау ала алмас, Аузы бір елді Дау ала алмас.   Отан үшін отқа түс – Күймейсің. Отанын сүйген отқа жанбайды, Суға батпайды. Отанды сүю – отбасынан басталады. Есі бар жігіт елін табар, Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар. Адам отанын іздейді, Қой қотанын іздейді. Құртақандай торғай да Өз ұясын қорғайды. Егілмеген жер – жетім, Елінен айырылған ер – жетім. Туған жердің күні де ыстық, Күлі де ыстық. Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың. Елінен безіп, елсізде өлгеннің, Екі көзін қарға шұқиды.   Сағынышқа толы сегіз жыл Ұлтым грек болғанымен, қазақ жерінде менің ата-бабаларымның бесінші ұр­пағы тұрып жатыр. Өзім Сандықтау ау­да­нындағы Балқашын ауылында туып-өс­тім. Бұл – табиғаты төгіліп тұрған көркем өлке. Адамның жараты­лы­сын­дағы әдемі­лік­ке құш­тарлықтан шығар, мұнда жиырмадан астам ұлт пен ұлыс­тың өкілі жараса топ­тасып, бір-біріне бауырласып, ынты­мақты күн кешуде. Бізде бөлектеп, бөле-жару деген болған емес. Мұндағы басты дәнекер өнер екендігін бала күнімнен сезініп өстім. Балабақшада, мектепте сан ұлттың баласы сап түзеп, әртүрлі халықтың ән-жырын хорға қосып шырқайтынбыз. Үлкендер жа­ғының той-томалағы осы әдіспен көңілді өтіп, ауыл­дастарымды бұрынғыдан да жа­қын­дастыра түсетін. Біздің отбасымызда әртүрлі маман­дық пен кәсіп иелері бар. Адал еңбектің арқа­сында нәпақа тауып, абырой жинап жүр. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңін­дегі қиыншылықтар жұртшылық­ты дүр сілкіндіріп, ширықтырды, жина­қы­лыққа бастады. Сондықтан да қиюы қашқан тіршілік, жүдеу көңілден адамыз. Келіншегім Алла Рыбалко екеуміз төрт бала өсірдік. Мен өнер адамы ретінде рухани тұр­ғы­дағы маңызды жұмыстың ортасында болғанымды мақтан етемін. Мектептен кейін Көкшетаудағы музыка мектебін труба класы бойынша бітірдім, Шым­кент­т­егі мәдениет институтын тәмам­да­дым. Оң­түс­тікте оқығанда қазақ тілін бір кісідей меңгердім деп айта аламын. Мәдениет үйінің қатардағы музыканты­нан аудандық мәдениет және тіл бөлімі­нің бастығы дәрежесіне дейін көтерілдім. Сандықтауда этномәдени бірлестіктер, халықтық атақ­тағы өнер ұжымдары құрылды. Сөйтіп жүргенде, 2003 жылы Гре­кия­ға, тарихи отаныма қоныс аудардық. Аудан­дық мәдениет бөлімінің әдіскері болып істейтін зайыбым Алла қарсылық танытпа­ды. Жал­пы, біз қиналғаннан көш­кен жоқ­пыз. Ол кезде Қазақстан қуатты даму ар­на­сына түс­кен. Менің тосын шешімімді өнер адамы­ның қиял ғаламының қанаттануы деу­ге бо­ла­тын шығар. Бастапқы ойым ел ас­танасы Афинада тұрып, айтулы өнер ор­да­ларына араласып, қал-қадерімше Қазақ­станымды шетелдіктерге таныстыру бола­тын. Бірақ, мұның айрықша қиын екендігін отбасы­мы­з­бен сегіз жыл сонда тұрғанда ұқтық. «Көңілдегі көк дөнен» де ырқымызға көне қоймады. Оттай ыстық сағыныш шар­­пыған жылдар деуге келеді. Бала­ларым да көндіге алмады. Мен құры­лы­с­та жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Өнер адамы үшін мұның қаншалықты ауыр­лы­ғын түсіндіріп жату артық. Ақыры елге оралудың құжат­тарын дайындаумен біраз жыл өткізіп, биыл Көкшетауға қайта көшіп келдік. Қа­зақ­стан азаматтығын алып, қазір «Көкше­тау» мәде­ниет сара­йы­ның оркестрінде жұ­мыс істеп жүрмін. Біз үй-жайымызды, дү­ние-мүл­кі­мізді тү­гел сатып кеткендіктен, тұрмыстық жағ­дайымыз бұрынғыдай бол­м­ағанымен, оның да түзелетіндігіне сенемін. Ең бас­ты­сы, туған елдің құшағында, жан-дү­ниемді түсінетін дос-жаранның ортасындамын. Мені отандастарымның ел Тәуелсіз­дігі­нің 20 жылдығын ерен табыстармен қарсы алудағы құлшынысы, Қазақ­стан­ның әлем­дік қоғамдастықтағы қарышты қадамдары қуантады. Сыртта жүргенімде Елбасымыз туралы жылы лебіздер естіп, көңілім көкке көтеріліп қалатын. Мен осы елдің перзентімін! Қарызым да, па­ры­зым да көп. Дәл қазір осы бағыттағы қуатты саптың қата­ры­на қосылғанымды мақтан етемін. Илья ЧАПАНИДИ, музыкант. Ақмола облысы.