Домбыра – қазақтың жаны. Елбасымыздың тікелей қолдауымен қолға алынған бұл мерекенің тек өнер адамдары, домбырашылар қауымы үшін ғана емес, өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, ұлттық рух биігінде тәрбиелеуде айтарлықтай мәні зор. Домбыра күнінің бүкілхалықтық мейрам болып бекітілуі – біріншіден, ұлттық аспабымыздың дәрежесін биіктетті, екіншіден, мәдени құндылықтарымызды ұлықтап, өзіміздің тілімізді, өнерімізді, музыкамызды, әдебиетімізді сақтап қалу жолында да заманауи, жаңашыл, жалпыұлттық сипат қалыптастырды. Сондықтан да бұл мейрамды рух мейрамы деп атаса да артық емес, меніңше.
Егер ұлттық аспабымыздың тарихына үңілетін болсақ, 1957 жылы Сейілхан Асанов, Нұрғиса Тілендиевтей біртуар таланттардың бастамасымен Атырауда 500 адамның құралған оркестр болатын. Сол кездің өзінде-ақ өнер оқиғасына айналған айтулы шара кейін 2010 жылы жалғасын тауып, 650 адамнан құралған өнерпаздар тобы «Исатай-Махамбет» алаңын қасиетті домбыра шанағынан төгілген күмбірлі күйдің думанына бөледі. Тыңдарман көңілінен шыққан бұл бастама 2013 жылы Атырау стадионында 1000 адамдық өнер көрсетуге ұласып, Қазақстан бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Ал кешегі Астананың «Қазақ елі» алаңында өткен 2000-нан аса домбырашылар құрамының жалпы орындауында өнер көрсетуі – ұлттық өнеріміздің жанашырлары – тыңдармандар үшін естен кетпес әсерімен әрқайсысының көңіл түкпіріне берік бекігені сөзсіз. Бұл – домбыра тарихында тұңғыш рет осыншалықты көп адамның қатысуымен жүзеге асып отырған ұлттық музыкамыздың айтулы оқиғасы.
Ұлттық домбыра күні – шын мәніндегі ұлттық өнеріміздің ұлы мейрамы, елордамыздың 20 жылдық мерейтойына жасалған тамаша тарту. Кеше барлығымыз куә болғандай, тек домбыра тартып, күй тыңдап қоймай, тыңдарман қауым, сондай-ақ Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов бастаған күй өнері майталмандарының саусақ табы тиген аспаптарын көзбен көріп, шеберлердің домбыра, ұлттық әшекей бұйымдарын жасау барысымен де танысты. Мұның да өскелең ұрпақтың өз ұлтының тарихы мен тамырын, мәдениетін жетік біліп ержетуіне, тәрбиеленуіне берер тағылымы мол. Мені жастардың ұлттық өнерімізге, домбыраға деген қызығушылығы тәнті етті.
Кездейсоқтық па білмедім, көп уақыттан бері жүзеге асырсам деп жүрген жобаларымның бірі дәл осы жылы шешімін тауып, қыркүйек айында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына орай «Саз пернелі Сарайшық» деген атаумен халықаралық күй фестивалі өткізіледі деп бекітілген болатын. Қазір соған қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Міне, жүрек түкпірінде ұзақ жылдар бойы аялап келген арманымның Ұлттық домбыра мейрамымен, Астанамыздың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуін өзімнің тарапымнан еліміздегі айтулы оқиғаларға жасаған тартуым деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, елімізде бұған дейін халықаралық деңгейде күй фестивалі өтіп көрген емес. Сол олқылықтың орнын толтыруды және ұлттық өнерімізді тек ел арасында емес, әлемдік кеңістікте танытуды мақсат тұтқандықтан, қиын да болса осы жобаны жүзеге асыруға тәуекел еткен едім. Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күні мейрамы ішімдегі сол қорқынышым мен күдігімді сейілтіп, арманымды ақиқатқа айналдыра алатыныма үлкен сенім сыйлады. Жалпы, домбырада қазақтың қалпы, күйде ұлтымыздың барлық болмысы, табиғаты, танымы, сенімі мен сезімі жатыр. Күйге тілдің де, аударманың да қажеті жоқ. Күй – жүректі пенденің барлығына ортақ тіл, ортақ ләззат. Сондықтан да күй – қазақты ғаламға танытудың баламасы жоқ байлығы.
Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор