15 Желтоқсан, 2011

ҚХР Төрағасы Ху Цзинтао: Біз кең ауқымды Қытай-Қазақстан стратегиялық әріптестігін жаңа белестерге шығаруға дайынбыз

356 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
2008 жылғы жазда Қытайда Олимпиялық ойындар өткізілді. Ондай ұлы жарыстар кезінде Олимпиада ас­та­насына әлемнің көптеген елдерінің басшылары жи­нала­тыны белгілі. Сол күндерде Қытай Халық Респуб­ли­касының Төрағасы Ху Цзинтао үш  басшымен –   Джордж Бушпен, Владимир Путинмен, Нұрсұлтан Назарбаевпен ғана жеке кездесуге уақыт таба алды. Осы фактінің өзі бұл күндері 20 жылдық торқалы тойын абыроймен атап өтіп жатқан Қазақстанның, Елбасымыздың әлемдік саясаттағы алар орнын айшықты ашады. Ел мерекесінің алдында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жария­ланып отырған Қытай басшысы Ху Цзинтаоның бүгінгі сұхбатында көрші мемлекеттердің қарым-қатынасының қазіргі биік деңгейі және жарқын болашағы жайында әңгіме қозғалған. – Ұлы Жібек жолымен бай­ланысып жатқан біздің халық­тары­мыздың өзара қарым-қа­тынастарының сан ғасырлық тарихы бар. Әйтсе де, біздің ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен қатына­сы­мыз Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алуымен ғана жаңа кезеңге ауысты. Жақында көр­ші­лес екі мемлекеттің дипло­ма­тиялық қатынастар орнат­қанының 20 жылдығы аталып өтеді. Бүгінде Астана мен Пекин өзара қарым-қаты­нас­тар­дың жаңа кезеңі жайында ба­тыл айта алады. Олар кең ау­қымды стратегиялық әріп­тес­тік деңгейіне шығарылды. Осы жылдар ішінде біздің мем­ле­кетаралық қатынастары­мыз­ды жолға салу ісінде қол жет­кеннің ішінен нені ең маңызды деп санар едіңіз? Екі жаққа да тиімді Қазақстан-Қытай ын­ты­мақтастығының перспекти­ва­ларын сіз қалай болжайсыз?  Ең алдымен Қытай Үкі­ме­ті мен қытай халқының атынан Қа­зақ­стан Республикасын тәуел­сіз­діктің жария етілуінің 20 жыл­дығымен  ыстық ықыласпен құт­тық­таймын. Қытай-Қазақстан тәуел­­сіздігін танып, онымен дип­ло­ма­тиялық қатынастар орнатқан мемлекеттердің алғашқылары­ның бірі. 20 жыл ішінде Қытай-Қазақ­стан қатынастары едәуір да­мыды, көрнекті нәтижелерге қол жетті. Біріншіден. Екіжақты қаты­нас­тарды дамытудың қағидат­та­ры мен құқықтық арқауы қалып­тастырылды. Екіжақты ынты­мақ­тастық бойынша 200-ге жуық құжаттарға, соның ішінде «Қы­тай Халық Республикасы мен Қа­зақстан Республикасының ара­сын­да тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шарт­­қа», «Қытай Халық Рес­пуб­ликасы мен  Қазақстан Республи­ка­сының 21-ші ғасырдағы ын­ты­мақтастығының стратегиясына» қол қойылды, ұрпақтан ұрпаққа жететін ынтымақтастық, мәңгі бейбітшілік пен достық идеясы айқындалды. Ынтымақтас­тық­тың теңдік, өзара құрмет пен  сенім, екіжақты тиімділік пен бірлескен табыс секілді қағидаттары белгіленді. Біз 2002 жылы «Қы­тай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының ара­сында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа» қол қойылуының, 2005 жылы стра­тегиялық әріптестік орнауы­ның куәгері болдық. Биылғы мау­сымда кең ауқымды страте­гия­лық әріптестік  қатынастарын да­мы­ту жөнінде жария етілді. Сөй­тіп, Қытай-Қазақстан қатынас­та­ры барлық өлшемдер бойынша көтеріліп келеді. Екіншіден. Жоғары басшы­лық кез­де­сулерінің және коопе­ра­цияның тетіктері жасалды. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ұдайы байланыс жасап тұ­ра­мыз және біздің елдеріміздің екі­жақты өзара іс-қимылдарының маңызды проб­ле­матикалары бой­ынша дер кезінде пікір алма­са­мыз. Тараптар екі елдің премьер-министрлерінің жүйелі кездесуі­нің тетіктерін жасау және іске қосу жө­нінде уағдаласты, пре­мьер-ми­нистр­лер­дің орын­басар­лары деңгейінде ынты­мақ­тас­тықтың үкіметаралық комитеті құ­рылды. Екіжақты ын­тымақ­тастықтың тетіктері күн өткен сайын жетілдіріле түсуде. Үшіншіден. Тарихтан қалған шекара­лық мәселелер толық шешілді. Өзара сенім, достық келісім, өзара түсіністік жағ­дайында өткен келіссөздер нәтижесінде тараптар Орталық Азия елдерінің ара­сын­да бірінші болып тарихтан қалып қойған шекаралық мәселелерді шешті. Ұзындығы 1782 шақырымдық Қытай-Қазақстан шекарасы екі елдің халық­тарын байланыстырып тұрған достық желісіне айналды. Төртіншіден. Нақтылы ынты­мақ­тас­тық үлкен нәтижелерге жеткізуде. 2010 жылы екіжақты тауар айналымы 20 миллиард доллардан асып, біздің елдеріміз­дің арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған алғашқы жылдармен салыс­тырғанда 50 еседен астам өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі бо­лып табылады, ал Қазақстан Қытайдың ТМД мемлекеттері арасындағы екінші сауда әріптесі және қытай инвестициясы көп салынған үшінші ел. Бірлескен жобалар егістігінен алғашқы өнім  алынды: олар – Қытай-Қазақстан трансшекара­лық мұнай құбыры, Қытай-Қазақстан транс­шекаралық газ құбыры, шекаралық ынтымақтастықтың «Қорғас» Қытай-Қа­зақстан халықаралық  орталығы, Қазақ­стандағы ең ірі Мойнақ су-электр стан­сасы, Павлодар алюминий зауыты. Гу­ма­нитарлық саладағы ынтымақтастық  ны­ғайып келеді. Мәдениет, денсаулық сақ­тау,  спорт, баспасөз салаларында ынты­мақ­тастық толассыз тереңдетілуде, қо­ғам­дық ұйымдар бойынша өзара барыс-келіс жандана түсуде. Қазір Қытайда оқып жүрген студенттерінің  саны бойынша Қазақстан барлық Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орын алады. Олардың саны 2010 жылы 7874 адамға жетті. Қытай Қазақстанда 3 Конфуций институтын құрды. Бесіншіден. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық табысты жүзеге асы­ры­луда. «Қытай мен Қазақстан арасында терроризммен, сепаратизммен және экс­тремизммен күрес жөніндегі ынтымақ­тас­тық келісіміне» қол қойылды. Ортақ күш-жігермен «үш зұлымдықпен» және трансшекаралық қылмыспен күрес жүр­гізудеміз. Ақпарат алмасу, құқық қорғау қызметін жетілдіру, ірі іс-шаралардың қауіпсіздігін  қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық ойдағыдай жүзеге асы­ры­лып, екі елдің және тұтастай алғанда өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын тиімді қорғап келеді. Алтыншыдан. Халықаралық және өңір­лік істерде тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Қытай мен Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаған маңызды елдер ретінде ШЫҰ-ның аясындағы ынты­мақ­тастыққа белсене араласып, Ұйым­ның тұрқы таза және тұрақты дамуына ірі үлес қосуда. Қытай тарапының Қа­зақ­станның бастамасы бойынша құрыл­ған АӨСШК қызметіне белсене қаты­суы, біздің өзара тығыз байланыста­ры­мыз бен БҰҰ-ның  және басқа да көп­та­рапты құрылымдар аясындағы үйлес­тіру­шілігіміз – міне, ортақ мүдделерді тиімді қорғап, өңірдің және тұтастай бүкіл әлемнің бейбітшілігіне, тұрақ­ты­лығына және өркендеуіне септесетін факторлар осылар. Келер жылдың алғашқы күндерінде Қытай мен Қазақстан арасында дипло­матиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуы атап өтіледі. Қуатты әлеуеті мен кең даму перспективасы бар Қытай-Қазақстан қатынастары өзінің қарқынды дамуының жаңа белесіне ауысады. Қы­тай Қазақстанмен бірлесе отырып, Қы­тай-Қазақстан кең ауқымды стра­тегия­лық әріптестігін жаңа белеске шығару үшін саяси өзара сенімді нығайтуға, достық байланыстарды кеңейтуге, ын­ты­мақтастық әлеуетін ашуға, өзара іс-қи­мыл салаларын кеңейтуге, барлық сала­лардағы өзара тиімді ынтымақтастықты барынша тереңдетуге дайын. – Соңғы онжылдықтарда Қытай қуатты экономикалық секіріс жасады. Қазақстан да әлемдік қоғамдастық жоғары бағалап отырған дамудың қа­рышты қарқынымен көзге түсуде. Мұ­ның бәрі біздің елдеріміздің ара­сын­дағы экономикалық ынтымақ­тас­тық­ты кең қанат жайғызуға жақсы жағдай жасап отыр. Бұл ықпалдастық әсіресе әлемдік экономикалық дағда­рыс жылдарында айрықша көрінді. Сол күрделі кезеңде Қазақстан Қытай Халық Республикасынан несие бөлу, бірлескен қорлар құру түрінде қуатты қолдау алды. Басқа да маңызды бастамалар жүзеге асуда. Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізу жөніндегі ниетіне қарап, бұл мақсаттардың кеудешілдігін анық аң­ғаруға болады. Мемлекеттер басшы­лары осындай міндет қойды. Бола­шақ­та ынтымақтастықтың қандай жаңа бағыттары игеріледі? – Іс жүзінде Қытай мен Қазақстан­ның арасындағы көпвекторлы ынтымақ­тас­тық қарышты қарқынмен дамуда. Екі­жақты қатынастарды дамыту қажеттігіне және 2015 жылға қарай тауар айна­лы­мын 40 миллиард долларға жеткізу мақсатын орындауға байланысты біздің күш-жігерлерімізді мынандай бағыт­тар­ға шоғырландыру ұсынылады. Біріншіден. Сауда мен инвестиция­лардың көлемін ұлғайту. Сауда-эко­но­микалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді-орташа мерзімді бағдарламасын жасау тиімді болар еді, мұның өзі екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кезең-кезеңімен жүзе­ге асыруға септеседі. Бұл үшін тараптар сауданың  қолайлы жағдайын жасау, сауда ахуалын сауықтыру, өздерінің рынок­тарына тауарларды, инвестицияларды және басқа тараптың қызметтерін жіберуге жеңілдік саясатын жасау жөнінде одан әрі күш-жігер жұмсауы керек. Қытай тарапы алдағы кезде де, бұрынғы кездегідей, отандық кәсіпорындардың ка­питалын Қазақстанға салуды көтерме­леп, қолдап отыратын болады және өз тарапынан Қазақстанның Қытайға инвестициясының артуын жақтайды. Қытай – Еуразия жәрмеңкесінің, Харбин сауда жәрмеңкесінің, Гуандун жәрмең­ке­сінің мүмкіндіктерін ортақ жобаларды іздестіру үшін  барынша пайдалануды ойластырамыз. Екіншіден. Энергетика саласындағы ынтымақтастықты шикізаттық емес салалардағы ынтымақтастықпен қатар іл­герілету керек. Қытай-Қазақстан мұ­най және газ құбырларының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, Қытай-Қазақстан мұнай құбырының екінші кезеңінің құрылысын, «С»   бо­йын­ша Қытай-Қазақстан газ құбырын тез­дету, энергияның баламалы және жаңа көздерін игеру жөніндегі ынты­мақ­тастықты кеңейту, шикізаттық емес сала­лардағы ынтымақтастық бағдарла­ма­сы мен оның іс-қимыл жоспарын тиісінше жүзеге асыру қажет. Мұның өзі екі елдің нақты ынтымақтастығын  кең ауқымды және үйлесімді дамытуға қол жеткізу үшін өте маңызды болар еді. Іргелі аграрлық елдер ретінде Қытай мен Қазақстан бір-бірін жақсы толықтырады, олардың ынтымақтастық әлеуеті үлкен. Менің ойымша, тараптар ауылша­руа­шы­лық дақылдарын өндіру, ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерімен сауда жасау, олардың үлгілік-көрнекі орталықтарын құру жө­нін­дегі ынтымақтастығын арттыра алады. Қытай жағы алдағы кезде де Қазақ­стан­нан бидай импортының көлемін арт­т­ы­руға, шекарадағы кедендік өткізу пункт­терінде ауылшаруашылық өнімдерін жасыл дәлізбен өткізуге алдағы кезде де дайын. Қытай жағы жылдамдығы жо­ғары теміржол магистральдарын дамыту, ядролық отын мен космонавтиканы екіжақты ынтымақтастықтың ғылымға негізделген салаларын арттыра отырып, терең өңдеу бойынша Қазақстан тара­пы­мен ынтымақтастықты кеңейте беруге ниетті. Екі ел арасындағы валюта айыр­бастау, сауда есептерін ұлттық валюталармен жасауды бірте-бірте жылжыту жөніндегі келісімді жүзеге асыру да маңызды. Біз екі жақ та  мүдделестік танытатын бірлескен ірі жобаларды қаржылық жағынан қолдауға дайынбыз. Үшіншіден. Байланыс пен коммуни­ка­цияны дамытуды алға жылжыту қажет. Біз алдағы кезде шекарадағы өткізу пунк­т­теріндегі инфрақұрылымды жетілдіруге, Қытай-Қазақстан темір жолда­рын Қор­ғаста қосу, «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» автожолын салу сияқты жоба­ларды жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл Қа­зақстанның трансшекаралық көлік дәлізі ретіндегі мүмкіндігін барынша толық ашуға мүмкіндік береді. Транс­ше­каралық тасымал жөніндегі ынтымақ­тас­тықты да белсенді дамыту керек. – Кейінгі жылдарда екі елдің  мұ­най-газ саласындағы ынтымақ­тас­ты­ғы айрықша белсенді бола түсті. Қы­тай компаниялары біздің еліміздің мұ­най-газ кешенінде кеңінен қамтылған. Қытайды қуат көздерімен қам­та­ма­сыз ететін ғаламат мұнай және газ құбырлары салынды. Сіз осы ба­ғыт­тағы екі жақты экономикалық ынты­мақтастық әлеуетін қалай баға­лай­сыз? – Қазақстан – мұнай мен табиғи газ­дың аса ірі  өндірушісі. Қытай – аса ірі қуат тұтынушылардың бірі. Қытай-Қа­зақстан энергетикалық ынтымақтастығы стратегиялық және өзара тиімді болып табылады. Біздің бірін бірі өзара толық­тыратындығымен, теңдікпен және өзара тиімділікпен сипатталатын ынтымақтас­ты­ғымыз екі жақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін айғақтайды. Мұнай және табиғи газ саласындағы ынты­мақ­тастық әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Біз  сіздермен әдеттегідей өзара тиімділік және бірлескен ұтыс рухында тар­тылған мұнай және газ құбыр­ла­ры­ның қауіпсіз әрі тұрақты қызметін қам­та­масыз ете отырып, мұнай мен табиғи газ өндірісі мен олардың сауда-саттық кө­лемін  ұлғайтуға, мұнай өңдеу жөнін­дегі ынтымақтастықты нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды жасауға, екі елдің екі жақты қарым-қатынасын байыту үшін  энергетикалық ынтымақтастық дең­гейін жан-жақты жоғарылатуға тиіспіз. – Бірнеше ғасыр бұрын бұрын Ұлы Жібек жолы өңір елдерінің сауда бай­ла­нысын дамыту үшін шешуші маңызға ие еді. Бүгінде екі ел «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды көлік жо­ба­сын жүзеге асыруға қатысуда. Оның жүзеге асуымен біздің және басқа да елдер халықтарының өмірлері қалай өзгереді? – Ұлы Жібек жолы біздің халық­тарымызды байланыстырушы дәнекер болып табылады және ол Шығыс-Батыс байланыстарын белсенділендіру үшін де, сондай-ақ адамзат өркениетінің прогресі үшін де  айтарлықтай рөл атқарды. Дипломатиялық қатынастар орнауымен біздің елдеріміз автомобиль және темір жол магистралін құрып, әуе маршрут­та­рын, телекоммуникация желілері мен мұ­най және газ құбырларын ашты. Бұл біз­дерді ежелден байланыстырған жол­дарды жаңғыртуға үлес болып қосылды. Қазіргі кезде Қытай және Қазақстан тараптары көлік саласында ірі бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асырып жа­тыр. Олар – «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автожолы, Қорғаста Қытай-Қа­зақ­стан темір жолдарының түйісуі. Бұл жо­ба­ларды жүзеге асыру біздің елдері­міз­дің өзара тиімді ынтымақтастығына оң ықпал етіп, екі мемлекеттің және, тұ­тастай алғанда, өңірдің дамуы үшін оң­тай­лы жағдай қалыптастыратын болады. Біз екі елдің көлік инфрақұрылым­дарының табысты қызметін қамтамасыз етіп, тек біздің елдеріміздің ғана емес, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бүкіл өңірдің бірлесіп дамуының жаңа қазіргі заманғы Ұлы Жібек жолын жалғастыру үшін жоғарыда аталған жобаларды жедел жүзеге асыруға   мүдделіміз. Қытай мен Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйым­дар аясында жемісті ынты­мақ­та­сып келеді. Мұның Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылық шараларын құруға  және терроризммен, экстремизммен, сепаратизммен күрестегі ынтымақ­тас­тыққа да қатысы бар. Осы күш-жігерлер сынақтар мен қауіп-қатер­лерге қарсы іс-қимылдың жаһандық жүйесінің ажырағысыз бөлшегі болуы үшін қандай қосымша бірлескен қа­дамдар қажет? – Аталған өңір мемлекеттерінің қауіп­­сіздігі мен тұрақтылығы үшін нақты қатер төндіретін «үш зұлымдық» бар. Қытай-Қазақстан «үш зұлым­дық­пен» күресте екі елдің, және, тұтастай алғанда, бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде ортақ түсіністік пен кең ауқымды ортақ мүд­деге ие және құқық қорғау саласында өзара іс-қимылды табысты жүзеге асы­рып келеді. Басқа мемлекеттермен – ШЫҰ мүшелерімен тығыз ынтымақ­тас­тықта «Терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясына» қол қойылды. Терроризммен күресте қалыптасқан күрделі халықаралық және өңірлік жағ­дайлар алдында қазіргіден де нақты шаралар қабылдап, біздің елдерімізді да­мыту пайдасына салмақты ауан қалып­тастыру мақсатында ынтымақтастықтың қолданыстағы тетіктері әлеуетін толық кө­лемінде айқындау қажет деп санай­мын. Осыған байланысты біздің ортақ күш-жігерімізді құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің ынтымақ­тас­тығы үшін құқықтық арқауды одан әрі нығайтуға, құзыретті органдардың бай­ланыстарын белсенділендіріп, бірлескен ірі жобалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты нығай­туға және өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығын қамтамасыз ету мақсатында ШЫҰ, АӨСШК сияқты көп қырлы ұйымдар шеңберінде қауіпсіздікті қам­тамасыз ету бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге жұмсауға болар еді. – Қазақстан-Қытай стратегиялық өзара іс-қимылы көп жағдайда жоға­ры деңгейдегі белсенді саяси үнқатысу мен мемлекет басшыларының жеке қарым-қатынастары нәтижесінде белсенді дамып келеді. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев жұмысын белгілі саяси қай­раткер Цзян Цзэминьмен бастаса, соңғы жылдары Сізбен белсенді ын­ты­мақтасып отыр. Айтыңызшы, мұн­дай қарым-қатынастың мемлекетара­лық байланысқа  қандай ықпалы бар? – Жоғары деңгейдегі тұрақты бай­ланыстар – Қытай-Қазақстан қарым-қа­тынасының сипатты ерекшелігі. Менде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз іскерлік байланыстар мен берік достық қарым-қатынас қалыптасқан. Биылғы жылы  біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сапарлар алмастық. Алда­ғы жылы ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай­ға келеді деп күтілуде. Қытайдың сырт­қы саяси қызметінде байланыстардың осыншалық­ты жиілігі көп кездесе бермейді. Өмірдің  өзі көрсетіп отырғанындай, жоғары деңгейдегі байланыс тарап­тар­дың саяси және стратегиялық сенімін бекемдеп, екі жақты қарым-қатынасты да­мыту үшін сенімді саяси кепіл қыз­метін атқарады және Қытай мен Қазақ­станның кең ауқымды стратегиялық әріптестігін нығайтуға қуатты серпін қосып, оларды дұрыс жолға бағыттайды.