Аймақтар • 07 Шілде, 2018

Қостанайлықтар Астана күнін тойлады

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Астана күні мерекесі Тобыл өзенінің жағасындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы  саябағында басталды. Мұндағы этноауылға қос ақбоз үй тігіліп, онда халқымыздың ұлттық қолөнері, ұлттық тағамдары көрсетілді.

Қостанайлықтар Астана күнін тойлады

Осы саябақтағы амфитеатрға жиналған халықта есеп жоқ. Тобыл өзені алақандағыдай көрініп тұратын  амфитеатрда салтанатты жиын басталды. Әнұран шырқалды, оны қостанайлықтар  оң қолын жүрек тұсына ұстап, Тәуелсіздікке тағзым ете тұрып тыңдады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қостанайлықтарды  Астана күнімен құттықтады және елордамыз туралы баяндама жасады. 

«Ұлы Дала елордасы ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеріп, ел бірлігінің жаңа идеяларының нышанына айналды. Бас қала мәдени және туристік қала бола отырып, республика өңірлерінің  дамуына тың серпін берді. Әлемдік деңгейдегі өзіндік мәні бар, бірегей технологиялық және сәулет құрылысы барлық аймақтар үшін үлгі болып отыр. Елбасының "Астанасына қарап, елін таниды" деген сөзінде терең мән бар. Барлық халқымыз Астананы салуға атсалысса, Астана мемлекетті дамытқаны сөзсіз», деді Архимед Бегежанұлы.

Өңір басшысы  елордамыз туралы, оның бүгінгі мемлекеттің  саяси, экономикалық, мәдени өмірінде айрықша орын алатынын,  еліміздің  визит карточкасы екенін тілге тиек етті. Ол мұнан кейін облыстың бизнесте, өнерде,  мемлекеттік қызметте, әлеуметтік және өмірдің барлық саласында  еліміздің гүлденуіне атсалысып жүрген бетке ұстар азаматтарына «Астананың 20 жылдығы» медалін табыс етті. 

«Мен облыс орталығынан шалғайда жатқан Жанкелдин кентіненк елдім, сондағы музейлер кешенін басқарамын. Облыс әкімінің қолынан Астананың 20 жылдығы медалін алдым. Қуаныштымын. Астана еліміздің айбыны болып отыр. Астананың тарихы – халқымыздың, еліміздің тарихы, ол туралы біздің музейлерде де  материалдар бар. Астана күні меркесі  адамдарға  жоғары патриоттық рух сыйлайды, Қазақстанды әр қазақстандық жақсы көреді», деді Торғай кентіндегі музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей. 

Қостанай қаласының өнер ұжымдары мерекеге жиналған жұртшылыққа ән мен жырдан шашу шашты. Қостанайда осылай астана күні биік рухта аталып өтті. 

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай