Қазақстан • 07 Шілде, 2018

Бурабайда «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығы ашылды

3197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Бурабай баурайында «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы мұражайының ашылу салтанаты болып өтті. Салтанатты рәсімге Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, архео­лог Виктор Зайберт бастаған ғалымдар мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Бурабайда «Ботай» мәдени-тарихи музейінің визит орталығы ашылды

Алдымен, бір ауыз сөз Ботай мәдениетінің мәйегі жайында. Археолог ғалымдардың пайымдауынша, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Никольское ауылынан бір жарым шақырым жердегі сонау энео­лит дәуірінде Қазақстанның сол­­түстігін мекендеген тайпалар мәдениетінен тылсым сыр шер­тетін көне қоныс – талай құпияны қойнына тығып жатқан ежелгі мекен. Жалпы аумағы 15 гек­тар жерді алып жатқан ежел­гі адамдар қонысынан 150-ден ас­там үйдің орны табылған. Ға­лым­дар ежелгі тұрғынжайларды қа­зып, қайта тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі тұрғынжайлардың қабырғасының ені бір метр шамасында, ал, биіктігі 70-90 сантиметр мөлшерінде. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден өрілген, түтін шыға­тын шаңырақ пішіндес тесік жасал­ған. Кәдімгі қазақтың киіз үйлері кейпінде.

Осы жерден ежелгі адамдардың құрал-жабдықтары, ыдыс-аяқтары, кәдімгі тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ тәрізді аңшылық қарулары табылған. Ең ғажабы және ғалымдарды таң қалдырған дүние – жылқы сүйектерінің орасан көптігі. Осы орайда, арнайы шақыртумен кел­ген ғалым-остеологтар адам айт­қысыз ауқымды шаруалар атқарған. Барлығы 133 мыңға жуық жылқы сүйек­тері зерттеліпті. Бір айта кетер­лігі, Ботай жыл­қысының сүйе­гі өзге де ежелгі аттар­­дың сүйегінен ерекше. Осыған орай, ғалымдар, Ботай жылқысы қолға үйретілген жылқы деген түйінге келген. Өткен жылдан бері Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қатысуымен Ботай мәдениетіне қатысты «EQUUS» (Жылқы) ғылыми деректі фильмі түсірі­луде.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында ауқымды жо­ба қолға алынып отыр, деді министр Дәурен Абаев,– «EQUUS» (Жылқы) тарихын қам­титын деректі трилогиясы түс­ірілуде. Еліміздің тылсым тарихы мен тамаша дәстүрін қамтып, халық­­аралық аренадағы имиджін қа­лып­­тастыруға мүмкіндік беретін жо­ба өте маңызды. Алаш жұрты Ұлы Да­лада сағыммен жарысқан жыл­қыны алғаш қолға үйретіп, өркениеттің өріне бағыт алған ел. Шетел ғалымдарының Қазақстанға осы тараптан қызығушылық туғызуы жайдан-жай емес. Тар­паңға тақым тигізіп, тағыны тіз­гіндеген ата-бабаларымыз өр­кениеттің өрге шығуына үлес қос­ты. Егер есте жоқ ескі заманда адамдар атқа отырмағанда қазіргі өркениетіміз болмас еді. Жылқы қазіргі қазақ жерінде үйретілген соң ғана атқа отырған адамның барыс-келісі көбейді, аттылы адам жаңа мәдениеттерді таныды, жаңа жерлерге қоныстанды, сөйтіп, адамның өмірі жаңалықтармен толығып, өркениетіміз дамып отырды. Фильмде жылқының адамзат тарихындағы рөлі туралы баяндалады. Жобаға Қазақстан, Канада, АҚШ, Франция мен Германия елдері қатысуда. Деректі трилогия келесі жылы аяқталып, 50 елге тарайды.

Бурабай баурайындағы Бо­тай қоны­сының бар көне бей­несін баяндайтын мұра­жай жеті тұр­ғынжайдан тұрады. Өлке­танушы ғалым Виктор Зайберттің айтуына қарағанда, ежелгі адам­­дар қонысында әулеттің ота­ғасы жай­ғасатын салтанатты жай, ас үйі, қымыз баптайтын, құрал-жабдықтар мен қару-жарақ­тарын қоятын қойма іспеттес бөлмесі болған екен. Мұның барлығы қиял-ғажайып дүниелер емес, ғалым­дардың нақты болжамдары бойынша дәлелденген жайлар.

Жерді орлап қазып, оқтай түзу бөренеден өріп, іші-сыр­тын майлы балшықпен сылап көтерген тұрғын­жайлар жазда кәдімгідей қоңыр салқын, қыста құрқылтайдың ұясындай жып-жылы болса керек. Ал кейбір бөлмелердің шаңырағына дейін көтеріліп, бекітілген ағаш бас­қыштар сайын Сарыарқаның атан түйені алып жығатын ақ түтек боранында тұрғынжайдың кірер есігін қар басып қалса, сырт­қа шығуға мүмкіндік беретін қосалқы жолы. Әр бөлмеде Айыр­таудағы ежелгі қоныстан табыл­ған жәдігерлер хатталған. Сол қымбат жәдігерлерге қарап, осыдан алты мың жыл бұрын Ұлы Даланың ұландары қандай затты тұтынғанын аңғаруға болады.

Ғалымдар Ботай қонысын отыз жылға жуық зерттеді. Архео­логиялық зерттеулердің жетекшісі Виктор Зайберт Анг­лияның Кембридж университетінде Ботай қонысы туралы әлемге әйгі­леп лекция оқыды. Ежелгі қонысты зерттеу­ге Ресей Англия, Германия ғалымдары атсалысты. Ұзақ уақыт сараптай келе, Ботай қонысы Еуразия даласындағы мал шаруашылығының орталығы болған деген тұжырымға келген.

Келген қонақтар Бурабай бау­­ра­йына көшірілген Ботай мәде­ниетінің жауһар жәдігерлерін, көне мекеннің көмескі тартып барып қайта жаңғырған сұлбасын аралап көріп, таң-тамаша қалды. Археолог Виктор Зайберттің ай­туы­на қарағанда, жеті бөлмелі қоныс­тың бір бөлмесі діни дәстүр мекенжайы екен. Сол жерден табылған адам­ның бас сүйегінің ДНК-сы қазіргі Қос­та­най өңірін мекендеген жергілікті жұрт­қа сәйкес келетін көрінеді. Бұл – бұлтарт­пайтын ғылыми болжам.

Министрлік тарапынан қолға алын­ған маңызды шараға Ақмола облысының әкімдігі де қолғабысын тигізген. Қысы-жазы келушілерден бір арылмайтын Бурабайдың баурайындағы ежелгі адамдар мекені жалпақ жұрттың рухани жан-дүниесіне өз үлесін қосып, өткеннің тарихын ұғындырып тұратын болады. Өздеріне ғана емес, Мәңгілік елдің алтын айдарлы жеткіншектеріне де.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы