Қазақстан • 09 Шілде, 2018

Тәуелсіздіктің теңдессіз туындысы

670 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Төл тарихымыздың тұңғиығына үңілер болсақ, 13 ғасыр бұрын бабаларымыз «Елім бар жұрт едім ғой – елім қайда, төрім бар жұрт едім ғой – төрім қайда?» деп айтып кеткен екен. Уақыт өтті, заман өзгерді. Сан ғасыр бойы қатаң режім қаһарына мініп, қазаққа қылбұрауын қанша күшейткенімен тәңірі алқап, тарих қолдап тәуелсіздік алдық. Егемен ел атандық. Содан бері ширек ғасыр өтті. Осы уақыт ішінде бабаларымыздың асыл арманы, келешегі кемел елі дүниеге келіп, са­йын даланың төсінде, Есілдің екі бетінде, әлем сүйсінген әсем Астананы салдық. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деген осы.

Тәуелсіздіктің теңдессіз туындысы

Астананы салу – өткен­дегілердің арманын орындап, бүгінгілердің мүддесін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасыту. Астананы салу – ел орталығын бір қа­ладан екіншісіне көшіру ғана емес, өзіндік мемлекеттік философиясы, стратегиялық ұмтылысы, геосаяси орналасуы бойынша жаңа Астананы салу Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз стратегиялық, көре­генділік шешімі.

Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда Білге қаған бүй деген екен: «Баз кешсек – өкінерміз, жаңылыссақ – түзелерміз! Біріксең етті, елім!». Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем, тереземіз өзге елдермен тең. Күллі жұрт таныған ажарлы Астана салуымыз соның нақты айғағы іспеттес. Бағамдасаңыз, бұның бәріне керіспей, жанжалсыз, соғыс­сыз, жасампаздық һәм бейбіт жол арқылы жетіппіз. Бұл «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», бірлігі мығым елі, білікті төрі бар, сарабдал көпшіліктің ғана қолынан келмек. Расында да, бүгінгідей алмағайып заманда даңқы артқан, сәулеті асқан Астана салу әлдеқайда қиын.

Тарихта қалалар, тіпті астаналар салған адамдар болған. Мәселен, Ре­­сейде Санкт-Петерборды салған ­I Петр, XX ғасырда ел президентінің Жарлығымен Бразилияда жаңа ел орталығы – Бразилиа салынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бо­йынша бой көтерген Астана архитектуралық қана емес, сонымен қатар Қазақстан тәуел­сіздігінің, билік пен халықтың бірлігінің жоғарғы саяси нышаны, мемлекеттің көрнекті туындысы болып табылады. Елбасы Астананың айрықша міндетіне былай деп баға береді: «Сарыарқаның төрінде жай ғана Астана пайда болған жоқ, әлемнің болашақ бесігі келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры өзара байланысқан. Егер біздің тарихымызда Астана болмаса, Қазақстан бүгінгі жетістіктерге жетпес еді. Астана тәуелсіздіктің туындысы, өз кезегінде Астана біздің тәуелсіздігімізді ны­ғайтып, оны әрі қарай дамытуда».

1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға «Бей­­бітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілді. Әлем­дік беделді ұйым тарапынан мұндай марапатқа ие болудың себептері де жоқ емес. Өйткені Астана – бейбітшілік мәселелерін тал­қы­лайтын қала. Астана – кон­фессияаралық келісімнің қаласы. Астана – өзінің төл тарихында ұлы өркениеттердің тарихи, яки мәдени мұралары тоғысатын негізгі орталығы болған елдің ордасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары әлемді алаңдатқан өзекті мәселелерді шешу тетіктерін ұсынуымен белгілі. Мемлекет басшысының Вашингтонда ғаламдық саммитте жария­ланған «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» атты маңызды құжаты әлемдік қоғамдастықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Қазақ елі басшысының жаһандық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге арналған, алысты болжаған жаңа бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас ассамблея тарапынан ресми құжат мәртебесіне ие бол­ды. Бұл Елбасымыздың бей­бітшілік пен қауіпсіздік мәселесі жөнінен әлем та­ныған жаһандық стратег деңгейіне еркін көтерілген ерен тұлға екендігінің айқын дәлелі. Қазақ елі өз тарапынан ядросыз әлем құру туралы күллі міндеттемесін жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдары Семей полигонын жауып, еліміздің ядролық қарудан бас тартуы – барлық отандастарымыз үшін тарихи кезең, қазіргіміз бен келешегімізге соны серпіліс беретін тарихи іс болғандығы белгілі. Қазақстанның осы мәселедегі ұстанымы әлемді ядролық зұлымдықтан сақтаудың алғышарты деп қабылдауға болады. 18 жыл бұрын еліміз аймақтағы көршілерімізбен бірге Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазір де Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көш басында келеді. Біздің бұл тәжірибеміз әлемнің барлық мемлекеттеріне үлгі болады деген үміттемін. Қазақстан зымырандық-ядролық арсеналының ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші ел болса да, бейбітшілікті жоғары қойғандықтан осындай тарихи шешіммен әлемнің назарына ілікті. Сондықтан әлемді ядролық қарусыздандыру саммиттеріне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы үлкен маңызға ие.

Қазақстан Президенті жаңа бастамасымен өзінің өскелең ұрпақтың қамы мен күллі әлемнің тағдыры үшін алаңдаушылығын көрсетеді. Аумалы-төкпелі кезеңде қан­­­дай да болсын дауды қару­дың, қорқытып-үркітудің күші­мен емес, келіссөздердің негізінде шешкеннен жапа шекпейтініміз бесенеден белгілі. Елбасының осындай игі қадамдарының бәрі айналып келгенде Қазақстанның Азия-Тынық мұхит мемлекеттер тобынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы ірі саяси жеңіс болды. Сөйтіп Қазақстан жарғысы бо­йынша жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өкілеттілік сеніп тапсырылатын БҰҰ-ның аса маңызды саяси органы құ­рамына сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет атанды.

Мемлекет басшысы «Идеоло­гияның басты мұ­раты – тәуелсіз­дігімізді баян­ды ету, мына шырға­лаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, осы­ған дейінгі ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, оны өрісі кең әлемдік өркениетке ұластыру» деп алдымызға үл­кен міндет қойғаны мә­лім. Осынау ұлан-ғайыр мін­­­­деттерді орындау үшін Елбасы Қазақстанның да­мыған 30 елдің қатарына енуі үшін «Қазақстан-2050» стратегиясына, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасына және «Бес әлеуметтік бастамаға» басымдық берді.

Тәуелсіз Қазақстанның үнемі даму үстінде екендігінің куәсіндей, оның Арқа төсінен бой көтерген ару Астанасының ажары жылдан-жылға артуда. Талай жаһандық маңызы бар дүбірлі жиындар өткен Астананың келбетіне, оның болашағының зор екендігіне таңданбаған кісі кемде-кем. Ұлттың ұясына, қазақтың алтын бесігіне айналған Ұлы Даланың елордасы елімізбен бірге өсіп-өркендейтініне кәміл сенімдіміз.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор