Қазақстан • 09 Шілде, 2018

Орынбордан Астанаға дейін

3760 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орынбордан Астанаға дейін

1920 жылы 26 тамызда Бүкіл­ресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автоно­миялы со­циа­листік кеңес рес­публикасын құ­ру туралы» Декрет қабылдады. Он­да Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орталық Азия­дағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құ­ра­мында болып келген Сырдария және Жетісу облыс­тары, сондай-ақ Қа­рақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық рес­пуб­ликасы құрамына енді. Осы­ған орай Қазатком сессиясы (қыркүйек, 1924) ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алды. Алайда Мәскеудің араласуымен, респуб-
лика астанасы Ақмешітке ауыстырылады. Сол жылғы 15 – 19 сә­уірде Ақмешітте өткен Кеңес­тер­дің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атау­ын «Қа­зақ АКСР-і» деп өз­гер­ту, ал рес­публика астанасы Ақ­мешіт қа­­ласының атауын Қы­зыл­­ор­да деп атау туралы қаулы қа­был­дады.

1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік бас­қа­ру орган­дары Сыр бойына кө­ші­ріл­ді. Қызылорда 1929 жылы ма­мыр айына дейін Қазақ АКСР-і астанасы болды.

Сыр бойының эконо­ми­кал­ық жә­не табиғи жағдайы қо­лайсыз де­­­генді желеу еткен Ф.И. Го­ло­ще­­кин басқар­ған БК(б)П Қазақ өл­келік ко­ми­теті ел астанасын Қы­­зыл­ордадан Алматыға ауыс­ты­руды жөн деп тапты. Қазақ АКСР-і орталығының Алма­тыға көшірілуі жөніндегі ше­шімді РКФСР ОАК мен ХКК мақұлдады (1927 ж. 30 мамыр). Ел астанасының Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір темір жолының іске қо­сылуы да әс­ер етті. Бас қала бол­ған жылдары Алматы мил­лионнан астам тұрғыны бар, жан-жақты дамыған әсем қа­лаға айналды. Алматы 1997 жыл­ға дейін Қазақстанның аста­­насы болды.

1991 жылы Қазақстан тәуел­­сізд­ікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шы­ғысынан рес­публиканың ор­талығы бөлігіне көшіру мәсе­лесі көтерілді. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырма­сы бойынша мемлекеттің жаңа аста­насын орналастыруға оң­тай­лы қаланы анықтау мақ­са­тымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Тал­дау қорытындылары барлық нұс­қалардың ішінен ең қо­лай­лы­сы Ақ­мола қаласы екен­ді­гін көрсетті. Бұл қаланың орна­ласқан орны сәу­летшілік тұрғысынан кез келген жо­баны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Республиканың Жоғарғы Кеңесі ел Президентінің айқын дәлелдерімен келісіп, оның астананы Ақмолаға көшіру ту­ралы ұсынысын мақұлдады. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы туралы» Заң күші бар Жарлығы жария­ланды. 1997 жылы 20 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның жа­ңа астанасы Ақмола қаласы бол­ға­нын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мем­лекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қа­ла­сына шы­ғарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1998 жылы 6 мамыр күні Пре­зидент Жарлығымен Ақмола ­ аты Астана болып аталды.