Қазақстан • 09 Шілде, 2018

«Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің басшылары ауысты

143 реткөрсетілді

«Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің бас редакторлары ауысты. 

Бұрынғы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы ақын, журналист Жанарбек Әшімжан «Ана тілі» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметіне «Абай-ақпарат» Қазақстан интернет кеңістігін дамыту қоры» Қоғамдық қорының президенті Дәурен Қуат келді. 

Жанарбек Әшімжан 1976 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында туған. 1999 жылы әлФараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

1996–1999 жж. қалалық «Алматы ақшамы» газетінде тілші, 2000 жылы «Қазақстан» журналында бөлім редакторы қызметтерін атқарған.   

2000–2005 жж. республикалық «Жас Алаш» газетінде бөлім меңгерушісі, 2005–2008 жж. республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен.   

2008 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «ҚаламгерМедиа» орталығының директоры қызметін атқарған.   

Дәурен Қуат 1973 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ащыбұлақ ауылында дүниеге келген. М.Қашқари атындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты. 

1990 жылы аудандық «Қапал еңбеккері» газетінің тілшісі;

1993 жылы облыстық «Жерұйық» газетінің тілшісі;

1994 жылы республикалық «Халық кеңесі» газетінің бұрынғы Талдықорған облысындағы (қазіргі Алматы облысы) меншікті тілшісі;

1996 – 1997 жылдар аралығында Еларалық «Қазақ елі» халықаралық газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі;

1997 – 1999 жылдар аралығында республикалық «Жас Алаш» газетініңтілшісі, бөлім меңгерушісі;

2000 – 2001 жылдар аралығында республикалық «Алтын орда» газеті бас редакторының орынбасары;

2001 – 2003 жылдар аралығында «Хабар» арнасындағы «Майдан» телебағдарламасының редакторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері;

2002 – 2003 жылдар аралығында «Қазақ Әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары;

2004 -2007 жылдары республикалық «Алтын орда» газетінде бас редактор;

2008 – 2009 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінің бас редакторы;

2009 жылдан бері қарай «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, «Абай-ақпарат» Қазақстан интернет кеңістігін дамыту қоры» Қоғамдық қорының президенті болған.

«Қазақ әдебиеті» газеті Қазақстан жазушылар одағының органы ретінде 1934 жылдың қаңтарында жарық көрді. Газет беттерінде қазақ ақын-жазушыларының өлең, жыр, дастандары, әңгіме-очерктері, роман, повестерінен үзінділер, қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және келешегі жайлы байыпты әдеби-сын мақалалар, дүние жүзі классиктерінің үздік туындыларынан аудармалар жарияланады.

«Ана тілі» газетінің алғашқы нөмірі 1990 жылы 22 наурызда жарыққа шықты. «Ана тілі» тек Мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келеді. Қазақтың тілі, қазақтың ауылы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көптеген тақырыптар басылым беттерінен түсіп көрген емес.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар