10 Шілде, 2018

Зеленов ауданында жаңа музей ашылды

376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының орталығында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Өндірісті өңір, үлкен аудан орталығында бұған дейін ел мен жер тарихын жинақтаған музей үйі болмаған екен. Астананың 20 жылдығына орайлас келген оқиға ауыл тұрғындарының есінде қалатын болды.

Зеленов ауданында жаңа музей ашылды

Екі қабатты еңселі ғимаратта орналасқан жаңа музей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылып отыр. Музейде әзірге 300-ге жуық жәдігер қойылған. Бірақ ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына қарағанда, жәдігер саны еселеп артып, туған жердің тарихы тез түгенделетін түрі бар сияқты. Тіпті осы музейдің ашылуына да ауыл кәсіпкерлері Бақыт Неталиева, Бауыржан Сакпиреев, Сайра Өмірбаева сынды ауылдастар қаржылай үлес қосқан.

Музейде Зеленов ауданының өткен тарихы, даму жолы, өңірден шыққан тұлғалар туралы толыққанды мәлімет алуға болады. Ғимараттың төменгі қабатында орналасқан бірінші залда – Қазақстан тарихы, ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі ұлт тарихының даму кезеңдері көрініс тапқан. Екінші зал – өлке табиғатына арналған. Үшінші зал – өңірдің негізгі шаруашылығы – егінге, астықты алқап тынысына арналған. Төртінші залда геологиялық материалдар, өңірде кездесетін табиғи жыныс үлгілері қойылған.

- Музей ғимаратының екінші қабатында көрме залы жұмыс істейді. Мұнда аудан қолөнер шеберлерінің, суретші, мүсіншілердің жұмыстары қойылады. Осы жердегі конференц-залда түрлі тақырыптағы ғылыми-практикалық конференциялар, семинар-кеңестер өткізу жоспарланған. Біз музейді ғылыми-шығармашылық орталыққа айналдырғымыз келеді, - дейді музей директоры Нұржан Дүзбатыр.
Музей ғимаратының бір бұрышында Ассамблея кабинеті де жұмыс істемек. Ауданда шоғырланған 40-тан астам ұлт өкілдері осы залда бас қосып, салт-дәстүр, мәдениет пен өнер, т.б. бағытта жұмыстар жүргізуге мүмкіндік алмақ. 

Музейдің алғашқы жұмыс күні мұнда «Өлкетану: өткеннің ізі – бүгінге бағдар» атты ғылыми конференция өтті. Бұл жиынға өлкетанушы ардагер Жайсаң Ақбай, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов, алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, меценат Ақсерік Әйтімов, тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев тағы басқалары қатысты. Еңбек ардагерлері М.Жұбандықов, Ф.Яфаров, аудандық мәслихат хатшысы Р.Исмағұлов сөз сөйлеп, музейге сыйға кітаптар тарту етті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше