Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Жазғы демалысты жоспарлап жүрсіз бе? Ішкі туризмде ілкімді жобалар көбейіп келеді

882 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаздың шілдесі бас­тал­ғаннан жағажай іздей бас­тайтынымыз анық. Әлемдік тәжі­рибеде табыс көзі жағынан туризм – мұнай мен газдан ке­йінгі үшінші орынды иеленеді. 

Жазғы демалысты жоспарлап жүрсіз бе? Ішкі туризмде ілкімді жобалар көбейіп келеді

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғаты ерекше, мол тарихи мұрасы бар еліміз үшін туризм мен өлкетанудың орны ерен екендігін атап өткен болатын. Сондай-ақ былтыр Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы да туризм туының биік желбіреуіне бірден-бір тетік дер едік. Та­би­ғаты тамылжыған, тарихы сан ғасырдан тамыр тартатын қазақ жері туризмнің таптырмас орта­лығы болуға әбден лайық. Сонымен биылғы маусымда еліміздің қандай аймақтарына ат басын тіреуге болады? 

Қарқаралы

Қасиетті Қарқаралы – Арқа­дағы ең әдемі табиғат мүйіс­терінің бірі. Қарқаралы қаласы ішкі саясат бөлімінің мәлі­меттеріне сүйенсек, Қарқаралы ұлт­тық табиғи паркінің жалпы ауданы 112,1 мың гектарды құ­райды. Оның ішінде 21,3 мың гектар туристік және рекреациялық іс-шараға арналған. Осы себепті мем­ле­кеттік ұлттық табиғи парк ай­мақтағы туризмді дамытуға өте қолайлы. Бүгінде жалпы қуаты 2,5 мың адамды қабылдауға қа­білетті 26 туристік нысан бар. Әрине, Шайтанкөлдей шы­райлы көлді, Астау көлдей (Бас­сейн көлі) тылсым мекенді, Жиренсақалдай дара шыңды, атақты Шахтерді көруге әркім құмар. Былтыр бұл ауданға 49 628 адам келген. 

Қарқаралы өңіріне ат басын бұрған адам алдымен ұлттық табиғат паркімен таныстыру мақсатында жұмыс істеп тұр­ған табиғат мұражайы мен жабайы жануарлар қоршауына соғып кетуіне болады. Сонымен қатар ұлттық парктің жанында туристерді қабылдауға арнал­ған визит орталығы бар. Жал­пы, туризм индустриясын дамыту мақсатында Қарқаралы бірқатар жобаларды іске асыруда. Алдымен Қарқаралы қала­сынан 15 шақырым жерде орналасқан «Чкалов» қыста­ғын­дағы «Айса» кемпингі жобасын айта кеткеніміз жөн. 25 бөлмелі қонақүйде жобаға сәйкес, жергілікті халық пен туристерді қамтамасыз ету үшін жылыжай мен мал шаруашылығы кешені, басқа да құрылыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ «Жолжақсы» туристік аймағын дамыту аясында 20 орынға арналған 2 қабат­ты коттедж мейман­дарын қа­былдауға әзір. Мұн­да 2 орыннан тұратын 24 бөл­мелі ғимараттың құрылысы аяқ­талған. Тәулігіне 90 адамға дейін қызмет көрсететін мүм­кіндігі бар. Демалыс үйі был­тыр маусым айында пайда­лануға берілді.

Сонымен қатар Қарқаралы ұлттық паркі аумағында «Берлога» туристік кешені де меймандарына құшағын айтқара ашады. «Atlant Building KZ» ЖШС 50 млн теңге қаржы құйып, туристік кешенді дамыту аясында жалпы көлемі 60 орындық екі үйдің құрылысын аяқтады. Ол кешеннің басты ерекшелігі – спорттық демалуды насихаттау. Кешенде диетолог, психолог, массаж мамандары жұмыс істейді. 

Қарқаралыға қатысты атақты «Тас бұлақты» білерсіз. Биыл сол «Тас бұлақ» таулы қонақ үйінің жанынан тағы да бір демалыс орталығының құрылысы басталды. Бұл жоба Қарқаралы қаласының аумағында жүзеге асырылуда. Демалыс үйін дамыту аясында жалпы сыйымдылығы 30 орынды үйлердің құрылысы жүргізіліп, маңайына 200 қарағай отырғызылды. 2019 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланып отырған демалыс орны келешекте Қарқаралының көрікті келбетін тамашалаушыларға таптырмас мекен болғалы тұр. 

Қарқаралы – мұражай қала. Алаш арыстары оқыған, шәкірт тәрбиелеген тарихи ғимараттар, Мәдидің ескерткіші, атақты Құнанбай қажының қасиетті мешіті туристер үшін тың деректерді бойына бүгеді.

Осындай киелі жерді көруге келген туристерді тарту үшін демалыс үйлерінің жұмысы әлі жандана түспек. 

Балқаш

Еліміздің інжу-маржандарының бірі – Балқаш көлі. Табиғаты тартымды, суы саумал көкше теңізді көп туристер көзден таса қыла қоймайды. Жазда жағасында қыздырынып, қыста балығын аулап, бай суды барынша кәдесіне жаратып жатқандар аз емес. Жетісуға қарай бет алған саяхатшы көлдің жағасынан бөлек, Бектау ата сияқты көркем тау табиғатын қамти кетері сөзсіз. Ондағы қасиетті үңгірлер, таңбалы тастар, қола дәуірінен қалған көне қорымдар да шетелдік, тіпті қазақстандықтар үшін де ашылмаған арал. Балқаш көліне келушілердің саны жылына 15 мыңнан асады екен. Соның негізінде жергілікті бюджетке орта есеппен 250 млн теңге пайда түседі. Айта кету керек, көрікті Көкше теңізді көруге Германия, АҚШ, Канада, Польша және Ресей Федерациясынан келушілер саны жылдан жылға артып келеді. 

Туристерді толғандыратын сұрақ – жол мәселесі. Бұл тұрғыда Балқаш көліне бару былтырдан бері мехнат туғызбайды. Ішкі туризмді және Қазақстанның курорттық аймақтарына көлік қатынасын дамыту мақсатында бірқатар ішкі маршруттар ашылды. Атап айтқанда, жазғы маусымда Астана мен Алматыдан Балқашқа, Үшарал мен Үржарға тұрақты әуе рейстері жұмыс істейді. Балқаш көліне «Южное небо» әуе компаниясы ағымдағы жылдың 29 мамырынан бастап Астана – Балқаш бағыты бойынша 9 000 теңгелік тарифпен, ал Алматы – Балқаш бағыты бойынша 14 000 теңгелік тарифпен ұшуға болады. Сонымен қатар, осы әуе компаниясы Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл жағалауына Астана – Үржар бағыты бойынша 19 500 теңгелік тарифпен тасымалдайды.

Балқашта туристер тоқтайтын 37 орын бар. Ал тура көлдің жағасында 300 адамды бірден қабылдайтын «Самал», «Жемчужина» сынды 4 демалыс орны жұмыс істейді. Одан бөлек, қала бойынша мотельдер, пансионаттар, бір қабатты бунгало, коттедждер, шағын үйлер мен пәтерлер де демалушылар үшін бар жағдайды қарастырған. Жалпы, 629 нөмір бір уақытта Балқашқа келген қонақтарды қысылмай қарсы алады.

Көкше теңіздің жағасында 2020 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл туристердің санын 70-80 пайызға көбейтпек. Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бальзак Әлмағанбетовтің айтуынша, Балқаш қаласында туризм саласымен айналысатын 50 кәсіпкер бар. Ал жаз мезгілінде қосымша қызмет көрсету бойынша 1200-1300 жұмыс орыны ашылады.

Қаладағы оқу орындары да туризмнің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Айталық, оқушылардан құралған «Қайнар» клубы үнемі қаланың тарихы мен туристік мүмкіндіктері туралы бағыт-бағдар беретін бейнероликтер әзірлеп, ғаламторда белсенді жариялауды қолға алды. Мұндай жұмыстар туристер үшін таптырмас мәлімет болып есептеледі. Туристердің келуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылдан бастап пойыздарға қосымша вагондар қосылды. 

Болашақта Балқашта бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құруға мүмкіндік бар. 

Баянауыл

Туристік саланы дамытудың 2023 жылғы дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, Баянауыл ауданы еліміздегі туристердің қызығушылығын тудыратын орындардың тізіміне енген. Өйткені Жасыбайдай жауһарды, Сабындыкөлдей шалқарды көрген туристің көңіл көкжиегі кеңейіп сала береді. Өткен жылы ауданның табиғатын тамашалауға 160 мыңға жуық турист келді. Демалушыларға 395,0 млн теңге көлемінде қызмет көрсетілді. Баянауыл ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, 301 адам жазғы маусымдық жұмыс орындарымен қамтылған.

Әрине, Баянауылды бетке алған адам Жасыбай мен Сабындыкөлді сағалап қана қайтпайды. Асты кеніш, үсті пейіш Торайғыр ауылдық округінің аумағында С.Торайғыровтың кесенесі, Торайғыр көлі, Әулиебұлақ, Айманбұлақ және Сарыадыр бұлақтары көсіле ағып жатқанын айта кеткен абзал. Былтыр аталған елді-мекеннің ішкі жолдары орташа жөндеуден өткізілді.

Жасыбай көлі – Қазақстандағы таза әрі мөлдір көлдердің бірі. Себебі суы тас астындағы бұлақтардан келеді. Жасыбай демалыс аймағында табиғи сұлулықтан бөлек, жағажайына күннен қорғайтын шатырлар, көлге 8 түсті, биіктігі 11 метр жарықтандырылған субұрқақ пен ұзындығы 8 метрді құрайтын пирс орнатылған. Жаяу жүргіншілерге арналған қашықтығы 1 шақырым, ені 8 метрді құрайтын жол, қоғамдық тәртіптің алдын алу мақсатында 3 бейнекамера туристердің қауіпсіздігіне кепіл. Сонымен қатар, демалыс аймағында туристік ақпараттық орталық қолданысқа берілді. Орталық арқылы қонақ үйлердегі бос орындар мен көрсетілетін қызметтер, туристік маршруттар және қасиетті жерлер туралы толық мәліметті алуға болады. Ал Сall-Centre арқылы демалушылар шағымдары мен ұсыныстарын түсіре алады.

Жасыбай демалыс аймағында сонымен бірге тәулігіне 400 адамға қызмет көрсететін «Жаңа Баян» мен «Жұлдыз» қонақ үйлерінің құрылысы жүргізілуде. 

Баянауыл ауылдық округі аумағында таулар арасындағы тұщы көлдердің бірі Сабындыкөл орналасқан. 2017 жылы жалпы аумағы 48 га жер учаскесін құрайтын Сабындыкөл жағажайы толығымен қоршалып жарықтандырылды. Ағымдағы жылы Сабындыкөл жағажайына туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге жеке бизнестерін іске асыруға арналған жер учаскелері берілмек.

Баянауылға қатысты жағымды жаңалықтардың бірі – шағын авиацияға арналған әуежайдың қалыпқа келтірілуі дер едік. Аумағы толығымен қоршалып, жалпы қашықтығы 1,2 шақырымды құрайтын ұшу алабы салынған. Ағымдағы жылы терминалдар мен ангарлар құрылысы бой көтермек.

Баянауылға барған мейман Қоңыр әулие үңгіріне де баруды ұмытпағаны жөн. Сонымен қатар, туристер тарапынан Қола дәуіріне тиесілі ескеркіштер, Кемпіртас тауы, өлкедегі ең биік тау Ақбетке де қызығушылық жоғары. Эксурсиялардың бағасы қолжетімді. Биыл бір бағыттың бағасы 200 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі көлемде бекітілген. Сонымен қатар келешекте Мырзашоқы тауының баурайында арқанды жол құрылысы жүзеге аспақшы. 

Түйін

Бұл – Қазақстандағы көрікті де келбетті, тарихи, тағылымды орындардың әлбетте бір-екеуі ғана. Санасақ саусақ саны жетпейтін сан түрлі ғажайып мекендер елімізде жетерлік. Туристер үшін ең маңызды мәселе – жол. Алайда, кейбір шетелдік туристер үшін тарихи орындарға тақтайдай тас жол салудың қажеті жоқ екені де көп айтылады. Себебі бұл күнде адамзат өзінің түбіне, тегіне үңілу үстінде. Айталық, түгел түркі дүниесіне ортақ тұлға Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның кесенесі – Ұлытауда. Оған баратын жолдың тақтайдай емесі белгілі. Бірақ тарлан тарих тұлпарының тұяқ ізі қалған қасиетті орындарға жаяу баруды, атпен кезуді, азапты жолды таңдайтындарда көп. Оны былтырғы Керуленнен Кеңгірге бағыт алған тарихи экспедиция барысында білдік. Мысалы, моңғол халқы Орхон тауы мен Онон өзеніне де тас жол салып, джиппен баруды тарихи сапар санамайды. Ал бұған Сіз не дейсіз?...

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»