Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Кәсіподақ – сенімді күш

1369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақты қоғамдағы ықпалды күшке айналдыруға, жұмысын жетілдіруге қашанда көңіл бөліп келеді. 

Кәсіподақ – сенімді күш

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласы, «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» тарихи құжат­тарында ел дамуының, қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын одан әрі жақ­сартудың қарышты қадамдары мен стратегиялық бағыттары белгіленіп, жұмыла жүзеге асы­рудың бел ортасында салалық кәсіп­одақ ұйымдары да бар.

Биыл кәсіподақтар федерациясы кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы кәсіподақ ұйымдарының түрлі құрылымдарға белсене қатысуының маңыздылығын атап көрсетіп, министрліктер мен әкімдіктерге әлеуметтік әріп­тестік және әлеуметтік-еңбек қаты­настарын реттеу салалары бойынша комиссиялардың жұ­мысын бірлесе жандандыру міндеттерін жүктеген болатын. Бұл орайда жергілікті филиалдар мен билік органдарының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының, аза­маттық бірлестіктердің әлеуетін тиімді пайдалану ортақ іске өз үлесін қосары анық. 50 мыңға жуық адамның ерік-жігері мен күш-қайратын бір арнаға тоғыс­тырып, ортақ мүддеге жұмыл­дырып келе жатқан облыстық кәсіподақ орталығында 953 бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты түрде жұмыс істейді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, байланыс және пошта жүйесі, машина саласы, мемлекеттік ұйым қызметкерлері мен жұмыскерлері өз жұмыстарын заң нормалары, еңбек кодексі, екі тараптық келісімдер аясында жүр­гізе отырып, мемлекеттік, үкі­меттік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асырылуына, еңбек заңнамаларының сақталуына, толыққанды еңбек ортасының қалыптасуына, материалдық-әлеу­меттік жағдайдың жақ­саруы­на ықпал етуді қашанда басты мұрат санайды. 

Соңғы кездері қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас бағыт­тарында қоғамдық бақылау к­ү­шейтіліп, түрлі ұсыныс, бас­тамалар қолдау тауып келеді. Мә­селен, жұмыс топтары мен комис­сиялар мәжілістерінде жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс­сыздықты еңсеру, еңбек қауіп­сіздігін сақтау, жұмыс беру­шілермен еңбек келісімдерін жа­сау сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, қабыл­дан­ған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауға алынды. Кәсіподақ ұйымдарының өнді­рістік кеңестер құру, сол арқы­лы өндіріс учаскелерінде еңбек тәртібі мен қауіпсіздігін реттеу, қамтамасыз ету ұсынысы қол­дау тауып, тұрақты қоғамдық бақы­лауды 975 техникалық инс­пек­тор мен 799 өндірістік кеңес жү­зеге асырады. 

Бұдан тысқары «Еңбек қа­уіп­сіздігі» бағдарламасы қа­был­­данып, практикалық шаралар ретінде көрініс тапты. Кәсіп­орындарда жұмысшы-қызмет­кер­лердің қалыпты еңбек етуіне мүм­кіндік тудырып, өмірі мен ден­саулығын көздің қарашы­ғындай сақтау бұлжымас басты талаптардың бірі саналады. Осы себепті меншік формасына және ұйымдық-құқықтық құрылымға қарамастан кез келген өндірістік нысандарында жағдаймен танысу, рейдтер жасау, кемшіліктер орын алған жағдайда шұғыл түзету, алдағы кезеңде болдырмау, еңбек заңдарын түсіндіру шаралары жеміссіз емес. Еңбек күнінің орташа ұзақтығы, қосымша әлеуметтік пакеттер, сапалы демалыс кепілдігі, жұмыс берушінің есебінен еңбеккердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, жұмыс күшінің ішкі нарығын қорғау секілді аса маңызды өлшемдер ұжымдық шарттарға енгізіліп, өмір сапасы басты назарға алынған.

Өңірде аумақтық-салалық кәсіподақтармен әріптестік байланысты кеңінен өрістету тәжірибесі қалыптасқан. Олардың өкілдері қоғамдық қабылдау, ашық есік күндеріне жүйелі түрде қатысады. Сөйтіп орын алған түрлі еңбек дауларының ойдағыдай шешілуіне, өтініш-тілектердің орындалуына ұйытқы болып жүр. 

Кәсіподақ орталығы жұмы­сының тиімділігін арттырудың жолдары сан алуан. Солардың бірі әлеуметтік әріптестік көкжиегін кеңейту десек, қателеспейміз. Бүгінде кәсіпорындармен 3656 ұжымдық келісімшарт жасалып, былтырғы деңгейге қарағанда санының да, сапасының да артқаны байқалады. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов кәсіподақ белсенділерімен кездесуде кәсіподақ ұйымдары құрылған өндіріс орындарында бұл көр­сеткішті жүз пайызға жеткізу міндетін, әсіресе еңбекақыны кө­бейту мәселесін басты назарда ұстауды тапсырған болатын. Ірі зауыттарда «Татуласу орталығы» құрылған. Мақсат – ең­бек қатынастарына байланыс­ты туындаған дау-дамайларды бей­біт жолмен, түсіністікпен бір­лесіп шешу. Мамлют, Ғ.Мүсі­репов аудандарында өткен кө­ш­пелі мәжілістер оның өміршең дәстүр екенін көрсетіп берді. 

Өңірге келген жұмыс сапарында Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақыт­жан Әбдірайым қордалан­ған әлеуметтік мәселелер­ді байыптылықпен шешудің бірқатар жолын ұсынып, эко­номика саласында жала­қының төмендігін, кей кәсіп­орындардың толық қуатында жұмыс істемейтінін, са­наторий, демалыс базаларының жеткілік­сіздігін атап көрсеткен еді. Қол жеткенге тоқмейілсу – солтүстік­қазақ­стандық кәсіподақ мүшелеріне жат құбылыс. Ел­басы ұсынған қоғамдық жаң­ғыртуларға үн қосып қана қой­май, нақты істер арқылы үлгі көрсету абзал борышымыз болып қала бермек.

Ерік НҰРАҚАЕВ, 

республикалық кәсіподақтар федерациясы облыстық филиалының төрағасы

Солтүстік Қазақстан облысы