Аймақтар • 10 Шілде, 2018

Қызылордада патриоттар форумы өтті

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында Тұңғыш Президент саябағында Патриоттар форумы өтті.

Қызылордада патриоттар форумы өтті

Облыс тұрғындарын Астана күнімен құттықтаған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев: «Қазақ тарихында халқына қорған болсам, алға жетелеп, арманына жеткізсем, тәуелсіз ел қылып, биікке көтерсем деген тұлғалар аз болмаған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы содан қалған. Абылай ханның арпалысы, Әбілқайыр ханның жанталасы қазақты қалай да қазақ қылсам деген арманнан туған. Ал сол бабалардың арманын асқақ, мақсатын мұрат еткен бүгінгі Көшбасшымыз – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Біз енді Елбасымызды сасқанға сая десек те, асқанға тосқан десек те, ұлтқа ұран, ұрпаққа ұстаз десек те, елдің иесі, жердің киесі деп қанша айтсақ та артық болмайды! Өйткені, бүгінгі Қазақстан – болашағы бекем, келешегі кемел ел!», деді.

Бүгінде «Мемлекет маған не берді деме, мен мемлекетке не бердім де» деген ой көбірек айтылады. Яғни, енді алда не болар екен деп кетпеннің сабынан қарауыл қарамай, өз еңбегімен үлес қосуың керек. Ел басына күн туғанда, қасындағы қаруластары пулеметтің жаңбырша жауған оғынан орған бидайдай жапырылып жатқанда Сұлтан Баймағамбетов ажал шашқан дзотты кеудесімен жапты. Жүздеген жауынгердің өмірін сақтап қалды. Ал осындай ерлік бейбіт заманда да болады. Олар қиын жағдайда абдырап қалмайды, ерлік көрсетеді. Мәселен, облыстық ішкі істер департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Бауыржан Нұржанов өртке оранған көп қабатты үйді көргенде алдымен өрт сөндіру қызметіне хабар берген. Содан соң ойланбастан жалын құшқан үйге кіріп, бес және алты жастағы екі балдырғанды алып шыққан.

Он бір жастағы Аружан Бисенба­ева­ның үйінде ересектер болмаған кезде өрт шыққан. Үйінде екі сіңлісі мен інісі болған. Сол кезде бармақтай ғана қыз бала еш абдырамастан бауырларын терезе арқылы өрттен алып шықты.

Ал көлік апатына ұшырап белден қалған Сағатбек Сиюов «тағдыр салды мен көндім» деп үйінде оты­рып қалмапты. Мүгедектер арба­сына таңылған ол – «Жылы жү­ректі жастар» еріктілер тобының же­тек­шісі. Қайырымдылық шарала­рына қатысып жүрген Сағатбек – «фристайл» спортынан еліміз чем­пи­онатының жеңімпазы.

«Ерлік» үйлестіру кеңесінің және «Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов көп жыл бойы жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу бойынша белсенді жұмыс жүр­гізіп келеді. Ауған соғысы арда­герлерімен кездесулер өткізіп, бірнеше әскери-патриоттық жоба жасаған.

София Аужарова – 25 жыл еңбек өтілі бар дәрігер, облыстық жедел жәр­дем стансасының бөлім мең­ге­рушісі. 19 жыл алғашқы меди­ци­налық қызмет көрсету бригада­сында қызмет атқарған София Тұр­сынбайқызы – клиникалық өлім жағ­д­айындағы, ауыр кома үстіндегі, жол жарақаттары, суық қарумен өлім жағдайларында ажалмен арпалысып жатқан науқастарды аман алып қалған батыл дәрігер.

Міне, тізім осылай жалғаса береді. Қырымбек Елеуұлы Патриоттар форумында оларды марапаттап, алдағы өмірлеріне ақ тілеу айтты.

Отанының жарқын болашағы үшін бейбіт күнде ерлік көрсеткен азаматтар Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік болуы үшін үлес қосуы керектігін айтады.

Дүркіреп өткен Астана тойы бүкіл алаш жұртының мерекесіне айналды. Әлемдік кикілжіңдерде қос тараптарды бітістіру үшін ортақ диалог жасап отырған елорданың мәртебесі асқақтай берсін, дейді олар.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы