Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Хаттар. Жылдар. Тағдырлар

878 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Хаттар. Жылдар. Тағдырлар

Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кеше­ні­нің ұйымдастыруымен «Ата­кент» Қазақстан іскерлік ын­ты­мақтастық орталығының «Бақ­шасарай» салтанат үйінде «Мұ­қановтың хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл кітапқа қазақ әдеби­е­ті­нің классигі, академик-жазушы С.Мұқановтың 1924–1973 жыл­дар аралығында өзі жазған және басқалардан алған хаттары тұңғыш рет (300-ден аса хат) топтастырылған. Хаттар шертер сыр алуан. Бұл хаттарда әр жылдардың бояу-бедері де, уақыт табының іздері де, қоғамдық-саяси өмірдің тынысы да, жеке тұлғаның қалыптасу, есею кезеңдерінің суреттері де сақталған. Кітап мазмұнына қарап отырып-ақ оқырманның қызы­ғушылығы еркінен тыс ояна бастайды. Өйткені С.Мұ­қа­новтың хат жазысқан адам­дарының тізімінің өзі көз сүріндіреді: А.Толстой, М.Шо­лохов, М.Жұмабаев, Ш.Құдай­бердіұлы, Д.Нұрпейісова, М.Әуезов, І.Жансүгіров, И.Сталин, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, К.Симонов, А.Фадеев, Н.Тихонов, Л.Соболев, И.Шухов, А.Храпченко, С.Құдаш, К.Яшин, І.Омаров, Н.Бажан, Ү.Балқашев, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, М.Ғабдуллин, Ж.Молдағалиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев Н.Баймұратов, К.Оразалин, Т.Әлімқұлов, Ы.Уәлиханов, Н.Фазылов, Т.Нұртазин, З.Шашкин, В.Фармер, Е.Флейс, А.Бекон, И.Әлібаев, Х.Бекішев, Ғ.Малдыбаев, Ә.Шманов, Ж.Бектұров, Ә.Қоңыратбаев, Ж.Шалұлы, т.б. Кітап парасатты, пайымды оқырмандарға, әдебиет тарихын және жазушы шеберханасын зерттеушілерге арналған.

Зиялы қауым өкілдері, С.Мұқановтың қыздары Баян мен Жанна, «Ақниет» кор­по­ра­тивтік қорының төрағасы Асқар Көкімов, т.б. қатысқан бұл жиында қаламгерлер ой бөлісіп, Мұқановтың бай эпистолярлық мұрасы туралы, оның келер ұрпаққа ғибраты тура­лы айтты. Кітап тұсаукесері рә­сімін Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқарма төрағасының орын­басары Мереке Құлкенов пен Баян Сәбитқызы жасады. Кі­тап «Ақниет» корпоративтік қо­ры қамқоршылық кеңесінің төр­ағасы С.Абдуллаевтың демеу­ші­лігімен жарыққа шықты. Кітап таныстырылымына ар­налған кешті жинақтың құ­рас­­тырушысы әрі жауапты редакторы – С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемо­ри­алдық музей кешенінің же­текшісі, ақын Әділғазы Қайыр­беков жүргізіп отырды.  

Назгүл АЛТАЕВА