![Таулы Алтайдың ең биігін бағындырды](/article_photo/1531193632_article_b.jpeg)
Сондай-ақ экспедицияның құрамында биіктігі сегіз мың метрден асатын барлық шыңдарды бағындырған Қазақстанның атақты альпинисі Василий Певцов және Өскемен қаласының жас алпинистері болды. Белуха шыңын бағындыруда 30 сарапшыдан тұратын команда үш шағын топқа бөлінді: Бірінші топ Тұрақты даму мақсаттарының туын шыңға ілу мен Белуха тауын бағындырумен айналысты, екіншісі – тауда жаңа туристік маршруттарды салумен, ал үшінші топ қазіргі маршруттарды зерттеп, оны жақсарту үшін ұсыныс дайындады. Бірлескен жұмыс Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы және Катонқарағай ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
«Мені Катонқарағай ұлттық паркінің тамаша табиғаты мен оның биоалуантүрлілігі таңғалдырды. Тау шыңына шығудың өзі оңай болған жоқ, бірақ біз өзіміздің бірлігіміздің арқасында шыңға қол жеткізе алдық. Өйткені тау адамның төзімділігін тексереді. Қиындықтарға қарамастан команда болып тіл табысудың арқасында қиындықтарды жеңе білдік, алға қойған мақсатымызға қол жеткіздік», дейді Еуропа Қайта Құру және даму банкі Қазақстандағы өкілдігі директорының орынбасары Асқар Намазбаев.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының шеңберінде біз Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында экотуризмді дамыту мақсатын көздеген едік. Бүгінде паркке жылына шамамен 3500 адам келеді екен. Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан экотуризмді дамыту үшін альпинизмді, атты, жаяу және автокөлік маршруттарын қатар қолдануымыз қажет», деді БҰҰ ДБ биоалуантүрлілік жөніндегі менеджері Талғат Кертешев.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бөлімінің басшысы Ирина Горюнова Алтайдың табиғатын тамашалау барысында біраз дүниеге көз жеткізгенін айтады. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар бұл аймақта жаппай туризмді дамытудың орнына тек табиғатты сүйетін, аялайтын туристерді тарту керек деген ұсыныс білдірген. Өз кезегінде Ирина Горюнова жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық араласып, олардың мәселелерін шешуге көмектесетінін жеткізді.
«Біз экспедиция барысында тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдадық. Осы кездесуден соң күрмеуі шешілмей тұрған біраз мәселелерге көз жеткіздік. Енді осы мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып шешетін боламыз. Сондай-ақ ара шаруашылығы мен жылқы тұқымын өсіру, пантокринмен емдеу және өңірдегі қонақүйлерінің жұмысы туралы ақпаратқа қанық болдық», деді ол.
Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы шілде айынан бастап Қазақстанның бүкіл аймақтары бойынша елорданың 20 жылдығына орай 20 табиғи мекенге арналған экспедициясын бастайтынын жариялады. Сондай-ақ осы шара аясында Шығыс Қазақстан аймағына қайта келетіндерін жеткізді. «Тамыз айының өзінде-ақ «Алтай – өркениеттің бесігі» экспедициясының шеңберінде біз Қазақстанның әйгілі жиһангерлері, блогерлері және БАҚ өкілдерімен бірге Шығыс Қазақстанға қайта оралатын боламыз», деп атап өтті Kazakh Tourism ҰК PR және маркетинг департаментінің директоры Дулат Иман.
«Уақыт бойынша Белуха тауына көтерілетін ең тиімді шақ – бұл шілденің 15-інен бастап тамыздың 15-іне дейінгі кез болатын. Бірақ біз бұл кезеңді Астананың жиырма жылдық мерейтойымен құттықтау үшін әдейі таңдап алдық. Сонымен қатар елорданың жалауын Алтайдың ең биік нүктесіне тіктік», деді Қазақстандағы Азия банкінің басшысы Джованни Капаннелли.
Жоба шеңберінде экспедиция туралы деректі фильм жасалып, жергілікті туристік маршруттар көбейтіліп, осылар жайында материалдар дайындалатын болады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»