Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Жуалының жасыл табиғаты демалысқа қолайлы

1147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде туризм саласын дамыту кезек күттірмейтін мәселенің бірі десек, Жамбыл облысын туризм орталығына айналдыру да бүгінде күн тәртібінде тұр. Ежелгі өркениет ошағы саналған, сауда экономикасы дамыған Әулиеата аймағы бүгінде отандық туризмді дамытуға қолайлы. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, ұлттық тарихымызды танытатын тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың өзі келушілердің қызығушылығын оятып, туристер санын арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар өңір табиғаты да шипажайлар мен демалыс орындарын салуға сұранып тұр.

Жуалының жасыл табиғаты демалысқа қолайлы

Жамбыл облысы елімізге Меркі шипажайы мен Т.Рысқұлов санаторийі арқылы жақсы танымал. Мұнда жыл сайын жүзде­ген адамдар келіп, тиісті ем қа­был­дап, демалып кетеді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын арт­тырып қана қоймай, өңірдің бәсекелестігін жоғарылата тү­се­тіні анық. Енді бұл бастама жуырда Жуалы ауданында жү­зеге аспақшы. Қыс мезгілінде қаталдық танытқанымен, Жуалы жерінің тіпті жаз мезгілінде де жасыл желекке малынып тұ­ра­тын табиғаты кімді де болса таңдандырмай қоймайды. Өңір туризмін қалыптастыру мақ­сатында аудан іргесіндегі Тәт­тібай Дүйсебаев ауылы аума­ғы­нан жер бөлініп, «Қаралма» тау шаң­ғысы базасын ашуға арналған жұ­мыстар басталып та кетті. Ке­шеннің құрылыс жұмыстары ағым­дағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. 

«Тараз» әлеумет­тік-кәсіпкер­­лік корпо­рациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша, «Қаралма» сауықтыру ор­нына келуші туристер мен демалушыларға барлық жағ­дай жасалады. Мұнда 50 адам­ға арналған қонақүй мен келуші­лерге жоғары сапалы қызмет көрсе­тетін мейрамхана салы­нып, өзге де сауда-саттық нүкте­леріне орын бөлінетін болады. Мей­лінше заманауи үлгіде салынатын сауықтыру орталығы Тараз қаласынан небәрі жүз шақырым жерде орналасады.

Сонымен қатар Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзах­метов­тің тапсырмасы негізінде «Қаралма» демалыс орнынан кемінде 10 коттедж салу көз­делген. Сондай-ақ әкімнің айтуынша сол жерді жылдың төрт маусымында да пайдалануға бо­ла­ды. Мұнда жаз мезгілінде бақ­тақ (форель) балығын өсіруге, ал қыс мезгілінде спорттық шаралар өткізуге де мүмкіндіктер бар екен. Ал өңір кәсіпкерлері үшін бұл өте үлкен мүмкіндік болмақ. Аталған сауықтыру орнында демалушылар үшін қонақүйлер, мейрамханалар, коттедждермен қатар алдағы уақыттарда еуропалық талапқа сай тау шаң­­ғысының кешені салынады. Болашақта жасыл желекті Жуалы аймағын Алматыдағы «Шымбұлақ» кешені секілді аумаққа айналдыру жос­парда бар.

Бүгінгі таңда болашақ шипажай аумағына өңірдегі кәсіпкер азаматтардың белсенділігі қажет. Бұл бастама кәсіпкерлердің өздерінің әлеуметтік жағдайын да жоғарылатумен қатар, өңірдің экономикасын арттыруға да үлес қосатыны анық. Ал аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов атал­ған сауықтыру орталығынан жуалылық екі кәсіпкердің коттедж салуға ниет танытып отыр­­­ға­нын айтты. Жалпы, өңір­ кәсіп­керлері де бүгінде бұл бастамаға қызу қолдау біл­д­і­руде. Бұл орайда Тараз инно­ва­циялық-гуманитарлық уни­верситетінің ректоры Ерболат Сау­рықов бір коттедж салуға да­йын екенін айтып отыр. Сонымен қатар бұл бастаманы тараздық кәсіпкер Жұмагүл Ома­рова мен шулық кәсіпкер Әлім­жан Ахметов те қолдайды. Тараз қаласындағы «Рысбаева және К» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева аталған сауықтыру орнында ұлттық нақыштағы естелік кәдесыйлар сатуға ынталы екенін жеткізді. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы