Қазақстан • 10 Шілде, 2018

Қайта оралған қымызмұрындық

651 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы «Заречный» ауылында өткен «Қымызмұрындық» фестивалі жалпы облыс өңірінде алғаш рет ұйымдастырылды. Алдын ала хабарланған соң, «қымызды да, қызықты да көрмек керек» деп ағылған жұртта есеп жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден еліміздің әр шалғайында өтіп жатқанын естігені болмаса, Қостанай-Торғай өңірінде төрт түлікті түлеткен халқымыздың осы дәстүрі үзіліп қалған-ды.

Қайта оралған қымызмұрындық

– Бала кезімізде ауылда жыл сайын көктемде ақтың алды деп қымызмұрындық жасайтын. Бие сауып отырып, қымызмұрындыққа шақырмаса ерсі көрінер еді. Қыстан қал­ған сүрді асып, қымызын жинап, ауылдастарын, көрші-көлем, ағайын-туысты жинайтын. Сүрленген қазы-қартаны кертіп жеп, шипалы сусынды сіміріп ішкен аталарымыз қай үйдің қымызы қандай екенін қауқылдасып айтып отырар еді. Бүгінде жұрты ғана қалған ауыл­дармен бірге қайран қымыз­мұрындық та келмеске кетті ме деп жүретін едім. Міне, ара­мызға халқымыздың тамаша дәстүрі қайта келді, – дейді «Қы­мыз­мұрындық» фестиваліне ат­салысқан жылқышы жігіт Құр­манғазы Әбдібеков. Осы фес­тивальді ұйымдастыруға бас­тама көтерген Қостанай ауд­а­нының әкімі Қайрат Ах­метов қымызмұрындық үшін «Арғымақ» ипподромына жи­налған жұртшылыққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шараның маңызы туралы айтты. 

– Бәріміз де ауылда қымыз ішіп өстік. Дертке – дауа, жанға  шипа бұл сусын халқымызбен бірге жасап келеді. Рухани жаң­ғыру дегеніміз де осы атала­рымыздың ұрпаққа мұра еткен дәстүрін, салтын, кәсібін ұмыт­пау, қайта оны заманға сай дамытып, алға апару ғой. Қы­мыз – қазақтың ұлттық мақ­таны­шының бірі,– деді Қайрат Жұмашұлы. 

Фестивальді ұйымдастыру­шылар тек Қостанай ауданына ғана емес, облыстың өзге шал­ғайларына да сауын айтқан болатын. Әр ауданнан қымыз өндіріп, оны кәсібіне айналдырып отырған он жеті кәсіпкер өнімін әкелді. Олар жағалай тұрып, жиналғандарға қымыз ұсынды. Осы фестиваль аясында ұйымдастырылған «Халық таңдауы» байқауының шарты бойынша, әркім қаз-қатар тұрған қыз-келіншектер, үлкен әжелер ұсынған қымыздың бар­лығынан ішіп көріп, өзіне ұна­ғанының нөмірін арнайы орна­тылған жәшікке салып отыр­ды. Фестиваль соңына қа­рай жәшіктегі дауыстың саны 350-ге жетті. Қазылар алқасы оларды санай келгенде, қымыз ішкендердің басым көпшілігі дауысын Жанкелдин ауданынан келген Мәлік Бекетке беріпті. Ол бірінші орынды және 300 мың теңгенің сертификатын алды. Расында, Торғай өңірінде дайындаған қымыздың ел аузын­да да мақтауын келістіреді. Белгілі диқан Ыбыраш Естаев та қымыздың дәмін де, қадірін білетін де кісі. 

– Қымызмұрындыққа әкел­ген қымыздың барлығы да сапалы, жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Тіпті дауысымды қайсысына берерімді білмей қиналдым. Жылқышылардың да, қымызды баптаған апа-қарындастарымыздың да еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ бір нәрсені айтпауыма болмайды. Қалай десек те,Торғайдың қымызына жетері кем. Жанкелдин, Аман­келді аудандарындағы қымыз­дың дәмі тіпті бөлек, – деді ол.

Екінші орынды Меңдіғара ауданынан келген Ерлан Айса­ғалиев алып, оған 200 мың теңге сыйақы берілді. Үшінші орын үшін Қостанай ауданынан келген Құрманғазы Әбдібеков 100 мың теңге алды. Жылқыны жақ­сы көрмеген кісі оны көбей­те де, қымыз да өндіре ал­май­ды. Бейнетіне көнгендер ға­на жылқы бағып, бие байлайды, таңнан тұрып қымыз пісе­ді. Соны бүгінгі жастарға көр­сету үшін Құрманғазы «Қымызмұрындық» фестиваліне тек қымыз ғана емес, сауып отырған биелерінің бесеуін ала келіпті. Қымыз ішу ғана емес, бие сауу да қымызмұрындықтың қызығына айналды. Көптеген қыз-келіншектер алдына алжап­қыш тағып, басына орамал байлап, бие сауып көрді. 

«Қымызмұрындық» фестива­лінде қолөнер шеберлерінің көрмесі, құлынды бие және сәй­гүліктердің шеруі, ұлттық ат спорты және тоғызқұмалақ, асық ату, түйе палуан сайыстарынан көріністер ұсынылды. Жеңімпаздар аудан әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды. Аламан бәйге, құнан бәйге фестиваль қызығын еселей түсті. Аламан бәйгеде жітіқаралық Сайран Әуез­хановтың аты бірінші келді. Қостанай ауданынан Қа­лиол­ла Жаздыбековтың аты екінші, Рамиль Салаховтың аты үшінші келді. Ал құнан бәй­геде қарабалықтық Мақ­сұт Шәгібаевтың қосқан аты мәреге бірінші жетті, Федо­ров ауданынан келген Мұха­мед­­жан Аққуовтың аты екін­ші, жітіқаралық Сайран Әуез­хановтың аты үшінші келді. Олар­дың барлығына да ақшалай жүлде тапсырылды. 

Қостанай өңірінде алғаш өткен «Қымызмұрындық» фес­тивалі ұзақ қыстан кейін ауызға алғаш тиген қымыздың қуа­нышы болған көне дәстүрдің тамырына қан жүгірткендей етті. Қазақ даласындағы ынты­мақ пен бірліктің тойындай «Қы­мызмұрындық» фестивалі енді жыл сайын өтетін болады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы