Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Асқар Мамин «Роскосмос» корпорациясының бас директорымен кездесті

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Асқар Мамин Қызылорда облысына жұмыс сапары шеңберінде «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Асқар Мамин «Роскосмос» корпорациясының бас директорымен кездесті

Кездесуге сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасы Қорғаныс және агроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру, бірлескен ин­вес­тициялық жобаларды жүзеге асыру және Байқоңыр қаласын әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады.

Тараптар жаңа буындағы ұшатын көлік корабльдерін ғарыш көгіне аттандыратын «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруды жеделдетуге уағдаласты. Осы мақсатта Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қорғаныс және аэ­ро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігінің аэроғарыш комитеті, «Роскосмос» пен «С7 Ғарыштық кө­лік жүйесі» компаниясы өкіл­дерінің қатысуымен мемлекет-жекешелік әріптестігі аясындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін жұмыс тобы құрылады. 

А.Мамин кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау, Байқоңыр қаласына инвестиция­лар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру ынтымақтастықтың басым бағыттары болып табылатынын атап өтті.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Байқоңыр қаласында инженерлік инфра­құ­ры­лымдар нысандарын жаңғыр­ту және қайта құру бойын­ша атқарылып жатқан жұмыс­тар туралы ақпарат берді. Инвес­тициялар тартып, бизнес үшін оңтайлы жағдайлар жа­сау мақсатында «Байқоңыр» ке­шені аумағында арнайы эконо­микалық аймақ құру мүм­кіндігін қарастыру ұсынылды. Облыс әкімі ғарыш туризмін да­мыту мақсатында облыста «Бай­қоңыр» ойын-сауық-туристік аймақ құру тұжырымдамасы жасалғанын айтып өтті.

Бірқатар көкейкесті мәсе­лелер бойынша алда өтетін «Бай­қоңыр» кешені бойынша 6-шы Қазақстан-Ресей үкімет­аралық комиссиясының мәжі­лісінде қарастыру үшін ұсыныстар дайындалды.