Қазақстан • 11 Шілде, 2018

IT-мамандар арасында іріктеу жүргізіледі

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» АҚ мен ондағы компаниялар ізденімпаз жас IT-мамандарын жұмысқа шақырады. Бұл туралы бағдарламаның ашылу салтанатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа тұжырымдамалық бағдарлама «Цифрлы Қазақстанды» дамыту аясында жүзеге асырылған.

IT-мамандар арасында іріктеу жүргізіледі

– Елбасы айтып өткендей, бүгінгі таңда ел бәсекеге қабілетті болу үшін пайдалы қазбалар жеткіліксіз, ол үшін мемлекет, әсі­ресе цифрлы технологиялар сала­сында алдыңғы қатарда болуы керек. Біз «Самұрық-Қазы­на» АҚ компаниялар тобы ретін­де цифр­лы технологияларды да­мытуға мүдделіміз, деді Ә.Пір­метов.

Бағдарламаның негізгі мақса­ты – ақпараттық технологияларға қызығушылық білдірген және де Қор компанияларында ақпа­рат­тық технологиялардың дамуына үлес қосуға ниетті мамандарды анықтау.

Үш апта ішінде аталған бағ­дар­лама үлкен сұранысқа ие болып, өтінім бергендердің саны 2100-ге жеткен және олар­дың 500-і негізгі IT білімін тексе­ре­тін сынақтан сүрінбей өтсе, соның ішінде 72 жас маман тағылым­да­маға шақырылатын болып отыр.

Айта кетерлігі, тағы­лым­дама 1 шілдеден басталып, 31 та­мызға дейін Астана, Алматы, Өс­кемен, Павлодар және Аты­рау қалаларында жалға­сады. Оған қатысу үшін кәсі­би тәжіри­бенің болуы міндет­ті емес. Тек ақ­па­рат­тық жүйелер мен инфра­құ­­ры­­­л­­ымды әкімшілен­діру, жоба­­лық басқару, бағдарла­малау, қо­сым­шалар архитектура­сы, ақ­па­рат­тық қауіпсіздік қағи­далары сала­сында негізгі білімі болса жет­кілікті. 

Оқыту бағдарламасын Қор әлемдік ІТ көшбасшыларымен бірлесе әзірледі. Тағылымдамадан өтетін жастарға ІТ саласындағы ықпалды әрі ірі  SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei сын­ды компаниялардың өнім­дері­мен бірге жұмыс істеп, тәжі­ри­бе жинақтауға мүмкіндік мол.

Бағдарлама соңында алғыр­лығымен көзге түскен тәлім­гер­лер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қа­зақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энер­го» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «КО­РЭМ» АҚ,  «Qazaq Air» АҚ, «Энергоинформ» АҚ, «Самұрық-Қазы­на Контракт» ЖШС және «Бір­лескен химиялық компания» ЖШС сынды беделді компа­нияларға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»