Қазақстан • 11 Шілде, 2018

300 миллион жыл бұрынғы жануардың сүйегі табылды

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

15 маусым күні «Индер-Орал өңірінің келешек геопаркі» атты экспедиция өз мәресіне жетті. Оны Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті ресейлік әріптестерімен бірге ұйымдастырған. Он күн ішінде олар Тасқала ауданынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітау, Аралсор көлі, Индер таулары мен Индер көлінің маңындағы аумақты аралап шықты.

300 миллион жыл бұрынғы жануардың сүйегі табылды

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Биотехнология және табиғат пайдалану ғы­лы­ми-зерттеу институ­ты­­ның директоры, география ғы­­лымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлт­тық география қоғамы» РҚБ мүшесі, экспедиция ұйым­дастырушысы Қажы­мұрат Ахмеденовтің айтуын­ша, 6-7 маусымда экспедиция Тас­қала ауданында өңір­лік өлке­танушылармен кездес­кен. Топ мүшелері аудандық «Жас натуралистер» слетінің ашылу салтанатына қатысып, Үл­кен Ешкітауға барған. Ға­лым­дар таудың ландшафтары мен Атамекен ауылының ма­ңындағы XVIII-XIX ғасыр­дың құлпытастарын кешенді түрде зерттеді. 

8 маусымда экспедиция­ Индерде жалғасын тауып,­ Ақ­жайық аудандық балалар-жас­өспірімдер туризм орта­лығынан келген жас экологтармен, геологтармен кездесті. Палеонтолог В.М.Ефимов олар­ға геология бойынша да­ла семинарын өткізді. Осы күні герпетологтар Индерде оқ­жыланды кездестіріп, оның табиғи ортасын зерттеді. 9 маусымда ғалымдар Индер маңын­дағы 3 қорым – Шелекмола, Ақшадыра, Қара­бала-Қантемір көне зираттарына зерттеу жұ­мы­­сын жүргізді. 

– Аталмыш қорымдардың жағдайы нашар. Көп құлпытас бүлінген, ол аймақта мал еркін жайылып жүр. Қорымды қор­шау қажет, себебі бұл ескерт­кіштер ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші саналады және мемлекет қорғауына алын­уы тиіс, – дейді Қ.Ахмеденов. 

9 маусымда ғалымдар Қ.Ахме­денов пен Ю.Таиров Ин­­­дерде палеонтологиялық кен орындарын: 300 млн жыл бұ­рын Жер бетін мекендеген триас дәуірінің қосмекенділері – шытырмантістілердің сүйек­терін тапты. Табылған зат­тар­дың суреттемесін палеон­толог В.Ефимов жасады. Құнды олжа атақты палеонтолог В.Очевтің 1968-1975 жылдары жасаған қазба жұмыстары орындарынан табылды. 

10 маусымда экспедиция өз жұмысын Индерде жалғастырып, 1720-1805 жылдар аралығында өмір сүрген Ма­лайсары бидің, 1838-1839 жыл­дары шаруалар көте­рілісінің дем берушісі Махам­бет Өтемісұлының кесе­не­леріне, б.з.д. ІІ ғ.-б.з. ІІ ғ. ес­керт­­­­кіші – Кетебай қорғандар то­бына барды. Бұл нысандар осы өңірдің қайталанбас тарихи ескерткіші. Сондықтан туризм нысаны және тарихи мұра ретінде геопарк құрамына ене алады. Индердегі зерттеу жұмыстарының соңында экспедиция тобы Атырау өлкетану музейінің филиалын аралады. 

11 маусымда экспедиция­ Бө­кей Ордасына жолға шығып, 12 маусымда ғалымдар Арал­сор көлінде болды. Ғалым­дардың айтуынша, олар осы жерден бауырымен жорғалау­шылардың 4 түрінің – түрлі-түсті кесірткенің, секіргіш ке­сірт­кенің, тақыр батбатының, дала сұр жыланының мекенін тапты. 13 маусымда экспедиция Хан Ордасына бағыт алып, ғалымдар Бөкейорда музейі мен орман шаруашылығын аралады. Жұртшылықпен кездесіп, оларға экспедицияның мақсат-­міндетін баяндап, зерттеулер­дің алдын ала нәтижелерімен бөлісті. 

14 маусымда экспедиция осы өңірде аз зерттелген ба­уыры­мен жорғалаушылар – түр­лі-түсті кесіртке, секіргіш кесірт­ке, дала сұр жыланы мен сарыбауыр жылан ізде­рін анықтады. Профессор Қ.Ах­меденовтің айтуынша, әсіресе Қазақстанның Қызыл кітабына енген сарыбауыр жыланның бұл жерден та­былуы – ғылыми қызығушылық туғызатын оқиға. 

– Хан Ордасында оны бірін­ші рет кездестіріп тұрмыз. Са­ры­бауыр жылан улы емес, ұзын­дығы 2-3 метрге дейін жетеді. Зерттеушілер бұрын бұл жыланды Кіші Боғда тауы­нан кездестірген болатын. Ол жер Хан Ордасынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықта жатыр. Осы кезге дейін бауы­рымен жорғалаушының бұл түрі кездескен ең солтүстік нүкте – осы Хан Ордасы болып тіркеледі, – дейді профессор. 

Ғалымдар осы сапарда Тас­қала ауданындағы Үлкен Ешкі­таудан күшігеннің меке­ні алғаш табылғанын да жаңа­лыққа балап отыр. Өйткені бұл оқиға далалық аймақ үшін таң­ғаларлық жағдай. Индер ауданында 300 млн жыл бұрын өмір сүрген шытырмантісті ежелгі қосмекенділердің сүйектері табылуы да ғылым үшін үлкен олжа болған. 

Он күнге созылған бұл экс­­пе­дицияның нәтижесі ғы­лы­ми монография түрінде жа­­рық көруі мүмкін. Сондай-ақ ұйымдастырушылар сапар барысында түсірілген бейнежазбалар мен фотолар негізінде деректі фильм дайын­дап, фотоальбом шығаруды да жоспарлап отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы